Қазақстаннан 6 спортшы рингке шығады.
Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында алтыншы жарыс күні Қазақстаннан 6 спортшы рингке шығады.
Жекпе-жектер сағат 12.00-де басталады.
Алдымен екінші жұпта Оразбек Асылқұлов (57 кг) ширек финалда таиландтық Фануват Чуджанатпен қолғап түйістіреді.
Жетінші жұпта Бейбарыс Жексен (60 кг) тәжікстандық Акмал Убайдовпен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Оныншы болып шаршы алаңға Ерасыл Жақпеков (80 кг) көтеріліп, қырғызстандық Сағын Сатыбалды уулумен кездеседі.
Бұдан кейін әйелдер арасында үш қазақстандық сынға түседі. 14-жұпта Жазира Орақбаева (52 кг) тайбэйлік Ютин Луомен жұдырықтасады.
Он тоғызыншы жекпе-жекте Ұлжан Сәрсенбек (57 кг) Вьетнам өкілі Тран Нгуенмен, 22-жұпта Виктория Графеева тағы бір тайбэйлік Чень Сюань Ені сынап көреді.
Жеңген боксшылар жартылай финалға шығып, кемінде қола медаль алады.
Әзірге Қазақстаннан Алуа Балқыбекова мен Сымбат Әлиасқар ғана жарыс жолынан шығып қалды.