Астана мен Доханың ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігін нығайтудағы рөлін жоғары бағалады

0
21
фото: Президенттің баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады. Әңгімелесу барысында елімізде энергетика, телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қарастырылды, деп хабарлайды zamandas.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Power International Holding (PIH) компаниясы Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының екінші желісін, сондай-ақ жаңа компрессор станциясы мен Ақтөбе-Қостанай магистральді газ құбырын салуға қатысады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобалардың еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына назар аударды.

PIH Директорлар кеңесінің төрағасы Муатаз Әл-Хаят қазақ тарапымен телекоммуникация, энергетика салаларындағы инвестициялық жобалар бойынша түбегейлі келісімге келгенін айтып, аталған бағыттағы жұмысты іске асыру жоспарын таныстырды. Сонымен қатар, компания қазір Қызылорда облысында бу-газ қондырғысын салу және облысаралық электр желілерін тарту жобаларына келіссөз жүргізіп жатыр.

Бұдан бөлек, Қатар конгломератының басшылары жасанды интеллект бағытында бірлескен бастамаларды қолға алуға қызығушылық танытып отыр. Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі тарапынан қатарлық инвесторға қолайлы жағдай жасалатынын растап, барлық жұмысты жоғары стандарттарға сай нәтижелі орындаудың маңызын атап өтті.

Айта кетсек, Қатар астанасы – Доха қаласында 7-8 желтоқсанда жаһандық сын-қатерлерді талқылап, түрлі саладағы инновациялық шешімдерді іздеуге арналған халықаралық форум (Doha Forum) өтеді.

Президент Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджриді қабылдады. Кездесуде жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Nebras Power компаниясы мен «Самұрық-Энерго» АҚ-ның арасында Семей ГЭС-інің құрылысына қатысты келісімге қол қойылғанын құптады. Станцияның қуаттылығы 300 мегаватт болады. Президент бұл жобаның Астана мен Доханың ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігін нығайтудағы рөлін жоғары бағалады. Аталған бастаманы табысты іске асыру үшін Қазақстан Үкіметінің жан-жақты қолдау көрсететінін растады.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай энергия балансындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 15 пайызға дейін арттыруға ниетті. Ал Мұхаммед Нассер Әл-Хаджри Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірлескен жобаны іске асырудың негізгі кезеңдері жөнінде мәлімет беріп, «жасыл энергетика» саласындағы Қазақстанның әлеуеті зор екенін айтты.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ