Көшпенділер ойынында лайықты өнер көрсетуге тырысамыз – Өзбекстанның спорт министрлігі
– Өзбекстан Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысады,
Көшпенділер ойыны биыл қыркүйекте Астана қаласында өтеді. Көрші елдің құрамасы да айтулы аламаннан шет қалар емес. Ол үшін қазірден қызу дайындықты бастап кеткен. Құрама мүшелері жаз айларында толық жасақталады. Оған дейін ішкі бәсекелерде өзара кім мықтыны анықтайды.
«Бұл жарысқа Өзбекстанның спорт делегациясы мас-рестлинг, кураш (күрес – авт.), көкпар, белбеу күресі, арқан тартыс және садақ ату сынды бәсекелерге қатысады деп жоспарланған. Бүгінде көшпенділер ойындарына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Онда лайықты өнер көрсетуге тырысамыз», – деді Өзбекстан Спорт министрлігінің бас маманы Бибіжан Аралбаева Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Айта кетейік, көшпенділер ойынының бағдарламасына 20 спорт түрі енген. Соның ішінде мас-рестлинг, күрес, көкпар, арқан тартыс сияқты бәсекелер Өзбекстанда да кең таралған. Тіпті бұған дейін Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі Шахрисабзда ауқымды этноспорт фестивалі ұйымдастырылған еді. Сол шарада көршіміздің спортшылары үздіктердің бірі атанған.