Зеренің анасына 5 млн теңге төленді
«Астана-Орал» рейсінен 12 жасар Зерені әуежайда қалдырып кету оқиғасы бойынша қыздың анасына 5 млн теңге төленді.
Баланың қорғаушысы Данильхан Шағатаевтың Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, сот шығындарын қоса алғанда, қыздың анасы 5 млн теңгені толық көлемде алған.
Air Astana компаниясы мәжбүрлеп орындауға жеткізбестен, сот шешімін орындады.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылдан бері созылған іске нүкте қойылды.
— Көп адам соттаспай-ақ 4 млн теңгені алу керек деп айтып жатты. Зеренің анасы басқа шешім қабылдады, ол дұрыс болып шықты. Қоғамдық пікір туғызған бұл іс қолданыстағы жолаушылар тасымалы заңнамасына, сондай-ақ FlyArystan әуе компаниясының ішкі ережесіне өзгерістер енгізуге түрткі болды, — дейді Д. Шағатаев.
Оның айтуынша, Air Astana компаниясы барлығы 8 млн 692 мың теңге шығынға қалды, бұған әкімшілік айыппұл мен моральдық залал кіреді.