Гиме музейінде Қазақстанның ұлттық көрмесінің ұйымдастырылуы – біздің қарым-қатынастарымыздың нақтылығы мен тиімділігінің дәлелі

0
25
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары қарсаңында Парижде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Францияның мәдениет министрі Рашида Датимен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Министрлер мәдени қарым-қатынастардағы елеулі ілгерілеуді атап өтіп, екі ел президенттерінің өзара сапарларының бірлескен бастамаларға жаңа серпін беретінін айтты.Кездесу барысында тараптар музейлер және мәдени мұра саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларациясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Гиме музейі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды қоса алғанда, бірқатар келісімдерге қол қойды.

«Қазақтың тарихи және мәдени мұрасын жаһандық гуманитарлық кеңістікке насихаттау және интеграциялау — мемлекеттің мәдени саясатындағы басымдықтардың бірі», — деді Аида Балаева.

Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты күшейту және «Courants du Monde» бағдарламасы аясында қазақстандық мамандарға арналған тағылымдамалар ұйымдастыру ұсынылды.

«Президент Тоқаевтың Францияға бұл мемлекеттік сапары мәдениетке қатысты көптеген мәселелерді қамтитынына қуаныштымын. Бүгін біз бірнеше меморандумға қол қоямыз. Бұл арадағы тығыз ынтымақтастықты көрсетеді. Сонымен қатар, Гиме музейінде Қазақстанның ұлттық көрмесінің ұйымдастырылуы – біздің қарым-қатынастарымыздың нақтылығы мен тиімділігінің дәлелі», – деді Францияның мәдениет министрі Рашида Дати.

Аида Балаева арада жасалған келісімдер мәдени байланыстардың одан әрі тереңдей түсуіне ықпал етіп, Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастарды нығайтатын жаңа бірлескен жобаларға негіз болатынына сенім білдірді.

«Біз киноөндіріс саласы, қазіргі заманғы қазақ әдебиетін Францияда және керісінше француз әдебиетін бізде таныстыру, концерттік ұйымдардың өзара іс-қимылы және балалар контентіне қатысты бірлескен мәдени іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін қарастыруымызға болады», — деді А. Балаева.

Сондай-ақ, музей сараптамасы бойынша тәжірибе алмасу, тарихи мұраны сақтау және музей ісіне жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Екі елдің министрлері креативті индустрия, оның ішінде, сән саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Аида Балаева этникалық сәнге және оның әлемдік деңгейдегі көрсетіліміне назар аударуды ұсынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары қарсаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Лувр музейінің президент-директоры Лоранс де Кармен кездесу өткізді. Кездесу мәдени алмасу мәселелері және Қазақстан мен Франция арасындағы перспективалы жобаларға арналды.

Тараптар Қазақстан музейлері мен Лувр арасында бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылады. Ынтымақтастық көрме қызметімен қатар, ғылыми-зерттеу, археологиялық зерттеулер, ғылыми материалдар жариялау және музей ісіндегі тәжірибе алмасу бағыттарын да қамтуы мүмкін.

«Бізді Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу бойынша бірлескен ғылыми жұмысқа қатысты ынтымақтастық қызықтырады. ҚР Ұлттық музейінің жанынан реставрация орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан Лувр музейінің ғылыми, кадрларды даярлау, көрмелер ұйымдастыру бойынша қолдауын алғымыз келеді», – деп атап өтті Аида Балаева.

Министр қазақстандық мамандар үшін мастер-класстар мен тағылымдамалар ұйымдастыру  кәсіби білім алмасу мен Қазақстанда музей ісін жетілдіруде маңызды қадам болатынын ерекше атап өтті.

«Біз ынтымақтастыққа, соның ішінде көрмелерді бірлесіп ұйымдастыруға да дайынбыз, себебі бұл Лувр музейінің халықаралық саясатына сай келеді», – деді кездесуде Лоранс де Кар.

Кездесу соңында екі тарап та бірлескен жобалар мен мәдени алмасу Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдететініне сенім білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары қарсаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде болып, ұйымның Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттонемен кездесу өткізді.

Кездесуде Аида Балаева ЮНЕСКО-мен бірлескен жобалар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі үшін басым бағыттардың бірі екенін айтты.

«Қазақ мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында кітаптарды аудару және бірлесіп шығару саласында табысты ынтымақтастық орнатуға болады. Мен ЮНЕСКО жобаларының, соның ішінде бірге атқарған жобалардың сәтті жүзеге асырылуы үшін барлық күш-жігерімді саламын», – деді А. Балаева.

Тараптар Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, атап айтқанда, Дүниежүзілік мәдени мұра ескерткіштерін қорғау, материалдық емес мәдени мұраны зерттеу және насихаттау, креативті индустрияларды дамыту мәселелерін талқылады.

«Кездесу Қазақстанмен Дүниежүзілік мәдени мұра, материалдық емес мұраны сақтау, сондай-ақ креативті индустриялар бойынша жүргізіліп жатқан түрлі жобаларды талқылау тұрғысынан өте нәтижелі болды. Кейінгі жылдары бірлескен жұмыс өте белсенді жүріп жатыр. Әсіресе, ЮНЕСКО мен Қазақстанның жобалары аясындағы жұмыстардың ілгерілеуі байқалады», – деді Эрнесто Оттоне.

Кездесу соңында Аида Балаева Эрнесто Оттонеге қазақстандық мәдениетті жаһандық деңгейде насихаттау және ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер арасында бірлесіп диалог құру жолындағы жемісті жұмысы үшін алғыс білдірді.

Парижде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аясында Гиме Азия өнерінің ұлттық музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлем тарихындағы Ұлы даланың үш мың жылдық ерекше мәдени феноменін паш ететін көрмедегі бірегей экспонаттардың маңыздылығын атап өтті.

Ол француз әріптестеріне көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени қарым-қатынастың маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Кейінгі жылдары Қазақстан мен Франция арасындағы байланыс артып, жаңа серпін алды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эммануэль Макронның өзара сапарлары екіжақты ынтымақтастықты нығайта түсті. Әріптесім, министр ханым Рашида Дати мен Гиме музейінің президенті, доктор Янник Линтцке осы көрмені ұйымдастыруда көрсеткен қолдауы үшін, сондай-ақ, Гиме музейі ұжымына жоғары деңгейдегі кәсіби біліктілігі мен үйлесімді жұмысы үшін ерекше алғысымды білдіремін», – деді Аида Балаева.

Экспозицияда Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының коллекцияларынан алынған 35 сирек артефакт ұсынылған. Олар Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін паш етеді.

«Музейдің биік миссиясы – өткеннің мәдени құндылықтарын көрсете отырып, заманауи тарихты жасау. Көрмеге қойылған ең құнды жәдігерлер алғаш рет шетелдік көрерменге заманауи, жаңашыл форматта ұсынылып отыр. Бүгін біз жаңа тарихтың – елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың даму тарихының куәсі болып отырмыз», – деді министр.

Көрермендер көшпелі мәдениеттің және мемлекеттіліктің дамуын бейнелейтін құнды мұраларды тамашалай алады, олардың қатарында ғұн-сармат кезеңінен бастап Қазақ хандығына дейінгі жәдігерлер бар. Көрменің ерекшелігі – көрерменге Қазақстан мәдениетінің санғасырлық тарихы мен бай қазынасын терең тануға мүмкіндік беретін иммерсивті мультимедиялық контент.

«Көрмеде Қазақстанның бес «Джокондасы» қойлған. Бұл көрменің идеясы бір жыл бұрын Франция президентінің Қазақстанға сапары кезінде туындады. Оның мақсаты – көрерменге Қазақстан мәдениетін, оның әлемдік тарихта алар орнын таныстыру. Көрме ежелгі тарихтан бастап 18-ші ғасырдағы Қазақстанға дейінгі аралықты қамтыған. Бұл – Қазақстанның пейзаждарын, дыбыстарын, әсіресе, осы өркениеттің бес кезеңін бейнелейтін бес шедеврді немесе шедеврлер ансамблін көрсететін иммерсивті саяхат», – деді Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейі директоры Янник Линц.

Көрме 2025 жылдың 24 наурызына дейін жалғасады.

5 қарашада, көрмені Қазақстан мен Франция Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон тамашалайды.

Айта кету керек, көрме жобасына Қазақстанның Франциядағы елшілігі, Болат Өтемұратов қоры мен Alstom Kazakhstan компаниясы, Visor Group ЖШС және Кеңес Рақышев қолдау көрсетті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ