Ұялы байланыс операторларына заңнама талаптарын күшейту керек – депутат

0
163
Фото: parlam.kz

– Ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алу керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев айтты.

«Мобильді байланыс күнделікті тіршілігімізге дендеп енді. Алайда ұялы байланыс қызметі тарифінің күннен-күнге қымбаттауы халықтың қалтасын қағып, тынысын тарылтып барады. Тарифтер жыл санап емес, ай санап өсіп келеді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 2023 жылы 57 пайызға дейін өскен. Ал 2021-2022 жылдары тарифтердің өсуі орташа алғанда 13-тен 37 пайызға дейін болған. Атап айтсақ, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін (өсуі 39%), Ксеll мен Теле2 тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Атап айтқанда, «Реальный безлимит» (Кселл) 3390 теңгеден 4390 теңгеге (өсуі 29 %), «Просто супер» (теле2) 2590 теңгеден 3290 теңгеге (өсуі 27 %) өсті. Ең қызығы, жуырда Актив, Kсеll операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосып отыр. Сонда бар-жоғы 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін, яғни 59 процентке қымбаттады», – деді Е.Бейсенбаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, елімізде «Байланыс туралы» заңының 20-бабына сәйкес, операторлар байланыс қызметінің тарифтерін негіздей отырып, өздері қояды.

«Осылайша, олардың тарифті тиісті шығындар бойынша өздері қалыптастыруына жағдай жасалып қойылған. Бұл ретте, операторлар тіпті Бәсекелестікті қорғау агенттігін хабардар етуге де міндетті емес. Тарифтің өсетіні туралы бір ай бұрын хабардар етсе болғаны. Агенттік бағаның өсуі күдік туғызғанда ғана оның негізділігін тексеріп, заңсыздық анықталған жағдайда айыппұл сала алады. Оның мөлшері мардымсыз, монополистік қызмет нәтижесінде алынған кірістің небәрі бес пайызы ғана. Өйткені бәсекелестікті дамыту мақсатында Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 2017 жылдан бастап байланыс қызметінің тарифін мемлекеттік реттеу алынып тасталған. Сонымен, тарифтердің былайша жөнсіз көтеріле беруіне, біріншіден, заңның жұмсақтығы себеп болса, екінші жағынан – операторлардың нарықта монополиялық жағдайды иемденуіне байланысты», – деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, операторлардың клиентке ескертпестен біржақты тарифтік жоспарды өзгерту, интернет-трафикті ұлғайту, бағасын қымбаттату фактілері жиі кездеседі. Тұтынушылардың шағымы негізінде тиісті министрлік Байланыс қызметін көрсету ережесіне тұтынушылар құқығын қорғау бойынша өзгеріс енгізген. Бірақ ұялы байланыс операторлары мұнымен келіспей, соттасып жүрген көрінеді. Тағы бір мәселе, байланыстың бағасы қымбат болса да, сапасының сын көтермеуі. Байланыс өте әлсіз және интернеттің жылдамдығы тым баяу. Speedtest жаһандық рейтингі бойынша мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 142 елдің арасында 67 орында тұр.

Сонымен қатар елімізде әлі де интернет жетпеген ауылдар бар. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 6 290 ауыл болса, соның арасында 1,5 мың ауылында мобильді интернет мүлдем жоқ. Ал 902 ауылда тек бір ғана ұялы байланыс операторы бар.

«Осы айтылғандарды ескере отырып, келесі мәселелерді қолға алуды ұсынамын. Біріншеден, Үкімет ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алуы керек. Екіншіден, ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру, бүкіл өңір мен ауылдық елді мекендерді толық интернетпен қамтамасыз ету шараларын қабылдауы тиіс. Осы ретте, мүлдем мобильді интернеті жоқ 1432 ауылға желіні жеткізу бойынша нақты жол картасын даярлауымыз қажет. ҚР Үкіметі ұялы байланыс қызметін көрсету және олардың тарифін белгілеу бойынша тұтынушылардың құқығын барынша қорғау бағытында заңнама талаптарын күшейтетін өзгерістер әзірлеуі қажет», – деді Елнұр Бейсенбаев.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ