Еренғайып Қуатайұлы: Намиб шөлін кесіп өту жеңіл болған жоқ

0
160

Марафоншылар үшін әлемде таңдаулы дода саналатын алты мэйжор марафон бар: Бостон, Чикаго, Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Токио. Осы әйгілі алты мэйжор марафонға 9 отандасымыз қатысқан. Бірақ солардың арасында алты бірдей аламанның әрбірін 3 сағат ішінде (sub 3) жүгіріп өткен алғашқы желаяқ – Еренғайып Қуатайұлы. Қалалық марафондар ғана емес, шөлдегі жүгіруден де олжа салып жүрген журналист-марафоншымен дидарласудың орайы туған еді. Жуырда ультра марафоншы Намибия еліндегі Намиб шөлін басып, алты күнде 250 шақырымды өндіріп қайтты. Ендігі межесі – Сиднейде өтетін 42 шақырымдық әлем чемпионатына қатысу.

Еренғайып Қуатайұлы: Намиб шөлін кесіп өту жеңіл болған жоқ

– Жуырда Африка құрлы­ғында өткен дала марафонына Қазақстаннан тұңғыш болып қатысып, көмбеге бесінші болып жеттіңіз. Осы аламан туралы тарқатып айтсаңыз.

– Африкадағы мәртебелі бәй­ге саналатын бұл дода – «Төрт шөл» ультра марафонының бірі. Ор­талығы АҚШ-та орналасқан спорт ұжымы өткізеді. Бұлар 20 жылдан бері шөлде тұрақты түрде ультра марафон ұйымдастырып келеді. Осы жылдар бедерінде елімізден ешкім қатыспаған екен. Киімдегі көк туымызды көргенде «Қай құрлықтағы ел?» деп таңыр­қайды. «Бұл – Қазақстан, Орталық Азия­дағы мемлекет» деп таныстырамын. Оңтүстік Африканың На­миб шөліндегі ультра марафон алты күнге ұласты. Күніне 40 ша­қырым жүгіріп, содан соң ғана дамыл­дауға тоқтаймыз. Бе­сінші күні 80 шақырымға жүгірдік. Алтыншы күні демалыс болды. Соңғы жетін­ші күні 10 шақырымды өндірдік. Әлемнің 47 елінен ұзын-ырғасы 147 ультра марафоншы қатысып, 250 ша­қырымды бір аптада жү­гіріп өттік.

– 250 шақырым аз қашықтық емес. Ультра марафоншының бәрі де мәреге жете ал­ды ма?

– 22 қатысушы жол ортада шал­дығып, жарыстан шығып қалды. Аңқаңды кептіріп, ми қайнатар аптап ыстықта, та­ба­ныңнан ысты­ғы өтетін құм үс­тінде жүгіру бар­лы­ғымызға да же­ңіл соққан жоқ. Сайыстың алғашқы күні + 30 гра­дусқа дейін көтерілген ыс­тық екінші күні + 43 гра­дусты көрсетті. Үшінші күні + 57 градусқа жеткенде жанымызды қоярға жер таппай кеттік. Қу медиен дала, сая болар ағаш таппайсыз. Көпшілігі осы үшін­ші күні шы­дамады. Одан кейін ыстықтың беті қайтып, күн салқындады. Қоңырсалқын болды де­геннің өзінде + 40 градустан төмен­деген жоқ.

Намиб шөлі біздің дәуірімізге дейінгі 500 миллион жыл бұрын пайда болған деседі. Тарихы тым тереңге бойлаған, баурына бар құпиясын бүккен шөлдің баурайы­нан тіршілік атаулыдан кесіртке, қарақұртты ғана кезіктірдім. Басқа жүгірген аң, ұшқан құс көзіме шалынбады.

– Тәуекелге барып, ультра мара­фонға қатысуға бел бу­ған­да алдыңғы лек­тен көрін­сем де­ген­ді мақсат еттіңіз бе?

– Әу баста жарыстан шығып қалмасам екен деп тіледім. Себебі білмейтін жердің ой-шұңқыры көп қашанда. Алғаш рет Африка шөлінде жүгіремін. Бірақ бірінші күні 40 шақырымды өндіргенде сенімділік оты тұтанды. Қалайда ал­дыңғы лектен көріну керек деп іштей бекіндім. Көмбеге 147 ультра мара­фоншының іші­нен бесінші болып жеттім. Қа­тысушылар арасында аф­ри­­калықтар, жапондар, еу­ро­палықтар көбірек бой көр­­сетті. Ор­талық Азия елде­рінен келмеді, тек Ресейден бір қаты­сушы бағын сынады.

Төрт шөл марафоны осы На­миб, Чилидегі Ата­ка­ма, Моң­ғолиядағы Қобы (Гоби), Антарк­тидада ұйым­дасты­рылады. Өзі қызық, Намиб­те 57 градусқа дейін ыстықта жүгір­сең, Антарктидада керісінше қақа­ған саршұнақ аязда марафонға қаты­сасың.

Адамның ішкі ерік-жігерін, қажыр-қайратын сы­найтын марафон­да ішіп-жейтін тамағың мен көр­пе-жастығыңды сөм­кеңе теңдеп, арқаңа бөктеріп алып жүгі­ресің. Жол дорбаңның ішінде жеті күнге же­тетін тамағың мен киім-кешек, көрпенің салмағы 10 килодан асып кетеді.

– Марафонға қа­тысуға қан­ша шы­ғын кетті? Сіз­ге атым­тай-жомарт аза­маттар демеу­ші­лік көрсете ме?

– Жоқ, өзімнің қар­жыммен қатысып жүрмін. Жүгіру – ме­нің хоббиім. Намиб шөліндегі марафон әлемдегі ең қымбат ультра марафонның бі­рі саналады. Жол шы­ғыныңды қоспа­ғанда тек қатысу үшін 4 200 АҚШ долларын жарнаға (слот) құя­сың.

2022 жылы Бостон марафонынан бастап, сол жылдың күзінде Чикаго марафонына да жүгірдім. 2023 жылы төрт мэйжор марафонға қатыстым. Алты мэйжорда жү­гір­ген елімізде әзірге 9 марафоншы бар екен.

– Өзіңіз айтқан әлемдік мэйжорлар спорттық ту­ризмді да­мы­туға септігін тигізе ме?

– Әрине, мысалы мұндай дүниежүзілік ма­рафонға 50 мың адам қатысады. Олармен бірге кейбірінің туысы, танысы, отбасы деген секілді қолдаушылары да еріп барады. Туризм – табыс түсірудің тетігі. Келген әрбір адам сол елге қаржысын қалдырып кетпей ме? Ішкен тамағынан тартып, ат байлаған қонақүйге түнегені үшін де қомақты қаражат төлейді. Мұны қалай спорттық туризм дей алмайсыз? Марафонда қаланың көрікті жерлерін көрсетіп, келісті көшелерімен жүгіртудегі бас­ты мақсат – туризмді дамыту. Ма­рафонның негізгі арқалайтын аманаты – қайырымдылық жасау. Сондықтан да ең арзан деген әлемдік марафондарға қатысу жарнасы квалификация бойынша 300 АҚШ долларынан басталады. Қайырымдылық қорлары немесе арнайы тур операторлары арқылы 1000–5000 еуро төлеп қатыса аласың. Марафоншы турист қана емес, қайырымды іспен шұғылданушы, ізгілікті насихаттаушы десем, асылық болмас. Олар осындай игі ісімен де қоғамды тәрбиелейді. Адам жүгіргенде бойындағы шаттық гармоны бөлінеді, көңіл күйі көтеріңкі болып, айналасына шуағын шашып жүреді. Қан айналымы жақсарып, ауру-сырқауға шалдыға бермейді. Ерік-жігердің арпалысында пенде өзінің нәпсісін тыйып, жалқаулығын жеңе алуы өте қиын. Міне, осы қиындықтан өте алған адам ғана өзінің шексіз мүмкіндігін игі істерге, жақ­сы­лыққа пайдаланады.

– Жүгіру мәдениетін, ден­сау­лыққа пайдасын қоғам қан­шалықты түйсінеді деп пайымдайсыз?

– Жетпіс түрлі аурудың алдын алатын жүгіру спортын біздің қоғам жаппай қолдап, шұ­ғылданады дей ал­маймын. Десе де Ал­маты мен Астана қа­ласында жалпыха­лықтық жүгіру мара­фоны жүйелі жолға қойылып, қарқынды дамып келеді. Ма­рафонға баулитын спорттық орталық, клуб­­тар ашылып ж­а­тыр. Жаңа мара­фон­ды қоғам жаппай қабылдай қойған жоқ дегенді бекер айтқан жоқпын. Көп­ші­ліктің марафон мә­дениетін тереңдей ұғына қоймайтыны қынжылтады. Көшеде жүгіріп бара жатсаң көліктегілер кіжініп жолыма бөгесін бол­дың дегенді байқатып сигнал басып кетеді. Ал Еуропада, АҚШ-та керісінше. Мы­салы, Чикагода өт­кен марафонға 40 мың адам қатысса, 1 миллион 700 мың жан­күйер көше бо­йында жалауын ұстап жа­нашырлықпен қол­дау көрсетті. Со­дан соң бұл елдерде министрге дейін көпшілікпен бірге жүгіріп марафонға қатысады. Басшының өзі маңдайын терлеткенде қосшылары да ұялғанынан сапқа қосылады. Бізде марафонға тек спортшылар ғана қатысады деген қасаң қағида бар. 21 күн қатарынан жүгіріп жаттығу жа­сасаң, әрі қарай әдетіңе айналады. Токио марафонына қатысқанда мені 80-ге таяған қариялардың өзі 42 шақырымдық марафонға қосылғаны таңдандырды. Сала­мат­ты өмір салтын қалып­тас­тыруды тек сөзбен емес, іспен дәлелдегенде ғана бұқаралық спорт еңсесін көтереді.

– Келешектің еншісінде қандай додаға түссем дейсіз? Марафоншы атануға тартқан нендей күш?

– Шөлді, шөлейтті аймақтарда өтетін экстремалды марафонға қатысудың әсері мүлдем бөлек екен. Келер жылы да түрлі ультра марафонға қосылуға бел байлап отырмын. Намиб шөліндегі марафонның 200 шақырымын өндіргенде ішкі арпалыс, аласапыранда тоқтатсам деген де ой келді. Күн ыстықта ішетін суың да таусылып, ми қайнатар аптапта ындының кеуіп отырғанда қолыңды бір сілтегің де келеді. Бірақ ерік-жігерің мен нәпсің таразыға тартылып арбасқанда қайратың басым түсіп, жүгіруді жалғастырасың. Өйт­кені осындай тәу­екелге саналы түрде барған соң, жол ортадан кері қайтуға болмайды. Бала күнімнен жүгіруге әуестігім артты. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына қарайтын Сақсай деген ауылда туып-өстім. Бала күнімізде аулымызда баланың тұсауын кесерде үлкендер қара сирақтарды жинап қара жарыс өткізеді. Кім алдымен дара келеді, соған сыйын да береді, баланың да тұсауын жеңімпаз желаяққа кестіреді. Жеткіншек шағымда желаяқтығымның ар­­қасында бірнеше баланың тұ­сауын кестім. Марафонмен тұрақты шұғылдануды 40 жас­тан асқанда мықтап қолға алдым. «Ауру астан» дегенді қазақ тегін айтпаған. Ал­дымен дұрыс тамақтануды жолға қойып, жат­тығуды үзбей жасап, бір жарым жылда 30 кило артық салмақтан арылдым.

– Сіз журналиссіз, әлемдік дең­гейдегі марафондарға қа­тыс­қанда айналаңыздан нендей ой түйіп қайтасыз?

– Токио марафонында таза­лық­тың шыңын көргендей әсер алдым. Адамдардың бір-біріне деген құрметі, сыйластығы ерекше. Көшеде көлденең шырпы жатпайды. Мектептен шыққан балалар бір-біріне иіліп ізет көрсетіп тарқасып жатыр. 38 миллион халық тұратын қаланың таза­лығына таңдай қағасың. АҚШ-тың қалаларында өткен марафонда адамдардың бір-біріне деген бауырлық ізетін сезіндім. Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегенін америкалықтар ұстана ма деп ойлайсың. Марафоншыларға да ерекше құрмет танытады.

– Күзде Сиднейде өтетін әлем чемпионатына қатысуға әзірлікті бастадыңыз ба?

– Иә, Сидней марафоны әлемнің жетінші мэйжоры атануға зор күш салып жатыр. Дүниежүзілік марафоншылар қауымдастығына хат та жолдап, бар мүмкіндікті қарастырып отыр. Осы додаға қатысуға шақырту алдым. Енді дайындықты күшейтіп келеміз. Күнде таңғы алтыда жаттығуды бас­таймын, 10–15 шақырым тұрақты жүгіремін.

– Әңгімеңізге рахмет, қажыр-қайратыңыз арта берсін.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ