Елімізде 3 700-ден астам үй су астында қалды – ТЖМ
– Қазақстанның 10 өңірінде әкімдіктер жергілікті ауқымда 30 төтенше жағдай жариялады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева мәлім етті.
«Бүгінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Су тасқыны бел алғалы ел бойынша 72 мыңнан астам адам құтқарылып, эвакуацияланды, оның ішінде 17 мыңнан астамы кәмелетке толмаған балалар. Уақытша орналастыру пункттерінде қазір 14 466 адам, оның ішінде 7 269 бала бар, – деді Динара Нұрғалиева Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ министрлік өкілі адамдарды құтқару әуе кемесінің көмегімен жүзеге асырылатынын атап өтті. Осылайша, су тасқыны басталғалы 2 607 адам, оның ішінде 760 бала эвакуацияланған.
«Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Атырау және Солтүстік Қазақстан облысы су астында қалып отыр. Атап айтқанда, 3 702 тұрғын үйді су басты», – дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды.
Еске сала кетсек, еліміздің су басқан өңірлерде су сынамасына зерттеу жүргізіледі.
Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігі су тасыған өңірлерде 72 029 адам қауіпсіз жерге көшірілгенін хабарлаған еді.