Адамға өмірлік азық болатын білімнің негізі

0
59
фото: сенат
Билік пен мектеп басшылығы мұндай сын-қатерге уақтылы назар аударып, қажетті шара қолдануы керек

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Астана қаласындағы №85 мектептің Қамқоршылық кеңесінің жұмысына қатысты. Кездесуге қатысушылар отандық білім беруді дамыту, мектептердің сыртқы қатерлерден қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балаларды буллингтен қорғау және білім ордаларын озық технологиялармен жабдықтау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ іс-шарада әлемдік стандарттарға сай оқыту әдістемесі және мектептерді жоғары білікті балалар психологтарымен қамтамасыз ету барысы сөз болды.

Нұртөре Жүсіп баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында мектептің атқаратын рөлі зор екенін айтты. Ол мектеп кезеңі балалардың интеллектуалды және адамгершілік дамуында ерекше мәнге ие екенін, бұл уақытта адамға өмірлік азық болатын білімнің негізі қаланатынын тілге тиек етті. Сенатор сонымен қатар ұлттың болашағын қалыптастыруда педагогтер мен психологтарға жүктелген миссияның маңызына назар аударды.

Сондай-ақ ол мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және балаларды буллингтен қорғаудың басым бағыттарына тоқталды. Балаларды қорғау проблемаларын шешу үшін оқу орындарында ықтимал қауіптердің алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі іс-шаралар кешені қарастырылған жаңа құжаттар әзірлеу және оны қолданысқа енгізу қажет.

«Қабылданған шараларға қарамастан білім беру жүйесінде балаларды қорғау саласында әлі де болса кемшіліктер бар. Бұл мәселені шұғыл шешу қажет. Жақында Қызылорда облысында болған қайғылы оқиға, сондай-ақ, бірқатар өңірдегі басқа да жағдайлар ата-аналар мен балалардың қауіпсіз емес екенін айқын көрсетіп берді. Мектептер білім алатын қауіпсіз орын болуға тиіс. Сондықтан білім ошақтарында зорлық-зомбылықтың тіркелуі сын көтермейтін жағдай. Билік пен мектеп басшылығы мұндай сын-қатерге уақтылы назар аударып, қажетті шара қолдануы керек», – деді Нұртөре Жүсіп.

Одан бөлек, Парламент депутаты жастар арасында лудоманияға, есірткіге және кибер тәуелділікке қарсы іс-қимыл бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ