Ақтөбеде Қазақстандағы ономастика саласын жетілдіру мәселелері қаралды
Ақтөбе облысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Ономастика: Ұлттық танымға бетбұрыс» тақырыбында республикалық семинар өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Мамандар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ономастика саласын орталықтандыруға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заң нормаларын түсіндірді. Жаңартылған «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізіміне, сондай-ақ өзгерістер мен толықтырулары бар әдістемелік ұсыныстарға назар аударылды.
Сонымен қатар, қатысушылар ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жаңартылған ономастикалық атауларды халық кеңінен қолданатын карталар (Яндекс, 2ГИС) мен навигациялық құралдардағы атаулармен біріздендіру бойынша жан-жақты талқылау өткенін айтты.
Сонымен қатар, семинарда елді мекендердің төл және тарихи атаулары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған ұсыныстар айтылды.
Семинарға Республикалық ономастикалық комиссия мүшелері, өңірлердегі ономастикалық қызметке жауапты басқарма басшылары, сондай-ақ Ақтөбе облысы аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.