Сенат оқушыларға сабақ үстінде телефон пайдалануға тыйым салатын заңды мақұлдады

0
179

фото:ашықдереккөз

Заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді.

Сенаттың бүгінгі жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мақұлданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. Құжатты қабылдаудағы негізгі мақсат – білім беру саласындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру.

«Заң жетім балалар үшін тәлімгерлік институтын енгізуді, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейтуді көздейді. Біріншіден, жергілікті әкімдіктер білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша тиісті аумақтың білім беруді дамыту жоспарының жобасын әзірлеу және оны мәслихаттың бекітуіне ұсынуы ескерілген. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктер тиісті аумақта білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауын міндеттейтін және апаттық жағдайға жол бермеуі мен сейсмикалық орнықтылығын арттыру мақсатында олардың жай-күйін бақылауды бес жыл сайын жүзеге асыру туралы нормалары ұсынылған»,  деді сенатор Алтынбек Нухұлы.

Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі үшін терезелерді қауіпсіздік құлыптарымен қамтамасыз ету міндеті туралы норма ұсынылған. Сонымен қатар жаңа ықшамаудандарында көппәтерлі тұрғын үй салу кезінде, құрылыс жобалау құжаттарында әлеуметтік маңызы бар – білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің міндетті түрде болуын ескеру туралы нормалар енгізілген. Яғни, денсаулық сақтау және білім беру объектілерін орналастыру есепке алынбаса, онда бұл аумақта көппәтерлі тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады. Жаңа талап үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, сапалы білім беруге және тұрғындарға медициналық көмекті оңай әрі жылдам алуға мүмкіндік береді.

«Мұнымен қоса, арнайы білім беру ұйымдарындағы жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өз бетінше өмір сүруге дайындалуына жеке қолдау мен көмектесуге бағытталған тәлімгерлік қызметін енгізу қаралып отыр. Аталған норманы қабылдау – балаларды толыққанды әлеуметтендіруге, психологиялық қолдауға және әлеуметтік қорғауға ықпал етеді», – деді депутат.

Оның айтуынша, оқу процесінде ұялы телефондарды пайдалануға шектеу қоюды енгізу, тестілеусіз бірінші сыныпқа қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезектілікті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар ұсынылған.

«Қорыта айтқанда, Заң – білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамадағы құқықтық олқылықтарды жою мақсатын көздейді және еліміздегі білім берудің сапасын арттыру мен реттеудің ұлттық жүйесінің тиімділігін одан әрі күшейтуге бағытталған», – деді сенатор.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ