Күн сайын қала аумағына 300 мыңнан астам көлік келеді

0
11

Алматыда қалалық Мәслихаттың кезектен тыс XXVII сессиясы өтті. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі-жаңадан құрылған қоғамдық көлік маршруттарын халыққа қолжетімді ету үшін әлеуметтік маңызы бар деп тану.

Қалалық Мәслихат депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде Алматының мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев қала маңындағы тұрғындардың едәуір бөлігінің қоғамдық көліктің жетіспеушілігі проблемасына тап болып отырғанын, бұл оларды жеке тасымалдау қызметтерін пайдалануға мәжбүр ететінін атап өтті.

«Күн сайын қала аумағына 300 мыңнан астам көлік келеді. Қала аумағына кіретін көлік құралдарының жоғары ағынын қысқарту және қала тұрғындарының мобилділігін арттыру мақсатында бүгінде Алматы әкімдігі 147 қалалық және 54 қала маңындағы маршруттарды ұйымдастырды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне тек 178 маршрут енгізілген. Халық үшін қалған 23 маршруттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында оларды әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне енгізу қажет», – деп атап өтті басқарма басшысы.

Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар бұл ұсынысты қолдады.

Айта кетейік, 2024 жылы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен қалада қала маңындағы 20 және 2 қалалық маршрут іске қосылды. Ағымдағы жылы қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыру және дамыту мақсатында 800 экологиялық таза автобус сатып алу жоспарлануда.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ