Думан – қазақ драматургиясындағы ерек көрініс, эстетикалық құбылыс, жаңа белес
![](https://zamandas.kz/wp-content/uploads/2025/02/1738837386-905x613.jpg)
Жақында Түркияның мәдени астанасы Ыстамбұл қаласында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен Түркия театрлар қауымдастығы және Түркияда шығатын «Театр» газетінің ұйымдастыруымен түркі елдерінің театр қайраткерлерін марапаттау рәсімі өткізілді. Оған дүниенің төрт бұрышынан құрметті қонақтар жиналды. Түркияның белді де белгілі театр саңлақтары қатысты. Театр өнеріне қатысты әр аталым бойынша жеңімпаздар анықталып, жүлделер тапсырылды. Осы халықаралық мәртебелі байқаудың Әділқазылар алқасының шешімімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Думан Рамазанға «Түркі әлемінің ең үздік драматургі» атағы берілді. Салтанатты жиында оны халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, әйгілі жазушы-драматург Сұлтан Раев мырза мен «Театр» еларалық басылымының бас редакторы, атақты театр сыншысы Нұрхан Услу ханым тапсырды.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев мырза бұл мәртебелі атақтың Думан Рамазанға не үшін берілгенін былайша түсіндіріп өтті.
– Думан Рамазан бауырымның драмаларымен бұрыннан таныспын. Драманың қыр-сырын жетік білетін, ой-орамын тереңдеткен мықты драматург. Тарихи тақырыпта да, қазіргі заман туралы да әбден зерттеп-біліп жазады. Ішкі қарама-қайшылық пен эпикалық шиеленісті ерекше бір жүйелі стильде баяндайтын айқын артықшылығы бар.
Думан – қазақ драматургиясындағы ерек көрініс, эстетикалық құбылыс, жаңа белес. Оның соңғы жылдары ұлттық сахнада жасаған тарихи полотнолары бүгінгі театрдың биігіне сайма-сай. «Керей – Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Жошы хан» және басқа да тарихи драмаларында ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге деген тарихи көзқарасты қапысыз бейнелеген. Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы ұлттық драма театрының сахнасында қойылған «Жошы хан» тарихи драмасы қазақ мәдениетіндегі жаңа кезеңнің басталғанын паш етеді, – деп жоғары баға берді.