Түркілердің өмірі мен қауіпсіздігінде құрылтай үлкен рөл атқарған – Нағашыбек Алдан

0
121
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

 –  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы Атырауда өтетіні хабарланды. Құрылтай бұған дейін Ұлытауда және Түркістанда өткен, елдің көкейіндегі өзекті мәселелер  ортаға салынған. Жасалған бірқатар қорытынды тұжырым келе-келе іс жүзіне асып та жатыр. Kazinform агенттігінің бас редакторы Нағашыбек Алданның айтуынша, Ұлттық құрылтай – халықты ортақ мақсатқа ұйыстыратын құрылым әрі түркілердің өмірі мен қауіпсіздігінде үлкен рөл атқарған. 

Жалпы, Ұлттық құрылтай – халықты ортақ мақсатқа ұйыстыратын құрылым. Президент мұны қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалатын, ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланатын қадам деген. Құрылтайлар санамыздың, құндылықтарымыздың жаңаруына қызмет етуі тиіс.

«Қазір Құрылтай ұлттық идеологияның күн тәртібін қалыптастыратындай маңызды алаңға айналды. Мысалы, бұрынғы Құрылтайлардан кейін ғылымға, руханиятқа, мәдениетке, кино өндірісіне, бұқаралық ақпарат құралдарының алдағы бағыттарына айрықша өзгерістер енгізуі турасындағы ұсыныстар осы күні іске асып жатыр. Мысалы, Президент жанынан жаңадан Ұлттық ғылым академиясы құрылды, Ғылым және технологиялық саясатты дамыту кеңесі пайда болды. Бұдан басқа да игі бастамалар қолға алынып жатыр. Ұлттық құрылтай – қазақтың ежелден бар дәстүрлі жиыны. Оның осы күні жаңғыртылуының елімізге пайдасы шашетектен екені түсінікті. Президенттің Қаулысымен Ұлттық құрылтай 2022 жылдың 14 маусымында құрылды. Ол – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Ұлттық құрылтай қызметінің негізгі мақсаты қоғамдық бірігуді одан әрі дамыту жөніндегі идеялар мен қадамдарды тұжырымдау. Ұлттық құрылтайдың төрағасы – Президенттің өзі. Оның екі орынбасары және бір хатшысы бар. Ал құрылтайдың құрамы мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен, бизнесмендерден, сарапшылардан, әр өңірдегі және Астанадағы қоғамдық кеңестердің өкілдерінен жасақталады. Құрамы өзгеріп тұруы мүмкін», – дейді Kazinform агенттігінің бас редакторы.

Нағашыбек Алдан ертеде құрылтай хандар мен батырлардың, билер мен абыз ақсақалдардың ресми кеңесі болғанына тоқталды. Бұл жиын құралу, жиналу, түгелдену деген мағынамен байланысты. Түркілердің өмірі мен қауіпсіздігінде Құрылтай үлкен рөл атқарған. Құрылтайдың тарихы арғы дәуірлерге кеткенімен, Шыңғыс хан заманынан бергі кезеңде нақты көрініс тапты. Жиындар дәрежесіне қарай кіші Құрылтай және ұлы Құрылтай болып бөлінген. Құрылтайға хандықтың билік өкілдері қатысқан. Хан сайлау рәсімі де Құрылтайда өткізілген. Әскери істер, қызметке тағайындау, келісімшарттар жасау, ішкі-сыртқы өзекті мәселелер құрылтайда күн тәртібіне қойылып, шешіліп отырған. Таққа хан ұсыну, ханға кеңес беру, лауазымдарды кездейсоқ әлдекімнің иеленіп кетуінен сақтандыру, хан билігінің заңдық негіздемесін бекіту сынды мәселелер қаралған. Осының бәрі құрылтайдың маңызын арттырған. Түркі мемлекеттеріңнің ішінде әсіресе қазақ еліне Құрылтай жиындары көбірек тән болды.

«Көптеген құрылтай жиындарының ішінде екеуін халық айрықша есте сақтады. 1710 жылы жоңғарға қарсы күреске шығу үшін үш жүздің Қарақұм Құрылтайы шақырылған еді. Ол Арал теңiзiнiң солтүстiгiндегi Қарақұм алқабында өттi. Содан кейінгі 1726 жылғы Ордабасы Құрылтайы да ерекше маңызға ие. Ол кезде қазақтың үш жүзінің өкілдері осы күнгі Түркістан облысындағы Ордабасы тауында тарихи бас қосты. Бұл XVIII ғасырдың басында қазақ жеріне баса-көктей кіріп, бейбіт елді қырып-жойып, қасіретті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатына душар еткен жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыруға арналған халық құрылтай еді. Ал кейінгі кезеңде Орынбордағы Құрылтайда Алаш партиясы құрылған еді. Сол Орынборда өткен тағы бір Құрылтайда Алаш автономиясы жарияланған екен. Тарихы терең Құрылтай дәстүрі қазіргі кезде де жалғасын тауып жатыр. Қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайының алғашқы отырысы 1992 жылы Алматыда өтті. Құрылтайға алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде Түркия, Германия, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Австрия және басқа 33 елдерден 800-ден астам өкіл қатысты. Содан бері елімізде шетелдегі қандастардың басын қосқан осындай бірнеше жиын өтті. Осы күнге дейін әлем қазақтары Германия, Түркия, Моңғолия елдерінде жиналды. Стамбұлдағы Кіші құрылтай жұмысына Түркия және Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Ал енді түркі халықтарына ортақ Құрылтай да ұйымдастырылып тұрады. Мажарстанда түркі халықтарының үлкен құрылтайы өтті», – дейді ол.

Президент Ұлттық құрылтай жұмысының негізгі сегіз бағытын атаған. Олар – мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақтың тәрбиесі, ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мен креативті индустрияны дамыту, мемлекеттік саясаттағы талдау мен сараптама жасау қызметі, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік аппараттың жұмысы. Осы әр бағыттың ізімен өзекті мәселелер шешімін тауып жатады, талай нәрсе реттеледі. Мысалы, әлеуметтік зерттеулер жүргізетін мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады, бірін-бірі қайталайды. Президенттің айтуынша, Қазақстанға сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет.

«Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуы тиіс. Кезінде Президент жер, шекаралық аймақтар жайлы да ойын ашық айтқан. Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта берсек, Ұлттық құрылтайда талай оңды шешімдер қабылданды. Мысалы, Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары қалпына келтіріледі. Президент министрлер мен әкімдерден екі қасиетті талап етеді. Олар – кәсібилік және отаншылдық. «Олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды», – деген Мемлекет басшысы. Қысқасы, Ұлттық құрылтайдың жағдайы осындай. Бүгін Атыраудағы Сарайшық жерінде басталған Ұлттық құрылтайдан ұлтымыз үшін ұтымды шешімдер күтеміз», – деп сөзін қорытындылады Нағашыбек Алдан.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз