Табыстың басым бөлігі азық-түлікке кетсе, бұл жақсылықтың белгісі емес — Арман Шаққалиев

0
102
Фото: Kazinform

 — Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берді. Сұхбат барысында министр азық-түлік қауіпсізді, экспорттық бағыттар, пияз мәселесі және басқа да жайттарға қатысты тұшымды жауап берді.

Азық-түлік қауіпсіздігі

Министрдің айтуынша, ішкі нарықты халыққа қажетті негізгі азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты сауалды БАҚ өкілдері Парламент қабырғасында кездескенде жиі қояды.

Бұл орайда министрлік азық-түлік себетін есептегенде инфляция мен ішкі нарықтағы тауардың 54 түріне айрықша назар аударады. Оның ішінде 29 тауар негізгі азық-түлік өнімі саналады. Ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«Егер дәл қазір ішкі өндіріс жайында айтар болсақ, құс етімен және сүт өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Ішетін сүт өндірісі үшін қажетті тауарлық сүтпен өзімізді толық көлемде қамтамасыз етпейміз. Ал ет өнімдеріне келер болсақ, ол — шұжық өнімдері. Мұнан бөлек, балық өнімдеріне, оның ішінде консервіленген балық өнімдеріне белгілі бір тәуелділігіміз бар. Олар бойынша импорт көлемі 60 пайызға жетіп қалады. Сауда желілеріне өлшем жүргізген сарапшылардың бағалауына сәйкес, бүгінде қазақстандық өндіріс 55-тен 50 пайызға дейінгі аралықты құрайды. Сенаттың жалпы отырыстарының бірінде спикер Мәулен Әшімбаев та халықпен кездесуінде шекара маңындағы өңірлердегі сауда сөрелерінде өнімнің 60 пайызы ресейлік екендігін анықтағанын айтқан болатын. Біз өлшем жасадық. Шынымен де ол жақтарда ет пен шұжық өнімдері басым. Бірақ, бұл тұтынушылардың талғамына байланысты», — деді Арман Шаққалиев.

арман шаққалиев
Фото: Kazinform

Оның пайымынша, бұл проблеманы шешу үшін ішкі өндірісті арттыру қажет. Мәселен, нарықты құс етімен толық қамту үшін құс фабрикаларын көптеп ашқан жөн.

Сүт өнімдерімен ішкі нарықты 100 пайыз қамту үшін тауарлық-сүт фермаларын дамыту қажет. Бұл бағытта Үкімет агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын да қабылдап отыр. Құжатта дәл осы өнімдерді нарықта молайту көзделген.

Экспорттық әлеуетті арттыру үшін не істелінбек?

Бүгінде еліміз Таяу Шығыс, Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропаға шамамен 133 экспорттық бағытты жолға қойған. Аталған өңірлерге Қазақстаннан шамамен 5 900 тауар түрі жеткізіледі. Ал жаңа бағыттарды таңдауда еліміз көлік шығындарының барынша төмен болуына баса мән береді.

«Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия, Корея мен Жапония бағытын айтар болсақ, біз экспорттық әлеуетімізді бағаладық. Негізінен бұл өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізу көлемін арттыру есебінен болмақ. Ал ол көлемді арттыру үшін сауда миссияларын өткіземіз. Көрмелерге қатысып, ірі өлкелерге барамыз. Мәселен, Қытайдың ішкі өңірлік өнімі ең жоғары үздік 5 өлкесін таңдап алдық. Қытайда Ляньюньган мен Сиань порттарымыз бар. Бұл Корея мен Жапонияға шығуға мүмкіндік береді. Порт баяғыдан жұмыс істеп тұр. Бірақ, тауар ағыны арту үшін оны жүктеу қажет. Бүгінде Траскаспий бағдарын пайдалану өсімі 186 пайызға дейін артып отыр. Қытай бойынша шектеу жоқ. Мұның үстіне Қытай арқылы біздің нақты бір өнімдерге сұраныс бар екенін байқадық. Шанхай көрмесін көрдік. Корейлік және жапондық әріптестер кондитерлік өнімдерімізге, уылдырыққа, спирттік ішімдіктер мен өсімдік майына қызығушылық танытқандарын айтты. Таяу Шығысқа қатысты айтар болсам, бұл — Қатар, Араб Әмірліктері және Бендер-Аббас порты. Бұл біздің негізгі бағытымыз», — деді ол.

Пияз неге шіріп жатыр?

Арман Шаққалиевтің айтуынша, нарықтық экономикада мемлекет кім қанша пияз егеді, оның қаншасын сатады деген мәселелерді жоспарламайды.

«Өткен жылы Үндістан, Индонезия және Пәкістанда пияз шығымының аздығына байланысты сұраныс артты. Пияздың бағасы 500 теңгеге дейін жетіп, фермерлеріміз жаппай сатты. Тіпті пияздың экспортына шектеу қоюға тырыстық. Өйткені, экспорт қарқыны өте жоғары болды, өзіміз пиязсыз қала жаздадық. Пияз көлеміне қатысты да көп пікірталас болды, 120 мың тонна өнімнің шіріп кететіні жайлы да сол кезде айтылды. Бірақ, олай болған жоқ», — деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, өткен күзде пияздың келісі 450 теңгеге жеткен. Бірақ, табыс табуды мақсат тұтқан фермелер пияздың сәуірге дейін бүлінбей сақталатын біліп, баға тағы көтеріледі деген үмітпен оны сатпаған.

Жалпы елімізде 320 мың тонна пияз жиналады. Ал бір жылда алынатын өнім 1 млн тоннаға жуықтайды. Бүгінге дейін еліміз Ауғанстан мен Пәкістанға 81 вагон пияз жөнелтті. Тағы 10 вагон пияз дайындалып жатыр.

Тауар бағасы неге қарқынды өсіп барады?

Сұхбат барысында телеарна тілшісі министрден: «тауар бағасы неліктен жылдам өсіп барады? Мәселен аллергия кезінде қолданылатын Зиртек дәрілік заты. Түркияда ол 1 мың, ал бізде 4 мың теңге тұрады. Келесі мысал — сусабын. Қорабында 1 литр деп тұруы мүмкін, ал онда 800 мг болуы мүмкін», — деп сұраған еді.

Оның түсіндіруінше, егер сусабын қорабында 1 литр, ал нақты 800 мг болса, онда сіздің құқығыңыз бұзылып отыр деген сөз. Мұны алдау тәжірибесі деп атайды.

«Бұл орайда сіз еліміздің барлық облысында бар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуіңіз қажет. Ал егер сусабынды қолданудың нәтижесінде аллергиялық әсер болса және қауіпсіздігіне күдіктенсеңіз, онда Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдарына, санитариялық-эпидемиологиялық қызметке жүгінгеніңіз жөн. Олар тексеру жүргізеді. Ал Зиртек дәрісінің бізде 4 мың, ал Түркияда 1 мың теңге тұратындығына келер болсақ, онда бұл орайда сіздің құқығыңыз бұзылған жоқ. Өйткені, бағаның қалыптасуы көлік және үстеме шығындарға орай түрлі факторларға тәуелді. Мүмкін, Түркияда Зиртек дәрісі шығарылатын шығар. Сондықтан ол жақта баға басқа. Бізде Зиртек өндірілмейді, сырттан әкелеміз. Құнына кедендік тазарту және басқалары кіреді. Сондықтан да сіз бұ ретте баламасына бағасының айырмашылығы бар, менің құқығым бұзылды деп айта алмайсыз», — деді Арман Шаққалиев.

Табыстың басым бөлігі азық-түлікке кетсе, бұл жақсылықтың белгісі емес

Арман Шаққалиевтің сөзіне қарағанда, табыстың басым бөлігі базалық қажеттілікке, қарапайым азық-түлікке кетсе, онда бұл барлық уақытта да алаңдатарлық дабыл.

Дегенмен, адамдарда мүлдем қажетсіз жерде несиені қолданып жатады.

«Біз мұны Мәжілісте де, басқа жерлерде айтып жүрміз. Мәселе микронесиелердің қолжетімділігімен, қаржылық сауатсыздықпен байланысты. Көп пікірталас болды. Ең басты мәселе — жалақыны, еңбек өнімділігін арттыру. Бұл -Үкіметтің басты міндеті. Президент барлық бағдарламалық құжатқа енгізген. Үкімет оны орындау үшін әрекет етуі керек», — деді министр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ