Жарасбай Сүлейменов: Ұлттың ірілігі де, ұсақтығы да осындай сын сағатта көрінеді

0
179
Фото: facebook.com/Жарасбай Сүлейменов

– Белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Жарасбай Сүлейменов еліміздегі су тасқынына байланысты Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

«Міне, бірнеше күн болды, жолдасым екеуміз өз қолымызбен салған баспанамызға жете алмай ағайындарды жағалап жүрміз. Біз тұратын Тепличный ауылы да, үйіміз де судың астында қалды. Әлеуметтік желідегі достарыма осындай жазба ұсынамын деген ойым жоқ еді. Бірақ желіні қарап отырсам, неше түрлі сөздер айтылып жатыр. Кінәліні іздеушілер қаптап кетіпті. Үлкені де, кішісі де, әйелі де, ері де билікті жерден алып, жерге салып жатыр. Өзімше соларға басу айтпақ оймен бір-екі ауыз сөз қалдырып едім, кейбіреулердің мені де біраз жерге апарып тастағысы келетінін байқадым. Менде біреуді ақтайын болмаса жоғарыдағыларға жағынайын деген ой жоқ. Басқа түскен ауыртпалықты ел болып көтерейік, шыдайық, осалдығымызды басқаларға сездірмейік дедім. Тілде сүйек жоқ екен деп бетімен оңды, солды безей беруге болмайды ғой. Тасқынға қарсы қандай жұмыстар атқарылғанын, осы іске жұмылдырылғандардың күні-түні тізе бүкпегенін білемін. Өзім де ішінде жүрдім. Бірақ есіл еңбек зая кетті. Тасқын су бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді, екпіні де адам айтқысыз болды. Нағыз апат! Ешкімді аяған жоқ. Шыдамағанда қайда барамыз?!», — деп жазды ол.

Жарасбай Сүлейменов бұл ретте жапондардан үлгі алу керектігін айтады.

«Олар жер сілкінісінен келген зардапты тістеніп жүріп, бірлігімен, мұқалмас ерік-жігерімен жеңді ғой. Ұлттың ірілігі де, ұсақтығы да осындай сын сағатта көрінеді. Ірі болайық! Қанша қиын болса да шыдау керек. Мұндай сын-қатерлерге талай ел тап болып жатыр ғой. Сабыр сақтайық. Ең бастысы еліміз аман болсын! Бұл оқиғаның да қорытындысы шығарылатын шығар. Сонда тиісті жауапты адамдар «сыбағасын» алады деп ойлаймын. Ал қазір байбалам салып, даурыққанмен ештеңе өзгермейді. Енді қиындықтан шығудың жолын іздегеннен басқа таңдау жоқ бізде. Мен жалпы қазақтың ұсақталып, бекзат қасиеттерінен, ұлттық құндылықтардан алшақтап бара жатқанына қынжыламын», — деп жазады экс-депутат.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ