Қандасымыз Дубайда өткен халықаралық фестивальден жүлделі оралды – шетелдегі қазақ баспасөзі

0
149

Қандасымыз Дубайда өткен халықаралық фестивальден жүлделі оралды – «Janadauir»

Жақында Баян-Өлгий аймағындағы Құрманхан Мұқамәдиұлы атындағы музыкалы драма театрының бишісі Лаура Нәбикәрімқызы «DUBAI GRANT FESTIVAL» халықаралық сайысына қатысып, киім және мимика түрінен жүлдегер атанды. Осындай ерекше номинацияны жеңіп алу үшін Лаура екі жылдай дайындық жасаған, деп хабарлайды «Жаңа дәуір» басылымы.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, театр бишісі Лаура Қазақстан Республикасы, Абай атындағы педагогикалық унивеситетінің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасынан бишілік мамандығы бойынша оқып бітірген екен. Лаура Нәбикәрімқызы этика мен эстетикасы үйлескен қазақ биін сахналау арқылы Дубай қаласында көрермендердің ыстық ықыласы мен қазылар алқасының жоғары бағасын алған. Бұл сайысқа қатысу үшін алдымен Дубайға өтініш жолдап, онымен қоса бидің видеосын жүктеген. Конкурсты ұйымдастыру комиссиясының оң бағасын алған бишілер Дубайға шақырту алып, сайысқа қатысқан.

Моңғолиялық БАҚ-тың мәліметінше, аталған халықаралық сайысқа 18 елдің кіл мықты бишілері қатысқан. Әр елдің биі әрқалай. Бір-бірінен алатын дүниелері де көп. Бұл жолғы би негізінен әр халықтың ұлттық ерекшелігін көрсетеді. Қазақ халқының биі өте нәзік. Фестивальде Лаураның костюмі билеген кезде киген көйлегі ерекше баға алған.

Сондай-ақ ол аталмыш сайысқа қатысып ғана қоймай өзінің кішкентай шәкірттерін Қазақ елінің Алматы қаласында өткен «ZHULDIZ ART KAZAKHSTAN» байқауына қатыстырып, топ бимен бірінші орын, жеке бимен гран при жеңіп алып, Ыстық көл, Ташкент, Стамбул қалаларына жолдама алған.

Қазіргі уақытта Лаура жетекшілік ететін «Kids Balet» үйірмесі классикалық би, балет түрлері бойынша бүлдіршіндерге биден мағлұмат беріп баулуда.

«Би дегеніміз – аса жоғары құндылығы бар өнер. Оның адам денсаулығы мен сұлулығына, адамның көңіл күйіне әсер өте жақсы. Қазіргі таңда ата-аналардың көпшілігі бидің маңыздылығына, балаларының сау болып өсуіне қатты көңіл бөліп, би үйірмелеріне көптеп беріп жатыр. Лаура бишіміз шәкірт қабылдап, би үйретуге әрқашан әзірмін дейді. Қазірдің өзінде Лаураның би үйірмесіне тізімделіп жатқан бүлдіршіндер көп», – деп түйіндейді «Жаңа дәуір» басылымы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ