Қазақ тілін қолдауға тағы 150 млн теңге береміз – Айдын Рахымбаев
BI Group холдингінің акционері, директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев қазақ тілін қолдауға BI акционерлерінің атынан 150 млн теңге сомасында қаражат берілетінін айтты.
BI акционерлері атынан қазақ тілін қолдауға 100 млн теңге, қосымша стартаптарға тағы 50 млн теңге бөлуге шешім қабылдадық . Тіл үйренуге арналған Qazaq Lingo қосымшасы, балаларға арналған кітаптарға, оған қоса құжаттаманы қазақшаға аударуға бағытталған өте маңызды жобаны бастаймыз. Бірінші Биайда тестілеп, басқа да компаниялардың қолдануына береміз. Жақында Рауан Кенжеханұлымен осы бастамаларды талқыладық.
Оған қоса, алдағы уақытта Қазақ тілі қорымен бірге қазақ тіліндегі сапалы контентті дамыту үшін бірнеше сайыстар ұйымдастырмақпыз. Креатив пен инновация күтеміз, – деді ол.
Оның айтуынша, тіл мәселесі – қазір тек мемлекеттің емес, қоғамның, яғни бәріміздің де жауапкершілігіміз.
Егер әр компанияда, әр отбасында, әрбіріміз қазақ тілін қолдап, мәртебесін көтеретін болсақ, ешқандай Тина Канделакилер намысымызға тие алмас, – деді кәсіпкер.
Бұдан бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы болып «Қазақ тілі» қоғамына жеке жарна аударған еді.
«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының айтуынша, ол былтыр 12 қазанда президенттің қабылдауында болғанда мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсынған. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдап, QAZAQ TILI Endowment қорына бірінші болып 7 миллион теңге көлемінде жеке жарна аударды.