Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады

0
15

Бүгінгі Мәжіліс отырысында бір топ депутаттар отандық кино өндірісі көбейгенімен, ұлттық киноның қатары аздығын назарға алды.

– «Ел боламын десең бесігіңді түзе!» деп ұран тастап еді. Бүгін сол мәтелдің мәні өзгеріп тұр. «Ел боламын десең – экраныңды түзе» дейтін кезеңге келдік. Кез келген елдің қоғамдық-саяси өмірінде киноның алатын орны айрықша. Соңғы жылдары елімізде түрлі бағытта түсірілген фильмдер аз емес. Алайда, сол фильмдердің сапасына қатысты сұрақ-сауалдар пісіп жетіліп, арнасынан асып тұр…

Дәл осы найзағайдың отына нан пісіріп жатқан кезеңде кино – бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек. Сондықтан режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін көбірек ойлағаны лазым. Әбжыландай ысқырған бүгінгі жаһандану дәуірі еліміздің ұлттық кино саясатын түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.

Тіпті, бала-шағамызбен қатар отырып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып кірерге тесік таппайсың. Анайы эпизодтар мен сүйегіңнен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жаргон сөздер, одан қалса әр жерден ұрлап-жырлап, көшіріп алған инкубатор-фильмдер. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер ақыл-есі түзу жұрттың ашуын туғызуда.

Ең қиыны – қатаң сүзгінің жоқтығынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар, дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес, – дейді депутат Жанарбек Әшімжан.

Оның айтуынша, өткен 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шыққан. Соның 56-ы – комедия.

– Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы, қазір күлетін кезең бе?.. Картиналар жыл сайын 30 фильмге толыққан. Кассадан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам касса жинаған. Бірақ көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Көбі тарихи, экшн, комедиялық, авторлық фильмдер. Ұлттық кинолардың қатары тым аз. Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақстандықтар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, соның үштен бірі – алты миллионға жуығы отандық фильмдерді тамашалаған. Сұраныс жоқ емес, бар! Сондықтан, салаға жауапты министрлік мына шараларды жеделдетіп қолға алу керек:

Бірінші, бүкіл мемлекет бойынша (мейлі мемлекет болсын, мейлі жеке тұлғалар болсын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құру. Екінші, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беру. Үшінші, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадағалау. Төртінші, халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету, –дейді депутат.

Осы орайда «AMANAT» партиясы фракция депутаттары Ж.Әшімжан, А.Әлтай, Қ.Әлішевтер жауапкершілікті арттыру мақсатында «Кинематография туралы» Заңды қатаңдату бағытында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ