Махмұд Сабырхан: «Егер төбелесу керек болса, оған да дайынмын»

0
85
Фото: Olympic.kz

Астанада бокстан 13-18 мамыр аралығында өтетін «Елорда кубогы» турниріне қатысатын ұлттық құрама команданың тізімі жарияланды.

Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжановтың айтуынша, турнирге ұлттық құраманың бірінші, екінші және үшінші нөмірлі спортшылары қатысады. Олардың арасында Олимпиадаға лицензия алған Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (81 кг), Айбек Оралбай (92 кг) пен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) бар.

2023 жылғы әлем чемпионы Махмұд Сабырхан да «Елорда кубогы» турнирінде қолғап түйістіріп, Олимпиадаға дайындығын сынап көреді. Ол басқа боксшылар секілді 3-4 рет жекпе-жекке шығуды жоспарлап отыр.

Боксшы 57 келідегі үздіктермен айқасуға дайын екенін айтты.

Жаңа салмақта біраз жарысқа қатысып, әбден бой үйреттім. Ендігі мақсат – Олимпиялық ойындарға тынбай жаттығу. Бала кезден армандаған Олимпиададан абыроймен оралсам деген арманым бар. Қарсыластар да оңай емес. Куба, Өзбекстан, Америка боксшыларын басты қарсылас санаймын.

Қазір кез келген тактикаға дайын болу үшін тер төгіп жатырмыз. Егер төбелесу керек болса, оған да дайынбыз. Жақында бауырым Төрехан Сабырхан төрт дүркін Азия чемпионы атанды. Енді осындай белестер оған ересектер арасында да бағынса деген тілегім бар,  – деді Сабырхан.

Бұған дейін ол Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында шет ел боксшыларымен бірге жаттықты.

«Елорда кубогы» халықаралық турниріне Қазақстан сапынан 60-қа жуық боксшы қатысады. Ал жалпы жарысқа 8 елдің былғары қолғап шеберлері келеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ