Бұл – Үкімет пен әкімдер бұлжытпай орындауға тиіс негізгі бюджет қағидатының бірі
Жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және үдерістерді цифрландыру үшін инвестор қаржысын тарту қажет екені түсінікті. Бір жағынан мемлекет те экономикаға салынатын инвестиция көлемін ұлғайта береді. Сондықтан Үкімет барлық қаржыны басты басымдықтарға сай бөлуі керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер бұлжытпай орындауға тиіс негізгі бюджет қағидатының бірі, деді мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда, шын мәнінде, бұл жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс.
«Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр. Мемлекет қаржысын барлық деңгейдегі бюджетке рационалды әрі әділ бөлудің маңызы зор. Тіпті ауылдық округтерге дейін қамтылуға тиіс», – деді президент.
Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеген кезде барлық диспропорцияны ескергеніміз жөн. Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қалған белгілі бір өңірді жалпы елдің даму деңгейіне жақындататын жобалар қаржыландырылуға тиіс. Әйтсе де барша аймақтың мәселелері мен қажеттіліктері Үкіметтің жіті назарында болуы керек. Өңірлердің даму қарқыны бәсеңдеуіне және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына мүлдем жол беруге болмайды.