Халықаралық қаржы ұйымдары әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға мүдделі – Нұрлан Байбазаров
— Жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров әйелдер кәсіпкерлігін қаржылық қолдау бағдарламаларын әзірлеуге уәде берді-деп хабарлайды zamandas.kz KAZINFORMге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бұл бағытта халықаралық қаржы ұйымдары қолдау жасауға мүдделі.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерді жұмыспен қамтып отырған әлеуметтік кәсіпкерлер салық жеңілдіктерін сұрап отыр. Олар маңызды әлеуметтік мәселелерді шешіп жатыр. Бұл ретте Kazinform тілшісі Ұлттық экономика министрлігінің әлеуметтік кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін енгізу мүмкіндігі жайында сұрады.
«Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты жуырда шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңартылған бағдарламасы бекітілді. Оператор – «Даму» қоры. Онда алғаш рет «Әйелдер кәсіпкерлігі» бағыты бөлек енгізілді. Жаңа бағдарлама аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін жеңілдікті қаражат, сондай-ақ субсидиялар бөлінеді. «Даму» қоры өтініштерді қабылдайтынын ресми түрде жариялады. Сондықтан «Даму» қорына хабарласып, әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың жолдары туралы нақты түсініктеме алуға болады», – деді Н. Байбазаров.
Сонымен қатар министрге «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» Заңда белгіленген барлық 9 жеңілдіктің қашан іске қосылатыны туралы сұрақ қойылды.
«Мен бұл сұрақты нақтылаймын. Қазір қаржылық қолдау шаралары қарастырылғанын айта аламын және біз бұл саланы дамытамыз. Онда «Даму» арқылы ғана емес, халықаралық қаржы ұйымдары жағынан әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға қатысты ұсыныс бар. Жаңа қаржылық қолдау бағдарламалары болады», – деп қосты Нұрлан Байбазаров.