Қатар инвесторы Tele2/Altel операторын 1,1 млрд долларға сатып алады

0
138
Жаслан Мәдиев, фото: primeminister.kz

Қатар инвесторы Tele2/Altel операторын 1,1 млрд долларға сатып алмақ. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты,

Үкіметтің баспасөз орталығында министрге «Қатарға МТС (Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel) компаниясы қаншаға сатылады? Келісімшарт сомасын атасаңыз? Олар интернет желісін дамыту үшін не істеп, не салуы керек? Мұны қалай бақылайсыздар?» деген сұрақ қойылды.

Жаслан Мадиев нарыққа жаңа компанияның келуі бәсекелестікті күшейтетінін жеткізді.

«Менің ойымша, қатарлық жаңа инвестордың келуі – өте маңызды бастама. Ол жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік беріп, инвесторлық базаны кеңейтіп, нарықтағы бәсекелестікті арттырады. Яғни жаңа мобильді оператор пайда болады. Мәміле сомасы – 1,1 млрд доллар. Негізгі инфрақұрылымға инвестиция тарту жоспарда бар. Мобильді оператордың міндетіне 5G базалық станцияларын салу кіреді. Бұл бәсекелестікті күшейтіп, (интернет) сапаны арттырады», – деді министр.

Айта кетейік, биыл 14 ақпанда Power International Holding атты қатарлық холдинг Tele2/Altel байланыс операторына иелік ететін «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын сатып алуды жоспарлап отырғаны хабарланды.

«Қазақстан президенті мен Қатар әмірінің қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ тобы газ, энергетика және телекоммуникация салаларында 7 келісімге қол қойды. Оның ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және Power International Holding WLL қатарлық холдинг арасында телекоммуникация саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бар», – деп жазылған «Самұрық-Қазына» АҚ-ның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске салайық, «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясына «Қазақтелеком» АҚ иелік етеді. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «Қазақтелеком» АҚ-ның мажоритарлық акционері саналады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ