Олжас Бектенов: Әлеуметтік көмір тек халықтың сатып алуы үшін жіберілуі керек

0
87

Алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралған Үкімет отырысында Премьер-Министр энергетика объектілері мен халықты отынмен қамтамасыз ету мәселесіне жауапты министрліктер мен әкімдіктердің назарын аударды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, энергия көздерінің отын қоймаларында 3,7 млн тонна көмір және 90 мың тонна мазут жинақталған. Жылыту маусымы үшін нормадан төмен отын қоры 4 станса бойынша анықталып отыр.

Үкімет басшысы конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуіне байланысты стансаларда отын қорын қамтамасыз ету мәселелері бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, мазутты бөлу тек 15 тамызда басталды. Логистиканы, қауырт жұмыс барысында туындайтын цистерна мен вагон тапшылығын және басқа да мәселелерді ескеретін болсақ, мазут пен көмір қоры уақтылы дайындалады дегенге сену қиын, деп атап өтті Олжас Бектенов. Бұл ретте Үкіметте көмір тасымалдауда дүрбелең туғызбай, вагондар тапшылығын болдырмау үшін шарттарды ерте жасасу, жеткізу кестелерін бекіту қажеттігі бірнеше рет талқыланды.

Көлік министрі Марат Қарабаев алдағы жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері теміржол көлігімен 17 млн тонна көмір тасымалданғанын, оның 1 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға, 16 млн тоннасы энергетика кәсіпорындарына бағытталғанын баяндады. Тасымалдауға 20 мыңнан астам жартылай вагон, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық көмірді тасымалдау үшін 11 мың және энергетика секторы үшін 9 мың вагон тартылды.

Сондай-ақ жеке вагон операторларының паркін 3 мың бірлікке дейін тарту мүмкіндігі бар.

«Өнеркәсіп және құрылыс, көлік министрліктеріне көмір мен мазут жеткізу бойынша Қазақстан темір жолының және өңірлердің міндеттемелерін орындау мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Көлік министрлігі, Қазақстан темір жолы және өңірлердің әкімдіктері бекітілген кестеге сәйкес коммуналдық-тұрмыстық көмір мен мазут көлемін уақытылы жеткізу бойынша шаралар қабылдасын. Әлеуметтік көмірді бизнес субъектілеріне сатуға жол беруге болмайды. Бұл көмір халыққа арналған», — деді Олжас Бектенов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ