«Үш ай қатарынан 100 аударымнан болу керек». Мобильді аударымдар қандай жағдайда тексеріледі?
Онда да алдымен 100 аударым алған азаматтың дәлелі тыңдалады
Мобильді аударымдар бойынша әр айда әртүрлі азаматтан 100 аударым түсіп отырса және ол айлар қатарынан болса ғана ол ақпарат мемлекеттік кірістер органдарына түседі. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Мысалы, қаңтар, ақпан, наурыз – үш ай бойы қатарынан 100 түрлі адамнан 100 аударым түссе, сол кезде ғана салық органдарына ақпарат келеді. Бірақ қаңтарда 100 адамнан ақша түсіп, қалған 2 айда одан аз түссе, ол азаматтарға түскен ақша аударымдары бізге келмейді. Міндетті түрде 3 ай қатарынан болуға тиіс, – деді ол.
Оның айтуынша, биыл 1 қаңтардан бастап жеке кәсіпкерлер жалпыға бірдей декларацияға кірсе, сол жеке кәсіпкерлер бойынша 2024 жылдың ақпаратын салық органдары 2025 жылы алады. Ондай ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына екінші деңгейлі банктер беруге тиіс.
«Ал ақпарат келіп түскен жағдайда ол азаматқа неге тәуекел деңгейі тізіміне кіргізілгенін түсіндіреміз әрі бірден айыппұл салмаймыз. Бұл жерде қайырымдылық мақсатта ақша аударылды ма, бәлкім қоғамдық шаралар болды ма, алдымен соны түсіндіріп беруін сұраймыз. Кез келген жағдайда әуелі оның нұсқасын тексеріп алып барып қана қорытынды шығарылады», – деді Ержан Біржанов.