80 жас – мен үшін қайталанбас, ерекше белес

0
16
Фото: Oimaqnews.kz
Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің үздігі, әнші, композитор, өмірін өнерімен өрнектеген Ағайша Шермұхамбетқызы Исағұлованың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды Оimaqnews.kz

Ағайша Исағұлова – QyzPU түлегі, ұлағатты ұстаз, талантты композитор әрі орындаушы. Оның орындауындағы, шығарған және сүйемелдеген 300-ге жуық музыкалық жазба Қазақ радиосы мен телевидениесінің «Алтын қорында» сақталған. Сонымен қатар халық арасында кеңінен тараған 80-ге жуық әннің авторы. Венгрия, Польша, Чехия, Болгария, Германия, Литва, Украина, Белорусь, Югославия, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей елдерінде қазақ өнерін насихаттап, жеке ән кештерін өткізген. Бүгінде профессордың ғылыми-әдістемелік еңбектері, музыкалық шығармалары жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерде кеңінен қолданылады.

«Мен бұл қара шаңыраққа 1963 жылы келдім. Төрт жыл білім алып, кейін институтта қалдым. Қазақ қыздарын аялап, алақанымызға салып, білім беріп, қолдап, үлкен жолға бағыттаған ұстаздардың бірімін. Бүгін университетім мені әспеттеп, құрмет көрсетіп, 80 жылдық мерейтойыммен құттықтап жатыр. Баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін! 80 жас – мен үшін қайталанбас, ерекше белес. Шаңырағымыз әрдайым биіктей берсін! Осы қуанышты сәтті ұйымдастырып, елеп-ескерген Университет ректоры Гүлмира Әмірханқызына айрықша алғысымды айтамын!» – деді QyzPU түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі, әнші, композитор Ағайша Исағұлова.

Мерейтойлық кешке өнер және мәдениет саласының майталмандары, университет оқытушылары мен студенттері, профессордың шәкірттері және әріптестері қатысты.

Іс-шара барысында Ағайша Исағұлованың педагогикалық және шығармашылық еңбектері туралы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар Басқарма Төрағасы-Ректоры Гүлмира Қанай Ағайша Исағұлованы мерейтойымен құттықтап, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті атынан сыйлық табыстады. Түлектер ұстаздарына жүрекжарды алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

«Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде үлкен дүбірлі той өтуде. Өнердегі ардақты ұстазымыз Ағайша Исағұлова 80 жас мерейтойы аталып өтуде. Ағайша ұстаздың шәкірттері өте көп, олар бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі салаларда абыройлы қызмет атқаруда. Біз ұстазымызды шын жүректен осы мерейлі жасымен құттықтаймыз! Анамыздай жақсы көріп, қадірлейміз. Ұстазымыздың біз сияқты тәрбиелеп өсірген шәкірттері мен халықтың жүрегіне жол тартқан әндері барда, Ағайша ұстазымыз қазақ халқының жүрегінде мәңгілік сақталмақ»,-деді Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, Қарасай ауданы, Шамалған ауылының Мәдениет үйінің директоры Шарбану Қалиева.

Ағайша Исағұлованың бастамасымен «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі, «Шаттық жыры» ансамблі, «Өнер жастан» опера театры және басқа да өнер ұжымдары құрылды. Әсіресе, «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің дүниеге келуі – қазақ музыка өнеріндегі айтулы оқиғалардың бірі.

Мерейтойлық іс-шараға арнайы келген «Айгүл» вокалды-аспаптық квартетінің мүшесі Гүлнар Бегалиева өз естеліктерімен бөлісті.

«Мен осы университеттің ең алғашқы түлектерінің бірімін. Музыкалық факультетке ректордың өзі жолымызды ашып, әрі қарай осы жерде өсіп-өнсін деп төрт қызды қалдырды. Ол жылдары бізге қазақ музыкасының жарық жұлдызы, композитор Ескендір Хасанғалиев сабақ берді. Бір күні Ескендір Хасанғалиев«Төртеуің неге вокалдық квартет құрмайсыңдар?» — деп ұсыныс айтты. Осылайша, сол кісінің идеясымен квартет құрып, сапалы репертуар дайындауға кірістік. Дәл сол уақытта оның «Жағадағы ару қыз» әні жаңадан шыққан еді. Бұл әнді симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындап, үлкен сахнаға алып шықтық. Көп ұзамай Мәскеуде «Алло, мы ищем таланты» атты конкурс жарияланып, біз де бақ сынауға аттандық. Байқау қорытындысы бойынша лауреат атанып, үлкен жетістікпен оралдық. Бұл конкурста ерекше оқиға орын алды. Жүргізуші бүкіл радио мен теледидар арқылы көрермендерге: «Қазір бір ән орындалады. Егер бұл ән сіздерге ұнаса, жарықтарыңызды өшіріңіздер!» — деп хабарлады. Біз әнімізді орындап біткенше, тек залдағы көрермендер ғана емес, бүкіл Мәскеу қаласы жарығын сөндіріп тастады. Мұндай ерекше сәтке біреу сенер, біреу сенбес, бірақ бұл біз үшін ұмытылмас оқиға болды. Ағайша Исағұлованың қазақ музыкасына сіңірген еңбегі зор. Осы айтулы күні мерейтойымен  шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық жолының жарқын болуын тілеймін!» – деді  «Айгүл» вокалды-аспаптық квартетінің мүшесі Гүлнар Бегалиева.

Шара соңында Ағайша Исағұлова университет басшылығына, сондай-ақ кештің құрметті қонақтарына жүрекжарды алғысын білдіріп, игі тілектерін арнады. Өзінің ұстаздық жолындағы қолдауы мен құрметіне бөленген сәттерін тебіреніспен еске алып, университет ұжымына шығармашылық табыс пен өркендеу тіледі.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ