Сауда саясатында тың әрі батыл тәсілдер қажет – Олжас Бектенов

0
99
Фото: primeminister.kz

 – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов министрлікке Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында сауда өкілдігін ашуға толық әзірлікті қамтамасыз етуді тапсырды.

«Қазақстан Орталық Азия елдеріне азық-түлік өнімдерін табысты экспорттап отыр. Ал металлургия өндірісінің тауарларын таяу көршілерімізге, Еуропаға да, басқа елдерге де жібереміз. Отандық өнімді өткізу нарығын кеңейту қажет. Ол үшін шетелде экспортты барынша тиімді ұсына білуіміз керек. Осы мәселеге байланысты кейбір серіктес елдерге сауда өкілдері жіберілуде. Алайда бұл жұмыс баяу жүріп жатыр және оны барынша күшейту қажет. Мысалы, өткен аптада Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары екеуіміз Қытаймен сауда қатынастарын кеңейту мәселелерін жан-жақты талқыладық. Бұл бағыттың перспективасы жоғары. Осыған байланысты Сауда, Сыртқы істер және Қаржы министрліктеріне 1-ші шілдеге дейін Бейжіңге сауда өкілдерін жіберуді және Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында сауда өкілдігін ашуға толық әзірлікті қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, орташа және жоғары деңгейде өңделген тауарлар экспортын қолдауға баса назар аудару қажет. Ол үшін экспортты қолдаудың қолданыстағы бағдарламаларын күшейтудің, инновацияларды ынталандыру мен өндірістерді кеңейтудің маңызы зор. Мұнда отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларының рөлі маңызды болуға тиіс және бұл шаралар қазір пысықталып жатыр.

«Жалпы бізге сауда саясатында тың әрі батыл тәсілдер қажет. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігіне мынадай тапсырмалар беремін. Біріншіден, Сыртқы істер және Өнеркәсіп министрліктерімен, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірге 1 ай мерзімде қазақстандық тауарлар экспортының нарықтарын әртараптандыру мәселесін пысықтасын, ал биылғы 1-ші тамызға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін одан әрі ұлғайту жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын енгізсін. Екіншіден, Сыртқы істер министрлігімен және салалық министрліктермен бірге экспортқа бағдарланған елдерде импорттаушыларға қойылатын талаптарға ұдайы мониторинг жүргізіп, өз кәсіпкерлерімізді жүйелі түрде уақтылы хабардар етіп тұру қажет. Сонда біздің өндірушілер шетелдік нарықтардың кез келген талаптарына жедел жауап бере алатын болды», – деді Премьер-Министр.

Мұнымен қоса Үкімет басшысы экспорттаушылар үшін кедергілерді азайтуды, әсіресе ел ішінде және шетелдерде әкімшілік әрі кедендік рәсімдерді оңайлату мен цифрландыру бойынша тұрақты жұмысты атқаруды тапсырды. Бұл жұмысқа орталық және жергілікті мемлекеттік органдар ғана емес, шетелдердегі елшіліктер мен өкілдіктер де толық көлемде атсалысуы тиіс.

«Көлік министрлігі шикізаттық емес тауарларды тиімді экспорттау үшін қажет көлік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіруі қажет», – деді О. Бектенов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ