Түркістан қаласының туризмін дамытудың кешенді жоспары даярланады
![](https://zamandas.kz/wp-content/uploads/2025/02/1739426672-905x613.jpg)
Түркістан қаласының туризмін дамытудың бөлек кешенді жоспарын даярланады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәлім етті
– Түркістанда туризмді дамытуға кедергі болған себептердің бірі – ол халықаралық әрі ішкі әуе рейстердің жетіспеуі. Бірақ соған қарамастан, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2023 жылмен салыстырғанда шетелден келген туристердің саны 2 есе көбейді. Қазір еліміздің әуе паркіне 16 жаңа ұшақ қосылайын деп жатыр. Сондықтан Көлік министрлігімен бірлесе жұмыс істеп, Түркістанға келетін рейстердің санын көбейтуге тырысамыз, – деді Ержан Еркінбаев сенаторлардың сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында үш өңірдегі туризмді дамытудың кешенді жоспарлары қабылданып жатыр.
– Түркістанның ерекше мәртебесін ескере отырып, аталған үш кешенді жоспармен шектелмей, Түркістан қаласының туризмін дамытудың бөлек кешенді жоспарын даярлап, бекітуді әуімдікпен келістік. Осы орайда салааралық мәселелер мен іс-шаралар жоспарға енгізіледі, – деді вице-министр.