Қазақ тіліндегі контентке сұраныс артып келеді – Мәулен Әшімбаев

0
117
Мәулен Әшімбаев, фото: parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның бір топ депутатымен бірге QazaqSham форумына қатысты. Палата спикері онда креативті индустрия саласындағы жаңа жобалармен танысты. Сондай-ақ қатысушылармен Мемлекет басшысы бастамашы болған қазақ тілінде контенттер дайындау барысын және осы бағыттағы басқа да өзекті мәселелерді талқылады. Іс-шараға креативті индустрия және отандық медиа өкілдері қатысты.

Сенат спикері кейінгі жылдарда елімізде креативті индустрия қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аталған саланы дамыту үшін институционалдық негіз қалыптасқанын, Мәдениет және ақпарат министрлігінде арнайы департамент құрылғанын айтты.

Сондай-ақ секторды әрі қарай жетілдіруге және мемлекет тарапынан қолдауға арналған нақты шаралар қабылданып жатқаны айтылды. Атап айтқанда, осы бағытта еңбек етіп жүрген азаматтар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Соның нәтижесінде аз ғана уақыт ішінде креативті индустрия субъектілері 8 пайызға артты.

Сондай-ақ форумда ел бойынша тиісті инфрақұрылым құру үшін жүйелі жұмыс қолға алынып жатқаны айтылды. Бұл бағыт жаңа кешенді шешімдерді қажет ететіні анық.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қазақстанның мәдени толқыны өңірлік және халықаралық деңгейде кеңінен таныла бастағанына назар аударды. Қазір ұлтымыздың зор жасампаздық әлеуеті кино, музыка, әдебиет және өнердің басқа да салаларында айқын көрініс тауып келеді. Бұл бағытта елімізде талантты жастар көп, – деген Палата спикері форумды ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Іс-шара барысында қатысушылар креативті индустрияны тиімді дамытуға тиісті жағдай қажет екенін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында құқықтық база қалыптастыру, саланы мемлекеттік қолдау, өнімдерді коммерцияландыруға жәрдемдесу, өңірлерде креативті жобаларды дамыту сияқты тың бастамалар бар.

«QazaqSham форумы – қазақ тілінде контент дайындау аясында мемлекеттің, бизнестің, шығармашыл тұлғалардың және білім беру мекемелерінің күш-жігерін біріктіре отырып, креативті индустрияның өзекті мәселелерін талқылайтын, сондай-ақ оны сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін алаң. Бұл бастама жаңа үздік жобалармен танысуға, контентмейкерлердің өзара тәжірибе алмасуына, мемлекеттік тілдегі мазмұнды арттыру тәсілдерін саралауға жол ашады. Өздеріңіз байқағандай, атқаратын жұмыс аз емес. Осы ретте сіздердің әр бастамаңыз бен ұсынысыңыз маңызды. Алдағы уақытта креативті индустрияға қызығушылар көбейіп, форумға қатысушылар қатары арта түседі деп сенемін», – деп, Мәулен Әшімбаев креативті индустрия саласында еңбек етіп жүрген тараптарды секторды әрі қарай дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Форумда кәсіпкер, «Phenomenal Kids» жобасының негізін қалаушы Азат Әбікен, тарихшы, археолог-экспериментатор Нұрқожа Ерсайын, продюсер Азамат Демеген, «Balafunny» YouTube-арнасының негізін қалаушы Алтынай Есенжанова, Маңғыстау облысындағы «Aktown» жобасының негізін қалаушы Нұрсұлтан Мырзабек, «Qonzhyq App» жобасының өкілі Айнұр Мәлібекова және басқа қатысушылар сөз сөйледі.

Іс-шараның соңында қатысушы компаниялар балаларға арналған өзекті тақырыптар жөнінде қазақ тілінде контент әзірлеу және бірлесіп өндіру туралы меморандумға қол қойды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ