Сенат адам саудасы құрбандарының құқығын қорғау тиімділігін арттыратын заңды мақұлдады

0
82
Фото: pexels.com

 – Сенат «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды мақұлдады.

«Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған «Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлықта көзделген Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Заңды қабылдау Қазақстан Республикасының адам саудасының алдын алу, адам құқықтарын қорғау және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған күшейтілген шараларды қолдануға дайын екендігінің дәлелі бола отырып, еліміздің адам құқықтары мен қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық стандарттарды сақтауы мен имплементациялауына ықпал етеді. Негізгі заңда алғаш рет заңнамалық негізде «адам саудасының құрбаны», «адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері» және басқа да ұғымдарды енгізу көзделеді», – деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенатор Мұрат Қадырбек.

Оның атап өтуінше, заңда мынадай негізгі ережелер айқындалған:

Біріншіден, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың кешенді жұмысын қамтитын адам саудасына қарсы іс-қимыл жүйесін қалыптастыру. Осы орайда заң уәкілетті, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың, туристік қызмет субъектілерінің, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің өзара іс-қимыл тетіктерін реттейді. Сонымен қатар адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссиялардың құзыреттері және халықаралық ынтымақтастықтың негізі айқындалады.

Екіншіден, алдын алу тетіктерін жетілдіру, атап айтқанда, тәуекелдерді бағалау және қылмыстардың себебі мен жағдайларын анықтап, алдын алу шараларын қабылдау. Алдын алу шаралары, өз кезегінде, ұйымдастырушылық, құқықтық, зерттеу, ақпараттық және әлеуметтік-экономикалық бағыттарды қамтиды.

Үшіншіден, қудалау шараларына қатысты адам саудасының барлық түрі бойынша қылмыстық заңнамаға сілтеме нормалар қарастырылады. Оның ішінде мәжбүрлі еңбек, жыныстық қанау, адам ағзасының органдарын және нәрестелерді саудаға салу, қайыр сұрауға мәжбүрлеу сияқты қылмыстар да бар.

Төртіншіден, адам саудасы құрбанының құқықтарын қамтамасыз етуге, оларға медициналық, психологиялық, құқықтық жәрдем және тағы басқа көмек көрсетуге бағытталған нормалар көзделген.

«Сондай-ақ, халықаралық нормаларға сәйкес заңға адам саудасының шетелдік құрбандарының, олардың құқық қорғау органдарына жүгіну, арнаулы әлеуметтік қызметтер шеңберінде азаматтығына сәйкес еліне қайтаруға жәрдемдесу құқықтары туралы нормалар енгізіледі. Жеке тарау адам саудасындағы ең осал санат ретінде саналатын кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға арналған. Ілеспе заңдар негізгі заңның ережелерін іске асыру үшін әзірленген және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Атап айтқанда, Қылмыстық кодексте адам саудасына байланысты қылмыстар бойынша жаңа құрамдар мен саралау белгілері көзделеді. Бұдан басқа, ілеспе заңдар шеңберінде вандализм, бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны үшін жазаны қатаңдату жөнінде түзетулер Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне енгізіледі», – деді Мұрат Қадырбек.

Сенатордың айтуынша, жалпы, заңдардың қабылдануы:

– адам саудасына қарсы іс-қимылдың бүкіл жүйесін реттеудің құқықтық базасын құруға;

– адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің шеңбері мен құзыретін,

сондай-ақ олардың арасындағы өзара іс-қимыл механизмін анықтауға;

– адам саудасының жасырындылығын азайтуға;

– адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ