Елордада Astana Smart City атты жаңа акселерациялық бағдарлама іске қосылды

0
84
Фото: Астана әкімдігі

 – Елорда әкімдігі Astana Hub және Астана Innovations-пен бірлесіп, Astana Smart City акселераторын іске қосты.

Қала әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, Astana Smart City денсаулық сақтау, су ресурстарын басқару, көгалдандыру, қалдықтарды сұрыптау, білім беру, көлік және коммуналдық қызметтер сияқты түрлі саланы қамтиды. Бағдарламаға қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі MVP және одан жоғары сатыдағы жобалары биыл 7 шілдеге дейін өтінім бере алады.

– Бағдарлама бірнеше негізгі міндетті шешуді көздейді. Ең алдымен, стартаптарға инновациялық шешімдерді нақты қала жағдайында сынап, қадағалаудың бірегей мүмкіндігі ұсынылады. Қала процестерін оңтайландыру үшін жасанды интеллект технологияларын дамытуға ерекше ден қойылады. Бағдарламаның маңызды аспектісі – қала инфрақұрылымы мен қызметтерін жақсарту үшін озық шешімдер ұсыну, – деп жазылған astanahub порталында.

Astana Smart City қатысушыларына қолдау көрсету үшін Astana Hub технопаркінің Seed Money бағдарламасы арқылы қаржыландыру жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 10 үздік жобаның әрқайсысына 5 млн теңгеге дейінгі қаражат ұсынылады. Бағдарлама Астананың ақпараттық технологиялар орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып, әзірленген шешімдерді сыртқы нарыққа масштабтау мен экспорттауға мүмкіндік беріп, қаланың бәсекеге қабілеттілігін арттырады және инновациялық экономиканы дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.

Қатысушыларды іріктеу барысы онлайн өтінім қабылдау, бастапқы скрининг, сарапшылармен сұхбат және 20 стартап таңдалатын ақтық кезеңді қамтиды.

Бағдарлама 5 тамызда басталып, 3 ай бойы офлайн форматта өтеді. Оқыту шеңберінде қатысушылар сала мамандарымен байланыс орнатып, сарапшылармен топтық семинарларға қатысып, жеке консультациялар ала алады. Сондай-ақ оларға желілік трекерлермен трекшн-кездесулер және әр апта сайын жетекші трекер кеңесі ұсынылады. Стартаптар өз шешімдерін мекемелерде сынақтан өткізіп, осылайша IT-шешімдерді жетілдіру және оларды елорда тұрғындары қажеттіліктеріне қарай бейімдеу мүмкіндігіне ие болады.

Бағдарламаның шешуші кезеңінде Demo Day ұйымдастырылады, мұнда қатысушылар пилоттық жоба нәтижелерін әкімдік өкілдері мен экожүйе сарапшылары назарына ұсынады. Ең ұтымды IT-шешімдер әрі қарай қолданысқа енгізу үшін таңдалады.

Astana Smart City бағдарламасы және қатысуға өтінім беру жөніндегі мәліметтерді astanahub.com платформасынан табуға болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ