Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды

0
164
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Негізгі ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 6-14 мамыр аралығында жүзеге асырылады. Тестілеудің өзі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады.

Дегенмен, төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) тіркелу уақыты ұзартылады және 6-20 мамыр аралығында, ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өткізіледі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен 2024 жылы талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.

ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы тіркелуге болады.

Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды.

Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.

Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында осыған дейін әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді.

Яғни, әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптар бойынша білімдерін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар, бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады.

Одан бөлек, онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Білім орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырылған тегін онлайн сабақтар жалғасуда.

Ал оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.

Тестілеу форматында өзгеріс жоқ. 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады.

«Оқу сауаты» мен «Математикалық сауат» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды.

Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.

Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ.

Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауатынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл — 140, ол да өзгеріссіз қалды.

Тестілеудің жалпы уақыты — 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.

Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн.

Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар, калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында қолжетімді етіледі.

Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, оларға кестелердің қағаз нұсқасы беріледі.

Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Шекті балл өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл (ұлттық жоо үшін); ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.

Тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады.

Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка және т. б.) алып өтудің алдын алу үшін қажет.

Тестілеу барысында аудиторияның және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ