Олимпиадаға іріктеу: Еркін күрестен қазақстандық үш балуан бүгін жолдамаға таласады

0
100
Фото: United World Wrestling

 — Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Олимпиадаға іріктеу турнирінде еркін күрестен Рахат Қалжан (57 келі) бүгін жолдамаға таласу мүмкіндігін жалғастырады.

Қазақстандық балуан ширек финалда әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы Алиреза Сайлактан (Иран) 7:2 есебімен басым түсті.

Одан кейін Пан-Америка ойындарының чемпионы Спенсер Лиге жол беріп қойды.

Енді ол бүгін, 12 мамырда Олимпиада лицензиясын алу үшін 2 белдесуде жеңіске жетуге тиіс

Ел құрамасынан Адлан Асқаров (65 келі) екінші айналымда, Нұрғожа Қайпанов (74 келі) бірінші кезеңде жеңіліс тапты.

Десе де, олардың әлі де Олимпиада жолдамасына таласу мүмкіндігі бар. Ол үшін балуандар алдағы 3 белдесуде жеңіске жетуі тиіс.

Еске салсақ, бұдан бұрын грек-рим күресінен Дінмұхаммед Қошқар (67 келі) шешуші сында қарсыласына жол беріп, Париж олимпиадасының жолдамасын уысынан шығарып алды.

Айта кетсек, қазір ел құрамасы қоржынында Олимпиада ойындарына жеті жолдама бар.

Оның төртеуін грек-рим күресінің өкілдері иеленсе, үшеуі — еркін күрес шеберлерінің еншісінде.

Олардың қатарында еркін күрестен Әлішер Ерғали (97 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі) пен Юсуп Батырмұрзаев (125 келі), Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі) бар.

Ал әйелдер күресінен қазақстандық бір де бір балуан Олимпиада жолдамасына ие бола алған жоқ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ