Азиаданың бойтұмары – Cібір жолбарыстары Бинбин мен Нини

0
12

Қазақстан спортшылары қысқы Азия ойындарына алтыншы мәрте қатыспақ. Отандастарымыз ең алғаш 1996 жылы Харбиндегі додада өнер көрсеткен.

Бүгінге дейін жерлестеріміз қысқы Азиадада 196 медаль (78 алтын, 62 күміс және 56 қола) жеңіп алған. 2017 жылы Саппорода өткен ойындарда Қазақстан құрамасы 32 медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болған еді.

Қазақстан құрамасынан Харбиндегі қысқы Азиадаға 138 спортшы (72 ер және 66 әйел) қатысады. Жерлестеріміз 6 спорт түрінен 10 дисциплинада өнер көрсетіп, 51 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Ойындарға Азияның 32 елінен 1000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығы үшін сынға түседі.

Ски-альпинизм спорты алғаш рет Азия ойындарының бағдарламасына енгізіліп отыр.

Харбинге баратын делегацияның жартысынан астамы Астана, Алматы қалаларынан және Шығыс Қазақстан облысының спортшылары. Сондай-ақ тағы 10 өңірдің спортшылары өнер көрсетеді.

Ту ұстаушылар – Әділ Бекетаев (шайбалы хоккей) пен Ольга Тихонова (шорт-трек).

Қазіргі құрамнан бұған дейінгі қысқы Азия ойындарында чемпион атанған спортшылар:

• Ольга Полторанина (биатлон, 2011 жылғы чемпион)
• Евгений Рымарев (шайбалы хоккей, 2011 жылғы чемпион)
• Роман Старченко (шайбалы хоккей, 2011 жылғы чемпион)
• Дарья Климина (биатлон, 2017 жылғы чемпион)
• Кирилл Савицкий (шайбалы хоккей, 2017 жылғы чемпион)
• Дмитрий Гренц (шайбалы хоккей, 2017 жылғы чемпион)

Ең жас спортшы – Асан Асылхан (фристайл-акробатика, 15 жаста).
Ең егде спортшы – Денис Власов (ски-альпинизм, 41 жаста).

Азия ойындарының салтанатты ашылуы (7 ақпан) және жабылу рәсімі (14 ақпан) Харбиндегі Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadium спорт нысанында өтеді.

Азиаданың бойтұмары – Cібір жолбарыстары Бинбин мен Нини. Ұраны: «Азиядағы қысқы арман мен махаббат».

Қытайдың Харбині қысқы Азия ойындарын биыл екінші рет қабылдайды. Бұған дейін бұл қалада 1996 жылғы Азиада өткен болатын. Жалпы, Қытайда қысқы сары құрлық бәсекесі үшінші мәрте өткелі тұр.

Азиаданың салтанатты бөлігі мен жарыстар 7 спорт нысанында өтеді. Атап айтқанда: Харбин хоккей аренасы; Халықаралық Харбин конгресс-көрме және спорт орталығы; Харбиндегі Пинфан ауданының хоккей аренасы; Харбин спорт университетінің мұзайдыны; Хэйлунцзян көпфункционалды залы; Хэйлунцзян оқу орталығының мұздағы жарыстарға арналған залы; Ябули тау-шаңғы курорты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ