Мемлекет басшысы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады
фото:Ақорда
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенаттың қазіргі қызметі мен алдағы жоспарлары туралы мәлімет берілді.
Қазір Парламентте жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, креативті индустрияны қолдау, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөніндегі заң жобалары қаралып жатыр. Бұл – сенаторлардың бастамасымен қолға алынған құжаттар.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері Сенатта 50-ге жуық іс-шара өткізілген, сенаторлар Үкіметке 67 депутаттық сауал жолдаған. Сонымен қатар парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту аясында 40-тан астам халықаралық кездесу ұйымдастырылған.
Мәулен Әшімбаев келесі жылы жоғары Палатада Бюджет, Құрылыс, Су, Салық кодекстері, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» және «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңдар қаралатынын айтты. Сондай-ақ Жұмысшы мамандықтары жылына арналған парламенттік тыңдаулар өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруды мониторингтеу жөніндегі Парламенттік комиссияның жұмысы туралы ақпарат берілді. Аталған комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған болатын.
Сенат төрағасы Президенттің өңірлерді одан әрі дамыту жөнінде жүктеген міндеттерін Палатаның басымдық беретін бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл ретте Сенат мәслихаттар депутаттарымен жұмысты жандандыра түскен.
Кездесу соңында Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне дайындық барысын баяндады. Аталған жиын 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр.