«Шығыс салбұрыны» – құсбегілікті насихаттайтын шара

0
140

Ендігі кезекте қазан айының 10-14 күндері аралығында еліміздің шығыс өңірінде құсбегілердің ауқымды фестивалі өтеді. «Шығыс салбұрыны-2024» фестивалін аталмыш көшпенділер ойынының жалғасы деуге бола ма немесе атап айтатын басты айырмашылығы неде?

Өскемен қаласы Ұлан ауданы­ның мәслихат депутаты Нұртай Тілеужанға хабарласқанымызда, ол  дәстүрлі түрде өтіп отырған фестиваль жыл сайын ауқымын кеңейтіп, деңгейін өрлете түсуі тиіс екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, фестивальға респуб­ликаның әр облыстарынан, одан бөлек шетелдерден, атап айтқанда Бүркітші федерациясынан, Моң­ғолиядан, Венгриядан, Ресейден, Испаниядан, Қытайдан бас-аяғы 130-дан астам құсбегі қатысады. Фестиваль аясында ұйымдас­тырылатын шараға 5 мыңға жуық турист келеді деп жоспарланған. Оларды қызықтыру мақсатында 20-дан астам киіз үй тігіледі. Шағын киіз үйлер қалашығында қала қонақтары мен туристер бүркіттер мен сұңқарлардың  сайыстарын тамашалап қоймай, түйе көші, алтыбақан, садақ ату және басқа да ойын түрлерін қызықтай алады.

«Моңғолиядан көшіп келген Наркес, Горкий есімді бүркітші азаматтар 2019 жылы бүркіт бала­панын ұстаған. Алматыға арнайы барып, сол 3 құсқа құжат жасат­тық. Алғаш рет 2021 жылы өңірдегі 6-7 бүркіттің басын қосып, «Бүркіт тойын» жасадық. Ол кезде құсбегіліктен Үржар ауданында Қазақстан чемпионаты өтіп жатқан еді. Осыны пайдаланып, бүркітшілерді ШҚО-ға әкелуді ұсындық. Республикалық «Құс­бегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы бұған қолдау білдіріп, құсбегі­лердің басын ШҚО-ға алып келді. Ол уақытта 6 мемлекеттің бүркіт­шілері бас қосқан болатын. Ұлан ауданында фестивальдың халық­аралық деңгейде өтуі содан бас­талып, қалыпты үрдіске айналды. Қазір халықаралық деңгейдегі фестивальға қатысатын қазақ­стан­дық құстың басы 150-ден аспайды. Ал Моңғолияның бір ауылында 150 құс жиналады. Өйткені ауылдарының барлығы дерлік бүркіт ұстап, аң аулайды. Бүгінде біз де бүркіт бабын жақсы дамыттық әрі ол туризм саласына да оң әсерін тигізуде. Биыл мұндай фестиваль 4-ші рет ұйымдас­тырылуда.  «Құсбегілік» феде­рация­сының президенті Берік Уәли мұндай ауқымды фестиваль­дың бұрын-соңды болмағанын айтып алғысын білдіріп жатыр», – деді Н.Тілеужан.

Мәслихат депутатының ай­туынша, құсбегілік фестивалінің аясында туризм саласының кө­лемін ұлғайтуға мүмкіндік көп. «Шығыс салбұрынынан» кейін басқа да облыстарда «Бүркіт то­йын» өткізіп, киелі құс туралы халыққа таныстырылым өткізу жоспарланған.

«Бұл үрдісті 2019 жылы «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы шыққан кезде қолға алған едік. Алғашында облыс көлемінде өткізіп жүрдік, оның халықаралық деңгейге ұласуы көпшіліктің арқасы деп түсінеміз. Бата берсе де «Қырандай жаса қа­лық­тап» дейтін халықтың ұрпағы болғанымыз үшін құсбегілік дәстүрін кең көлемде атау өтуге міндеттіміз», – деп сөзін түйді депутат.

Бүркіт тойында екінші қызық­тыратын мәселе, жалғыз бүркітпен емес, асау үйретуді, тазы ит жарысын, барлық аудан киіз құр­ғанда әр аудан көрме, батыр­ларының суретін, жырларын әкеп қояды. Бүркіт тойын тамашалаған соң осы көрмелерді, салт-дәс­түрмен толық танысады. 7 киіз үйге Ұлан ауданында үлкен қол­өнер, ұлттық дәстүріміздің ырым­дарын көрсететін боламыз. Бір жерде өлең айтады, бесікке сала­ды. Биылғы жаңалығым – көш көрсетеміз. Екі түйеге жүк арта­мыз, алдында бүркіт ұстаған бесік өңгерген келін бар, осындай көрініспен жүріп өтетін бағдар­лама бар, сонымен қатар бүркіт биін билеп шығамыз деген жос­парымыз бар.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай немен жұмыс істегенімізге орай «AMANAT» партиясына есеп береміз, сол кезде осыған бай­ланысты бүркіт тойын ұйым­дастырдық.

Фестивальдың барлық қона­ғына өңірдің танымал гастро­фирмаларынан тамақтану ұйым­дас­тырылмақ. Жарыс бағдар­ламасына түрлі санаттағы бүркіт­тер мен сұңқарлар сайысы, «тазы» тұқымындағы жүйрік иттердің жарысы, «жамбы ату» және «теңге ілу» додалары кіреді.

Сонымен қатар фестиваль ая­сында ШҚО-ның аудандары мен  қалалары халық шығармашылығы мен ұлттық тағамдар, сусындар және бал-панта сияқты жергілікті өнімдерді таныстыру мақсатында жаппай қатыспақ.

Көшпенділер ойынында көп­шілік назарындағы құсбегіліктің географиясы да кең болды. Са­йыс­қа 10 елден келген 42 құсбегі қатысқан еді. Соның ішінде отан­дық құсбегі Серікбек Күн­туған бас жүлденің иегері атанғаны белгілі. Жүлдегер алдағы бекзат өнердің фестивалында да өнер көрсетеді.

«Атамнан қалған дәстүрді қазір балаларыма үйретіп жүрмін. Одан бөлек, шәкірттерім бар. 2018 жылы Қырғызстанда өткен көш­пен­ділер ойынында 3-ші орынға  ие болып едім. Биыл көшпенділер ойынына қатысқан оқушым екеуіміз бас жүлдеге ие болды. Қазақстан чемпионаттарына қатысып жүлдегер атанғаны да көп. Құсбегілік жарысы үш түр бойынша ұйымдастырылады: қаршыға, бүркіт, ителгі. Үш құсты да баптап жүрмін. «Шығыс сал­бұрыны-2024» – барлық құс­бегінің басын қосатын фестиваль. Сондықтан елімізден бәрі жиналады деп ойлаймын. Ал бұл фестивальдағы  бағдарлама шарт­тарының аталмыш көшпенділер ойынынан айтарлықтай айыр­машылығы жоқ. Көшпенділер ойыны санаулы құсбегінің ғана қатысуымен және бұрын қатысып көрмеген Канада, Грузия елдерінің келуімен ерекешеленді. Әрі әлем чемпионаты ретінде өткізілді. Ал «Шығыс салбұрыны-2024» – халықаралық фестиваль және оған еліміздің барлық өңірінде құсбегі қатысуға міндетті», – дейді ол.

Құсбегінің айтуынша, ойын шарттары қатаң сақталады және көшпенділер ойынындағы барлық ойыншыға бірдей ереже бойынша жүзеге асады. Ережеге сәйкес, 500-700 метр арақашықтан құсты қолға шақырады. Құсты қолдан ұшырып жібергеннен кейін ол біраз айналып, иесінің қолына келіп қонуы керек. Одан кейінгі шырға тарту бөлімінде ат үстінде отырған жігіт ұзындығы 20 метрдей жіпке түлкінің терісін байлайды. Ол «шырға» деп аталады. Сол шырғаны ұстап шапқанда, құсбегі қолда тұрған бүркітін шырғаға жібереді де, бүркіт соны бір ұшқанда қағып алуы керек. Егер екінші, үшінші әрекетте шырғаны алатын болса, ұпай саны кеми түседі. Яғни, шырғаны қағып түсіру секунды аз болған сайын ұпай саны көбейеді. Құсбегі Серікбек қазір заманауи электронды шырғаны пайда­ланатынын айтты.  Өйткені фес­тивальға шетелдік құсбегілер де қатысады. Сондықтан мұндай ережелер олардың ойын талап­тарына сай келмеуі әбден мүмкін.

Құсбегіліктің кіл мықтысын анықтайтын фестиваль жеңім­паздары арнайы сыйлықтармен қоса ақшалай марапаттарға да ие болады. Турнирдің жеңімпаздарын қаржылай марапаттау «Құсбегілік» федерациясының есебінен жүрігі­зіледі. Жүлдегерлер «Бүркіт салу» санаты бойынша бас жүлдеге – 500 мың теңге, «Қаршыға салу» – 450 мың теңге, «Ителгі салу»  450 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

https://aikyn.kz/

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз