Astana run: Елордада әуесқойлардың жазғы жүгірісі өтті

0
74

Елордада әуесқой спортшылар арасында дәстүрге айналған Astana run бәсекесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

2023 жылдан бастау алған Astana run жүгірісінің басты ерекшелігі оның 4 кезеңнен тұруында әрі жылдың әр мезгілінде өтуінде. Бүгінгі іс-шара – биылғы екінші жазғы жүгіріс.

“Astana run-ның басқа жарыстардан бірнеше айырмашылығы бар. Біріншіден, әр жүгіріс қаланың түрлі саябақтарында өткізіледі. Көктемдегі бәсеке Триатлон саябағында ұйымдастарылса, бүгін Орталық саябақта бас қостық. Неге? Себебі кей адамдар спортпен айналысса да, үйінің қасындағы жаттығу алаңдарынан ұзай бермейді. Сондықтан кейбіреулер үшін бұл жаңа тас жолы болуы әбден мүмкін. Екіншіден, біз балалардың жүгірісіне де мән беріп, жарқын эмоция сыйлауға тырысамыз. 3-6 жас, 7-9 жас,10-17 жастағы балалардың арасында жеңімпаз жеке-жеке анықталады. Үшіншіден, біздің әр жүгіріске қатысқан қатысушы медальдің бір бөлігін алып, төртеуіне де қатысса, домалақ күйінде толық медальді қалыптастырады. Жарысымыздың былтырғыға қарағанда танымалдылығы артып жатқанын байқадық. Тек Астана емес, өзге қалалардан да келушілердің қарасы біршама болды”, – деді жарыс ұйымдастырушы Диана Сабырова.

Шынымен де Astana run-ның ел аузына ілігіп, көпке белгілі болғаны бірден білінеді. Тура 1 жыл бұрын осы жарысқа қатысушылардың саны 300-400 адам болса, енді сұраныстың артуына байланысты ұйымдастырушылар нөмірлердің санын 700-ге (ересектер – 400, балалар – 300) көбейткен.

“Астана қаласында соңғы күндері жаңбыр жауып, күн күрт суып кетті. Бірақ бұл жүгіруге еш кедергісін келтірмейді. Отбасымызбен салауатты өмір салтын ұстанамыз. 400 метрлік қашықтықта нешінші келгенімді білмеймін. Бірақ жүлделі орын алу міндетті емес, бастысы қатысу. Осындай жүгірістер арқылы спорттық мінезімізді қалыптастырамыз”,- деді 6 жастағы Батырхан Асқарұлы өзінің эмоциясымен бөлісіп.

Жарыс барысында ересектер 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санатта жеңімпаздарды анықтаса, 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метр, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға жүгірді.

Жарыс қорытындысы бойынша, 10 шақырым қашықтықта ерлер арасында 31:42 уақыт көрсеткішімен Әлімжан Балтабек топ жарса, әйелдер арасында Әлия Тұранова 37:05 уақытымен чемпион атанды. Бұл спортшыларға 80 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

“Астана қаласының тұрғыны болғандықтан, кез келген жүгірістен қалыс қалмаймын. Оның ішіне Astana run да кіреді. Көктемгі турнирде де топ жарып едім. Бүгін де 1-орын бұйырды. Ауа райы, жарыс атмосферасы керемет. Ешкімді қарсылас деп санамаймын. Тек өзімнің уақыт көрсеткіштерімді жаңартуға тырысамын”,- деді чемпион атанған Әлімжан Балтабек.

Іс-шара аясында тек үздіктер анықталып қоймай, қатысушылардың арасында ұтыс ретінде естелік сыйлықтар ойнатылды. Енді күзгі жүгіріске тіркелу ресми түрде ашылады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ