БАҚ: зерде және ағартушылық

0
171

Биылғы баспасөз күнін жаңа «Масс-медиа туралы» заң қабылданған кезеңде атап өткелі тұрмыз. Бұл – БАҚ үшін аса жауапты шақ. Аталған заң, біріншіден, медиа саласы мамандарының, екіншіден, ақпаратқа жан­күйер қалың жұртшылықтың қоғамдық сарап­тама­сынан өтті. Мемлекет басшысы бұл ел­дік құжатта Әділетті Қазақстанның ашық­тық пен біліктілік, жауапкершілік пен заңдылық ұста­нымдары нақты көрініс тапқанын баса айтты.

Рәміздік пайыммен таразыласақ, 1999 жылғы «БАҚ туралы» заңға 40-тан астам өзгеріс енгізіліпті.

Заңда үш ұстаным айқын көрінеді. Біріншісі – елдік-мемлекетшілдік ұстаным. Оған бір-екі мысал айтсақ та жеткілікті. Енді уәкілетті сала БАҚ-пен бірге елдегі ұлттық, жалпыадамзаттық, мәдени, отбасылық құндылықтарға талдау-таразылау құзыретiне ие. Сондай-ақ шетелдік теле-радио арналарына кемінде 10 пайыз отандық (ұлттық) контент тарату міндеттелді. Екіншісі – сала мамандарын ынталандыру мен қорғау ұстанымы. Қазіргі түрлі сын-қатер кезеңінде бұл да маңызды. Бұйырса, журналист құқын қорғайтын түрлі қоғамдық, кәсіби кеңестер құрылады. Журналисті сотқа берген жағдайда жарияланым (мақала, хабар, т.б.) уақытының мөлшері де әлем тәжірибесіне сәйкестендірілді. Осы бағдарға журналистік этиканы да қоса аламыз. Қоғамдағы журналист беделі  сала абыройын анықтайды. Үшін­шісі – үзіліссіз білік пен сапаны арттыру ұста­нымы. Бұл да – жалпы журналистиканың жауап­кер­шілігін арттыратын ұстаным. Кәсіби тіл­мен айтсақ, «медиаландшафты құрылым­дау» жүреді. Мұның мәні БАҚ-қа беріле­тін мемлекеттік тапсырыстың өлшемін сапалан­дыруға қатысты. Интеллектуалдық меншік ұғымы­на жаңашыл сипат беріледі. Бұл жерде автор мен ұйым (газет, телевидение, сайт, т.б.) беделі бірге таразыланады. Грантты қаржылан­дыру­дың басты тетігі саланы, мамандарды сапа­ланд­ыруға бағытталады. Сонымен бірге бәсеке жағ­дайында сапалы ақпараттық өнім шығара­тындай қаржылық қолдау көздері айқындалады.

Біз осы заңның жұмыс нұсқасын талқылаған талай басқосуды көрдік. «Заң керек емес» дегеннен «Сала құқын шектеудің жолы» дегенге дейін түрлі пікір айтылды. Әрине, бұл бағытта да күрмек пен күрішті ажырата білген абзал. Әр талқылаудың маңызды болғанын да айтқан жөн. Тұтастай алғанда, заң жобасын мейлінше мұқият зерделеген журналистік қауымдастық, саланың ғылыми өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, депутаттық корпус – бәрі елдік абырой биігіне көтерілді деп санаймыз.

Әлбетте, идеалды деген дүние кемде-кем. Сондықтан ақпараттық саясаттағы өмір тәжірибесі баршасын тезге салары сөзсіз.

Кеше Бұқаралық ақпарат құралдарының қыз­мет­керлері күніне орай Ақордада өткен сал­танат­ты жиында Президент Қ.Тоқаев: «Мем­ле­кет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйт­кені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзек­тес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұра­тымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру», деді.

Мақсат пен мүдде бірлігіне қатысты осы ой бүгінгі БАҚ-тың мемлекетшіл өлшемі деп білеміз. Мәртебелі басқосуда Мемлекет басшысы ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының мерзімді баспасөзді елдік мінбер еткенін қаперге салып, ағартушылық сара жол лайықты жалғасын табу қажеттігін айтты. Сонымен бірге газет-журналдың классикалық мәртебесіне, өзгермейтін қоғамдық орнына айрықша тоқталды. Біздіңше, бұл – тарихи «Қазақ» газеті бастаған, кейін күрделі жағдайға қарамай жұртшылық үнін жеткізген «Еңбекші қазақ», кейінгі «Egemen Qazaqstan» қоштаған ізашар басылымдардың рөліне берілген әділетті баға. Осы пайым елдегі барша мерзімді басылымды жігерлендіреді деп есептейміз.

Осыдан дәл 100 жыл бұрын сол кездегі астана Орынборда Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі өтті. Оған елдегі Ахмет Байтұрсынұлы, сырттағы (Мәскеу) Әлихан Бөкейхан бастаған зиялылардың бәрі атсалысып, білім мен ғылымға, руханият пен елдік өріске байланысты маңызды мәселелерді шешудің жөн-жобасын ұсынды. Ең бастысы, съезд жұмысының барысы мен қаулы-қарарының түгелі дерлік «Еңбек­ші қазақ» (бүгінгі «Egemen Qazaqstan») газетін­де жарияланды. Сүбелі қарардың біразы баспа­сөзге қатысты. Мысалы, «Қазақ­стан орта­лы­ғында жігерлі, қолдарынан іс келетін азамат­тар­дан Кеңес сайлансын» дей келе, оған – «Баспасөз мекемелерінің жұмыстарын ынтымақ­­тас­тырып, кем істерін жоюға шаралар қол­дан­сын», «Қаламгерлердің басын қоса отырып, оларды қамсыздандыру шаралары қарастырылсын», «Кеңестің айтқан міндеттерді орындай аларлық арнаулы қаржысы болуға тиіс. Жетпеген қаржысы үкіметтен сұралсын», т.б. міндет жүктеген.

Халқымызда «Кеңесті ел кемімес» деген аталы сөз бар. Бұдан бір ғасыр бұрын елдік жүгін көтерген Алаш зиялылары мен басылымдары қиындықтан жол таба білді. Бүгінгі БАҚ осы өнегені ұмытпай, жаңа интеллектуалдық ағартушылықтың жалғасы, мемлекетшілдік пен қоғамдық әділеттіктің үні болуға тиіс.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ