Менің ұстанымым – көрерменнің сеніміне қылаудай кірбің түсірмеу
Осы өлшем биігінен қарасақ, қазақ театры шынайы, жас сұлу өнер жасай алды ма? Егер жасай алған болса, театр тылсымының құпиясы қандай? Біз Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері, Өнертану PhD докторы, Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемировпен әңгімелескен едік.
Менің ұстанымым – көрерменнің сеніміне қылаудай кірбің түсірмеу
– Сіз сахналаған кез келген спектакль көрермен көзайымына айналып, театрға адам жинаудың өзгеше бір үлгісін қалыптастырды десек артық емес. Жалпы, сахналық қойылымдардың көрермен жүрегі-не жол табудағы құпиясы қандай?
– Ең алдымен әр режиссер қойылымды алар кезде алдына биік мақсаттарды қоюы керек деп есептеймін. Тіпті, тек өнердің алдындағы мақсат емес, сонымен бірге ұлтқа, өскелең ұрпаққа не айтамын деген көкейкесті ойлар режиссерге маза бермеуі керек. Режиссер өзі таңдаған шығарманың классикалық деңгейдегі ауқымына, ондағы көтерілетін тақырыптардың көркемдік көзқарасымен үйлесім табуына және ең бастысы өзектілігіне мән беруі керек. Шығарма өзекті болса, яғни бүгінгі күн сұрақтарына жауап беретіндей болса, ол шығарманың жарқын болашағы бар деген сөз. Өзекті мәселеге жауап беруден басқа сахнада бейне сомдап жүрген әртістердің бойында көркемдік тұрғыдағы биіктік, суреткерлік тереңдік болуы керек. Сондықтан көшпенділердің «мінезін білмейтін атқа мінбейтін» тәмсілі сияқты туындыны әбден танып, режиссура тілінде айтсақ, әбден экспликациясы піскеннен кейін барып қойылымды сахналауға кірісемін. Мысалы, рекордтық көрсетілім жинаған «Гауһартастың» сахналық ғұмырының дүниеге келуінде жоғарыда айтқанымдай, белгілі бір деңгейдегі талаптар мен шарттардың әсері бар. 2023 жылдың 16 ақпанында сахналанған «Гауһартас» биыл бұйырса, 25 желтоқсан күні 250-мәрте көрерменнің алдына шығады. Қазір «Гауһартас» біздің рухани төлқұжатымызға айналды. «Гауһартастың» дүниеге келуіне әсер еткен фактор көп.
Мені тек режиссер емес, қазақтың өнерде жүрген перзенті ретінде, бүкіл шығармашылығын, өмірін осы өнерге арнап келе жатқан азаматы ретінде Қаңтар оқиғасы қатты толғандырғанын жасыра алмаймын. Мәселен, Қаңтар оқиғасы ұлтымыздың болмысын, әлеуметтік келбетінің қандай деңгейде екенін көрсетті. Қаңтар оқиғасынан кейін біздің қазақ қоғамында әкенің, ананың бейнесі қандай екенін, отбасы, шаңырақ дейтін аяулы ұғымның күнделікті өмірде қалайша көрініс тауып жүргенін, тамыры тереңде жатқан ұлттық отбасылық институттың түйінді мәселелерін зерделедім, сараптадым. Сөйтіп, «Гауһартастың» инсценировкасын жасап, сахналауға кірістім. Басында Дулат Исабеков ағамыз қатты қарсы болды. «Гауһартас» повесі – Дулат ағамыздың 1967 жылы жазған тырнақалды туындысы. Қазақ әдебиетінің классикалық үлгісіне айналды, оқулықтарға енді. Ал 1975 жылы Шәріп Бейсенбаев ағамыз «Гауһартас» фильмін түсірді. Көрсетілімі жағынан «Қыз Жібектен» кейінгі екінші орынды иеленді. «Енді Асхатжан, осындай ел мойындаған туындыны сахнаға шығарғаннан не табайын деп отырсың?» – деді Дулат аға.
Бірақ мен: «Гауһартасты» қалайда сахналауым керек, өз театрымның жас әртістерімен қоюым керек», – деп табандап тұрып алдым. Гауһартастың сахналық өмірі болуы керек деп шештім. Повестің аты айтып тұрғандай, сахна кеңістігінің «Гауһартасын» жарқыратып қоямын, «жақұт қойылым» етіп шығарамын деп авторға уәде бердім. Мені құлшындырған театрдағы 21 мен 30 жастың аралығындағы дарынды жас әртістерімнің қуаты, актерлік әлеуеті еді. Дулат аға батасын берді. Сөйтіп, автордан прозалық шығарманың сахналық нұсқасын жасауға рұқсатын алдым. Қойылымның кілтін тауып, бірден әзірлікке кірістік. Екі ай жарым уақыттың ішінде қойылым дайын болды.
Нәтижесінде, сөз, ән, би үйлесім тапқан музыкалық драма жанрындағы спектакль жарыққа шықты. Дулат Исабеков ағамызбен қатар отырып, осы қойылымды бес рет көрудің сәті түсті. Екі рет Алматыда, үш рет Астанада. Дулат аға бесеуінде де көзінің жасын тыя алмады. Автордың ортамызда жүруі, туынды хақындағы жазушылық ойы, кейіпкерлері туралы пікірлері біздің әртістерге серпін мен шабыт берді. Былтыр білесіздер, өнер саласындағы «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының жеңімпазы және «Жылдың үздік музыкалық драмалық спектаклі» атанып, 7 миллион теңге жүлдені жеңіп алды. Ал биыл 2024 жылы, халықтың ашық дауыс беруі арқылы бағалайтын «Тикетон» мемлекеттік театрлар арасында «Жыл қойылымы» деп «Гауһартасты» таныды.
– Алғаш Астанада Музыкалық жас көрермен театрын ашқандағы мақсат қандай еді?
– Театрымыз 2020 жылы 14 желтоқсанда «Абай-Тоғжан» драмалық қойылымымен ашылды. Төрт жылдың ішінде 25 қойылымды сахналадық. Аз ба, көп пе білмеймін. Бірақ осы 25 қойылымды сахналауда театр әртістерінің маңдай тері ғана емес, сахна сыртындағы мамандардың да еңбегі зор. Мысалы, жарық қоюшы, дыбыс режиссері, декораторлар, сценографтар, киім суретшілері, дирижер, хормейстр, балетмейстр, композитор, ән өңдейтін мамандар, осылардың барлығының еңбегі жатыр. Меніңше, әрбір театр ашылған сәттен-ақ оның өзіндік эстетикасы мен стилі, тіпті өзіне тән ерекше көркемдік болмыс-бітімі болуы керек деп есептеймін.
Қазір біз отырған ғимаратта бұрын Қалибек Қуанышбаев театры болды. Тәуелсіздікпен иықтас 29 жыл еңбек еткен театр ғимаратына осы жылдар бойы астаналық көрермен жол салды. Сондықтан алғаш Астана қаласының әкімдігі «Асхат Максимұлы, аналогы жоқ, тіпті кездеспейтін, тіпті кездессе де сирек кездесетін, сондай бір театрдың құрылымын жасасақ» деп ұсыныс айтқанда, бізде жас көрермендерге арналған музыкалық театр жоқ екенін айттым. Әрине, опера театры, балет театры, музыкалық драма театрлары бар. Бірақ жасөспірімдерге, студент жастарға арналған музыкалық театр жоқтың қасы. Осындай жағдайлар ескеріліп, театр ұжымын жасақтауды қолға алдым. Бүгінде театрда 70 әртіс жұмыс істеп жатыр. Оның сыртында Руслан Баймурзин жетекшілік ететін камералық оркестр, Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін этнофольклорлық ансамбль және Болат Жолдасов жетекшілік ететін вокальды аспаптық ансамбль жұмыс істейді. Ақшасына билет алып келген көрерменге шынайы өнерді көрсету – басты мақсатымыз. Жалпы көрермен театрға неге жиі келуі керек? Біріншіден, олар сахна төрінен өздерінің көкірегіндегідей ой-арманды, өмірдің шындығын көргісі келеді. Екіншіден, өзі өмір сүріп отырған қоғамның, әлеуметтің тыныс-тіршілігін өзінің бойынан, жүрегінен, санасынан өткізгісі келіп келеді. Ал біздің алдымызға қойған талабымыз – көрерменнің бізге деген сенімі мен үмітіне қылаудай болса да кірбің түсірмей, таза, саф өнерді, шынайы өнерді көрсетуіміз керек.
Өзім де көрерменге ешқашан өтірік айтпауға, алдамауға серт бердім. Жалпы, суреткер ретінде менің сахнадағы жалғандыққа жаным қас. Сахнадағы ешқандай қисынға сыймайтын жалған патетикаға, жалған мақамдап сөйлейтін дауыстар мен өтірік, жасанды күлкілерге, әртістердің жасанды мимикалары мен жасанды көз жастарына, қасірет шегу дегенге режиссураға, театр әлеміне келгеннен бастап жаным қас. Менің ойымша, театрдың басты қаруы – шынайылық, өмір шындығын көрсету. Біздің театрымыздың тағы да бір басты ерекшелігі – өнер кеңістігіндегі «мектеп-студия-театр» деген үштаған ұғымды темірқазық етуінде жатыр. Біз театр әлемінің осы әдістемесі, бағыты бойынша жұмыс істейміз. Мұндай театрда тек рухтас, идеялас, мұраттас жандар еңбек етеді.
Ар ілімі отбасында жиі айтылуы керек
– Шынайылық, тазалық туралы айтып жатырсыз ғой. Жалпы, қазақтың ұрпақ тәрбиесіндегі уәдеге беріктік, антқа адалдық, аманатқа сақтық секілді туабітті мінезді, тұтас болмысты қалыптастыратын ұғымдардың бүгінгі күн тәртібіндегі маңыздылығы қандай? Сіздің ойыңызша, бұл қасиеттер қазір қоғамда қалай көрініс тауып жүр?
– Жалпы, ұлттық болмыс-бітім ұлттың мінезі арқылы көрініс тауып жатады ғой. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жаһандану кезеңінде қазақтың мінезі бұзылып бара жатыр. Мұның себебі әлемде материалдық құндылықтардың қанат жаюынан шығар. Адам санасын материалдық культ құрсаулаған кезде рухани құндылықтар жетімсіреп қалады, тоқырап қалады. Қазір қазақтың қанында бар еркектің мінезі де, әйелдің мінезі де бұзылып бара жатыр. Қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейді. Расында да, сертке, уәдеге беріктік секілді қасиеттерден айырылып барамыз. Азаматтардың асқақ тұлғасы ешқашан аласармауы керек. Азаматтарының арманы асқақ, мақсаты биік қоғам алға ұмтылады. Бұрынғыдай әкенің мысы, әкенің рухы, әкенің сесі болмайынша отбасында береке болмайды. Қоғамдағы қылмыс, келеңсіз жағдайдың барлығы әке рухының төменшіктегенінен, әлсіздігінен болып жатыр деп ойлаймын. Әкенің айбары керек. Әкенің асқақ бейнесін арқау еткен спектакль қойсам деген ойым бар.
Әкені кез келген перзент санасы арқылы жақсы көреді. Мысалы, патриот деген сөздің өзі латынның Pater (әке) деген сөзі. Балаға отанды сүю деген патриоттық тәрбие береміз ғой. Яғни, отанды сүю үшін барлық жерде балаларға патриоттық тәрбие беріледі. Отанды адам санасы ояу тұрғыда, сергек сезіммен жақсы көреді. Сол сияқты қоғамға әкелік махаббат көбірек керек сияқты. Себебі адам әкені саналы түрде жақсы көрсе, ананы ессіз, себепсіз жақсы көреді. Өйткені анамен туғаннан кіндігің байлаулы. Ананы неге сүйетініңді түсіндіре алмайсың. Ал әкеге келгенде адамның ойында сыни талдау басталады. Жігіттердің бойына жігер, қайрат, ішкі рух, намыс секілді қасиеттер орнығуы үшін балалар әскерге барғаны дұрыс. Театрда да, кез келген ортада жүргенде жастарға азаматтық борышыңды өтеп келу керек деп үнемі айтып жүремін. Мемлекеттің қуатты әскері болуы үшін азаматтарымыздың рухани өзегі мықты болуы тиіс. Олардың жан сарайында семсердей сертке беріктік, адамгершілік, ізгілік, ар-иман салтанат құруы тиіс. Жастарымыздың қанында тектілік секілді феномендер ағып жатса, кемелденген ел ретінде дами беретініміз анық. Егер мінез жоғалса, ұлт жойылады.
– Біздің түсінігімізде мінез, адамгершілік туабітті, ана сүтімен сіңетін қасиет саналады. Бірақ адам бойына тәрбие арқылы ұлт мінезін сіңіруге бола ма? Сіз өз шәкірттеріңізді қалай тәрбиелейсіз?
– Қазір есіме түсіп отыр. 5-6-сыныпта оқып жүргенде «Кім боламын?» деген атаумен диспут кештер өтетін. Сонда мен «Тәрбиеші боламын» дедім. Өзіңіз білесіз, ауылдың мектебінде, интернатта тәрбиешілер бар ғой. Сондықтан болар, менің сөзіме сыныптас оқушылардың бәрі күлді. Басқа балалар ғарышкер, инженер боламыз деп жатқанда мен неге тәрбиеші боламын деп айтқанымды сол кезде өзім де түсіне алмадым. Бірақ сол өзімнің миссиямды қазір түсініп жүрмін. Театрда қойылымдар қоя жүріп, университетте болашақ кәсіби әртістерді дайындай жүріп, расында да тәрбиешіге, ағартушыға айналғандаймын. Мен әрқашан өзімнің отбасымдағы бақытты сәттерді, отбасымдағы рухани үйлесімді театрға, шәкірттерімнің ортасына алып келемін. Неге? Өнерде «Театр-шаңырақ» деген ұғым бар. Ұжымдағы көп жастар мені өнердегі әкесі ретінде, рухани ұстазы ретінде санайды. Шәкірттерім кейде әкесіне батып айта бермейтін сырларын маған айтады. Әрқайсысымен сырласа аламын. Бұл менің ашықтығымнан, сыр сақтай алуымнан болар деп ойлаймын. Өнерде ең алдымен әртістердің жақсы азамат болуына ұйытқы болуым керек деген ой маза бермейді. Театрымыз құрылған осы төрт жылдан астам уақыттың ішінде, біздің ұжымда бір-біріне үйленген 15 отбасы дүниеге келді. Яғни, бір жерде еңбек ететін 30 қызметкер, 15 отбасы таңертең жұмысқа бірге келіп, кешке үйлеріне бірге қайтады. Шәкірттерімнің үйлену тойынан бастап шаңырақ құрғаннан кейінгі кезеңдерінде де тәрбиелік, рухани ұстаздық жолымды, жөнімді үйретуден талмаймын. Тіпті, дүние есігін ашқан сәбилеріне де, өнердегі немерелеріме мейірім төгуге тырысамын. Менің өмірлік серігім Нұргүл Бекетқызы да өнер университетінде студенттерге кәсіби ағылшын тілінен сабақ береді. Димаштың анасы Светлана Айтбаева мен Нұргүл екеуі театрдағы жас отбасылардың сәбилерін бесікке салу, тұсау кесу секілді ұлттық салт-дәстүрімізді жасау кезінде ортамыздан табылып, өздерінің білгендерін жастарға үйретуден талмайды.
Шәкірттерімізге ұлттық құндылықтарды өздері құрған шаңырақтың темірқазығы қылып сақтап қалу үшін рухани құндылықтарды ұқтыру мақсатында өзімнің отбасылық тәжірибедегі түйген ой-толғаныстарыммен жиі бөлісемін. Яғни, отбасындағы отағасы мен отанасының рөлі қандай, жас келін, күйеу жігіт қандай болу керек, азаматымен қалай сыйласа білуі керек, осының бәрі қоғамның, мемлекеттің мықты, берік іргетасы болуы үшін маңызды. Мен үшін сөзім мен жасап жүрген әрекетімнің үйлесім табуы маңызды. Сондықтан өз ұлдарыма да, өнердегі шәкірттеріме де өмірдегі жасап жүрген әрекетім, сөзім, жүрісім, жақсылыққа жаршы болатын жасампаз істерім үлгі болса, ізімнен келе жатқандарға импульс бере алғаным деп ойлаймын.
Ал отбасында әке мен ана – баланың пікірімен санасуы арқылы ғана, оларға мейірім, махаббат сыйлай алатынын ұмытпауымыз керек. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқандықтан, баланың ішкі ой еркіндігі қалыптасуы үшін, бала қоғамның белсенді бір мүшесіне айналуы үшін дастарқан басында еркін пікірталас болуы керек. Әкеге деген құрмет, анаға деген ізет міндетті түрде отбасында қалыптасуы керек. Қазір түрлі коучтар, психологтер Еуропадан, Ресейден келген менталитетке қатысты психологиялық дәрістер мен сабақтарды қазақ тіліне тікелей аударма жасап алып, соны жеткізгісі келеді. Жер ортақ болғаннан кейін адам баласының мінезіндегі сүйініш, күйініш, қорқыныш махаббат секілді сезімдер барлық ұлтқа тән шығар. Бірақ қазақтың өзінің тамыры тереңде жатқан отбасылық институты бар. Ол институтта әкенің асқақ, ананың аяулы бейнесі бар. Әйел – отбасының шуағы, жылуы, мейірімі. Ал әке – киелі діңгек, темірқазық. Ар-ожданын сақтау, ала жіптен аттамау, намыс мәселелері, жалпы ұлтымыздың ар ілімі мектепте емес, отбасында жиі-жиі айтылып отыруы керек. Сондай-ақ менің сахна төрінен көрермендерге айтатын, шәкірттеріме беретін ұрпақ тәрбиесі, ұлт тәрбиесі хақындағы азаматтық ұстанымдарымның тұжырымдамасы – шығармашылығымның, көркемдік қойылымдарымның, суреткерлік көзқарастарымның рухани өзегінде жатады десем болады.
Талантты мөлдір көзқарасынан тануға болады
– Театр актерлерін қалай таңдайсыз? Қазір өнерге келетін жастар көп пе?
– Актер таңдауда, әртістермен жұмыс істеуде әртүрлі әдістемені қолдануға мүмкіндік беретін театр педагогикасында ұстаздық етіп жүрген қызметім де әсер ететін тұстары бар. Себебі мен талапты баланың алғаш университет табалдырығын имене аттаған, өнер әлемінің есігін ашайын деп жатқан сәтінен бастап бойындағы талантын тап басуға дағдыланғанмын. Бір бала керемет би билейді. Біреуі ән орындағанда табиғи даусымен тәнті етеді. Енді біреуі көркемсөз оқу арқылы өзінің дарынын дәлелдейді. Ал бір балада соның үшеуі де жоқ. Бірақ ол балада дүниеге деген мөлдір көзқарас бар, қоршаған ортаға деген өзінің түйсігі, танымы мен тағылымы бар. Кейде таланттың бұлақ бастауы таза көзқарастан, шынайы мөлдір танымнан пайда болады.
Ал театрдағы әртістерімнің таптаурындылыққа түсіп кетпеуін өзім жиі қадағалаймын. Себебі таптаурындыққа түсіп кетті деген тоқтайды, тоқырайды деген сөз. Рөлдерінің бәрі бір-біріне ұқсап кетеді. Сондықтан жанрлық сипаты бір-біріне ұқсамайтын рөлдерді көп беруге тырысамын. Кейбір қойылымдарда баласы мен әкесін ойнап жүрген актер бір-бірімен жасты болуы мүмкін. Ондай кезде артистің ішкі әлеуетін пайымдап отырамын. Меніңше, театрда еңбек ететіндер адамтанумен айналысады десем қателеспеймін. Режиссер – шығармашылықтан, суреткерліктен бөлек, адамтанушы. Сондықтан көбіне рөл бөлер кезде және қай рөлге қай әртістің ампуласы келеді, қай рөл табиғатына жақын, табиғатына қарама-қарсы екенін елеп-екшер кезде адамтанушылық тәжірибем көмектеседі.
Қазір актер болсам деген жастар өте көп. Бұл жақсы, әрине. Отыз талапкер келсе, соның екеуінің мақсаты басқа болуы мүмкін. «Тезірек танымал болсам» деп келетіндер де бар. Бір жағынан жастардың сол өнерге қатысты техникалық мамандықтарға да (сценография, жарық қоюшы, дыбыс режиссері т.б.) көбірек барғанын қалаймын. Бұл мамандықтарға еліміздің театрларында сұраныс көп. Театрларда техникалық мамандар жетіспейді. «1 Негізі, пайыз талант, 99 пайыз еңбек» қағидасы өнер адамы үшін басты ұстаным болуы тиіс. Өнердің биігін бағындыру жолында тынымсыз еңбек ету, тер төгу, ізденуден талмау – басты шарт.
– Сізді режиссер ретінде не алаңдатады? Аласармау, абырой биігінде қалу тұрғысынан алғанда болашақ жоспарыңыз қандай? Репертуар таңдағанда нені басшылыққа аласыз?
– Бүгінгі бағындырған биікті аласартпау, тіпті 25 қойылымның көркемдік деңгейін түсірмей бабында ұстап тұруға да күш, актерлердің шығармашылық еңбегі керек.
Ермек Аманшаевтың «Шәкәрім» тарихи драмасын арнайы өтініш білдіріп жаздырғанбыз. Осы туындыны сахналау үлкен жоспарда тұр. Мұндағы мақсатымыз – кемел адам, адал адам, бойында әділет, еңбекқорлық үйлесім тапқан кәдімгі толық адам философиясын сахнаға әкелу. Қазақта кемел адам философиясын Абай мен Шәкәрімнен артық кім жеткізе алды. Шәкәрімнің рухани формуласын, Шәкәрімнің тек суреткерлік емес, рухани әлемін көрермендердің санасына шуақ етіп шашсақ, сәуле етіп құйсақ, рухани дән қылып ексек деген мақсатта «Шәкәрімді» сахнаға дайындап жатырмыз. Оған кем дегенде жүз, жүз елу адам керек болады, Шәкәрімнің әндері де айтылады, күйлері де тартылады, өлеңдері оқылады. Ең бастысы ұлтына рухани кемеңгер ретінде үлкен жол көрсетіп кеткен тұлғаның бүкіл өмірі мен қилы тағдырын шығармашылық шеберлікпен көрсеткіміз келеді. Бастысы ұлтты сүю, елді сүю, ұлтқа деген қызметті көрсете алсақ деген ойымызды іске асыру.
Әлемдік классикалық драматургияларды сахналауға артистердің қарым-қабілеті, кәсіби шеберлігі пісіп жетілді деп есептеймін. Сондықтан Антон Чеховтың өмірінің соңғы жылдары жазған «Иванов» деген дүниесін сахналасақ деген ойым бар. «Иванов» қазақ тіліне аударылмаған, соны қазақ тіліне көркем тәржіме жасай отырып, шығармадағы адамзаттық мәселелерді көтерсек дейміз. «Қайткенде адам қалады, адам болып» деген мәселені сахна тілінде сөйлетсек. Шекспир шығармаларын сахналайтын кезеңге де жақындаған сияқтымыз. Оның да уақыты «пісіп» келе жатыр. Келесі жылдың аяғына қарай «Жау жүрек мың баланы» саунд-драма жанрында қойғымыз келеді. Ондағы мақсат елді қорғайтын жас батырлардың өмірі мен қаһармандығы арқылы бүгінгі ұрпақтың бойында отаншылдық, патриоттық рухшылдық, елжандылық сезімді биіктеткіміз келеді. Елді қорғау, жерге қорған болу әрбір азаматтың борышы екенін көрсетсек дейміз. Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» шығармасын бөлек, өзгеше бір формада сахналау жоспарымызда бар.
Біз музыкалық театр болғандықтан, қазақтың көрнекті компазиторы Төлеген Мұқамеджановтың әндерінен «Қимай сені барамын» атты отандық мюзикл және «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын» деген әдемі әндер жазған Лена Әбдіхалықованың да керемет әндерінің негізінде мюзикл сахналауды жоспарлап отырмыз.
Келесі жылы Қырғызстанға, Әзербайжанға халықаралық театр фестиваліне қатысуға шақырту алып жатырмыз. Биыл Астананың Мәскеудегі өнер күндері шеңберінде «Қыз Жібек» пен «Гауһартасты» алып, Ресейге барған болатынбыз. Қытайдағы қандастар да шақырып жатыр. Қазақтың театр өнеріне шөліркеген көрермен тек Қытайда ғана емес, Өзбекстанда, Монголияда, Ресейде де бар. Өзіміздің елімізде де біздің келгенімізді сағынып, аңсап, күтіп отырған республиканың түкпір-түкпіріне гостролдік өнер сапарларын өткізу жоспарымызда бар.
Ұлттық дүниелерімізді әлемдік театр кеңістігінде сөйлете алсақ…
– Қазақтың халықтық философиясы Шәкәрімнің «Келдім қайдан, барам қайда, не етсем пайдам» деген тұжырыммен түйінделетін сияқты. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келдіңіз, жалпы еуропа, батыс мәдениетінен біздің өнер театрымызға қандай элементтерді алып келу керек және нені әкелмеу керек деп ойлайсыз?
– Театр екі бағытта өрбиді, дамиды. Оның біреуі – дәстүрді сақтай отырып, өнердегі сабақтастықты үзбей жалғастыру арқылы дамыту. Екіншісі – заманауи театр әлеміндегі лобораториялық тәжірибелік ізденістерді, яғни жаңашылдықты ту ету. Мендегі мақсат – өзіміздің ұлттық рухани мәдени құндылықтарыма, өзімнің ұлттық рухыма уызынан жарыған адам ретінде дәстүрді, қазақтың этнографиясын, дүниетанымын жас ұрпаққа дәріптеу, халықаралық аренаға айшықтап шығару. Ал шетелдегі инновациялық мәдени ізденістерден, сценографиялық, режиссерлік тұрғыдағы өзгеше бір техникалық жаңашылдықтарды қысылмай әкелуге болатын секілді. Себебі театр әлемге ортақ өнер. Театр режиссурасы мен сценографиясында шекара болмайды. Сахналық мизансцена түрлерінің қай-қайысысы да әрбір елдің театрларына тән. Адам бойындағы сезімдердің барлығы барлық халыққа тән. Бірақ кейбір ұлтымыздың рухани болмысын айшықтайтын дүниелерді сахналау кезінде өте қырағы болуымыз керек. Мөлдір де қастерлі туындыларымызды былғамауымыз керек. Менің ұғымымда М.Әуезовтің «Қаракөзі», «Еңлік-Кебегі», сондай-ақ Ғ.Мүсіреповтің «Қыз жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиялары – ұлтымыздың аяулы ары мен ұяты, асыл арманы. Сондықтан осы «Ар» деп аталатын мөлдір айдынымызды ешқашан лайламауымыз керек. Кейде шетелдік жаңашыл дүниелердің кейбірі таңсық емес, қаңсық болып шығуы да мүмкін. Одан сақ болғанымыз абзал. Келсін, келмесін жылтырақ дүниені жапсыра беру ұлттың өнерін биіктетпейді. Ұлттық дүниелерді сахналар кезде осындай бір жауапкершілікке құрылған ішкі таразы, екшейтін елек менің санамда да, жан сарайымда да отырады. Жас режиссерлерімізді Әуезовті, Аймауытовты, Мүсіреповті, халықтық эпостарымызды сахналар кезде «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген әрекеттен аулақ болса екен деймін. Қазақ драматургиясы, тіпті әлемдік драматургия болсын, театр репертуарына алар кезде, осы қойылыммен «қоғамға не айтамын, ұлтқа не беремін» деген сұрақты өз-өзімізге қойып отыруға тиіспіз.
– Бөлмеңізге кіргенде Әлихан, Ахмет, Міржақыптың портреті көзге бірінші түседі екен…
– Менің өмірімде жастық максимализмге тән кезеңдер де болған болар. Қазір мен, менің замандастарым Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың жасындамыз. Сондықтан біздің жасымызда шетелге еліктеу, өзінің ұлттық құндылықтарынан ұялу – кембағал психология болып есептеледі. Осындай бір құлдық психология мен комплекс жастарымыздың бойында мүлдем болмауға тиіс. Мені ұлттық дүниелеріммен әлемдік театр кеңістігінде не айтамын деген ой жиі ойландырады. Мен де елу жастан астым. Үш немереге атамын. Өзімнің өмірімді бейнелі түрде үш кезеңге бөліп қарасам болады. Мәселен, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» бәрімізге таныс. Қожа кәдімгі ұлттық колоритке, ұлттық мінезге бай қазақ балаларының типтік бейнесі. Біз де бала кезімізде Қожа болдық. Қожа мінезінің ар жағында жақсылық жасау, мақсатына деген ұмтылыс, есті еркелік бар. Ал 20 жастан бастап 40-қа дейінгі кезеңде өзімді Антон Чеховтың «Шағала» драмасындағы Треплев болдым деп ойлаймын. Треплев секілді театр деп аталатын үлкен кеңістікте өзімнің ішкі суреткерлік «Менімді» іздедім. Кейіпкер – Треплев сияқты мен де қатып қалған қасаң қағидаларды сындыруға тырыстым. Сол «сахналық қағидалардан» шыға отырып, өзгеше бір көркем әлем жасап жүрмін деп есептеймін. Кім біледі. Әлі де ізденуден талмай, өнердің жаңа көкжиектерін танумен келемін. Ал қырықтан асқалы он жыл уақыт болды драматургиядағы көркем бейнелердей емес, шынайы ұлтқа қызмет еткен тұлғалардай болсам деген асыл мақсат мені қатты толғандырады. Осы бір санамдағы ой-толғақтар жұмыс бөлмемдегі Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды ұлт зиялыларының портреттеріне қарап, олардың бейнесімен сырласуға итермелейді. Әзербайжан Мәмбетов, Болат Атабаевтың бейнелерімен ойша сырласып, тілдесіп отырамын. Бұл сырласудың астарында адамның ойын жинақтайтын, суреткерлік етек-жеңімді түзеп отыруға мүмкіндік беретін бір тылсым құдірет бар. Біз аруақтан именетін халықпыз ғой. Алаштың рухани ұстазы саналатын халқымыздың аяулы ұлдарының биік тұлғасы менің де шығармашылығыма, азаматтық ұстанымдарыма үлкен серпін беріп келе жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ