Бұл жай ғана көмек емес, әділетті қоғам құруға қосқан үлесіміз

0
106
 фото: ашық дереккөз
“Мұқтаж жандарға баспана сыйлау – бұл жай ғана көмек емес, әділетті қоғам құруға қосқан үлесіміз”.

Halyk қайырымдылық қоры Астанадағы баспанаға мұқтаж отбасыларға арнап «Compass North» тұрғын үй кешенінен Астана әкімдігіне 400 жаңа пәтер берді. Бұл жоба қордың қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту және азаматтарға көмек көрсету жұмыстарының бір бөлігі ғана.

«Compass North» түрғын үй кешені әлеуметтік қолдауды ерекше қажет ететіндерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Астана әкімдігімен жасалған келісім аясында салынды.

“Мұқтаж жандарға баспана сыйлау – бұл жай ғана көмек емес, әділетті қоғам құруға қосқан үлесіміз. Тимур Құлыбаевтың “Halyk” қорының қолдауы бұл отбасылардың болашаққа деген сенімін арттырады деген үміттеміз. Біздің мақсатымыз – адамдар бұл үйлерде өмір сүріп қана қоймай, қамқорлық пен қолдауды сезінсе екен”, – деді қор басшысы Сағынбек Шүңкеев.

Шүңкеев сондай-ақ «Compass North» тұрғындары жайлы және қауіпсіз өмір сүре алатынын атап өтті: кешен аумағы бөгде адамдарға жабық, бейнебақылау жүйесі іске қосылған, ал балалар мен ересектер үшін спорт алаңдары, демалыс аймақтары мен серуен аллеялары бар.

Пәтерлердің алғашқы легі өткен жылы табыс етілген, ал қалған пәтерлерді Астана әкімдігі таратады.

“Compass North” тұрғын үй кешені “Нұрлы Жол” вокзалының ауданында орналасқан, 11 көпқабатты ғимараттан тұрады. Үй-жайлардың жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады, ал құрылыс құны шамамен 6,9 миллиард теңгені құрады. Барлық пәтерлерге ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілген және олар қоныстануға толық дайын.

2016 жылы құрылған Halyk қоры, Тимур Құлыбаевтың жетекшілігімен еліміздің түкпір-түкпірінде мұқтаж жандарды қолдауға және қазақстандықтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған 120-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, 85 миллиард теңгеден астам көмек көрсетті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ