Трамп түрмеге отырса да, президент сайлауына қатыса береді — адвокат Трамп

0
83
Фото: DW

— Дональд Трамптың адвокаттарының бірі Алина Хабба BBC-ге сұхбат берді. Оның айтуынша, Трамп Нью-Йорктегі маңызды сот процесінде кінәлі деп танылғанына қарамастан Ақ үйге  үміткер күйінде қала береді.

Еске салайық, бейсенбі күні алқабилер Трампты 2016 жылғы сайлау науқаны кезінде бұрынғы порножұлдыз Сторми Дэниэлске ақша төлегенін жасыру үшін іс құжаттарын бұрмалағаны үшін кінәлі деп тапты.

Манхэттендегі сот процесінің тарихи мәні бар. Трамп — қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған алғашқы экс-президент.

Оған барлығы 34 айып тағылды. Алқабилер оны барлық эпизод бойынша кінәлі деп тапты.

Бұрынғы президентке үкім 11 шілдеде шығады. Оны осы сотқа төрағалық еткен судья Хуан Мерчан шығарады.

Экс-президенттің сот шешіміне апелляциялық шағым беретіні анық.

Трамптың адвокаты Алина Хабба ВВС-ге берген сұхбатында бұрынғы президенттің саяси қудалаудың құрбаны болғанын жеткізді.

Хаббаның айтуынша, Трамп түрмеге отырса да, қараша айында өтетін АҚШ президент сайлауына қатысады.

«Ашығын айтқанда, еліміздің сот жүйесінде ешқашан болмаған жемқорлықты көрдік, — дейді Хабба. — Бұл асыра сілтеу емес, өте нақты, 100 пайыз ащы шындық, бұл проблеманы шешу үшін еліміз биылғы қарашада біржола дұрыс шешім қабылдауға тиіс».

Айтуынша, Трамп — президенттікке кандидат болып қала береді, сот үкімі мұны еш өзгерте алмайды.

«Біздің азаматтарға бұл қажет, өйткені, шынын айтқанда, бұл ел ойлағаннан да маңызды. Халық пікірін ашық білдіріп, аз да болса көмегін беріп жатыр, олар қорықса да, үнсіз қалмай үлес қосып отыр, сондықтан мұндай сұмдыққа жол беріп, қол қусырып қарап тұра алмаймыз», — дейді адвокат.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ