ҚЫТАЙДЫҢ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ОҚУҒА ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІНІҢ ТІЗІМІ ЖАРИЯЛАНДЫ
? 2024-2025 академиялық оқу жылына арналған үкіметаралық гранттар шеңберінде Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған қазақстандықтардың соңғы тізімі жарияланды. 151 үміткерге стипендия тағайындау туралы соңғы шешімді қабылдаушы тарап – Қытай Халық Республикасы қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық тарап бұған дейін ҚХР жетекші жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға 326 үміткерді ұсынған болатын. Грант академиялық оқу, жатақханада тұру, медициналық сақтандыру шығындарын өтейді, сонымен қатар студенттерге ай сайын стипендия төленеді. Оқу ағылшын немесе қытай тілінде өтеді. Ұсынылған үміткерлер тізімімен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ bolashak.gov.kz сайтында танысуға болады.
Егер сіз оқуға арналған стипендиаттар тізімінде болсаңыз, онда 60 күнтізбелік күн ішінде оқуға шарт жасасу үшін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ға жүгінуіңіз қажет. Шарт жасасу үшін сайттың (bolashak.gov.kz) басты бетінде кезекті брондау қажет және өзіңізбен бірге жеке куәліктің түпнұсқасын алып келіңіз.
Егер шарт жасасу кезінде жеке қатыса алмасаңыз, онда нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша үшінші тұлға сіз үшін шарт жасаса алады.
Бұл жағдайда үшінші тұлғада сіздің жеке куәлігіңіздің көшірмесі, сенімхаттың түпнұсқасы және жеке куәліктің түпнұсқасы болуы қажет. Шарт жасасу бойынша егжей-тегжейлі кеңес алу үшін нормативтік құқықтық және шарттық қамтамасыз ету басқармасына
8-7172-76 90 79 (ішкі.170,181) хабарласа аласыз.