Ақпарат вице-министрі 9 мемлекеттік телеарнаның неге конкурстардан босатылғанын түсіндірді

0
134
Фото: primeminister.kz

 –  Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Сенат депутаттарының сұрағына берген жауабында 9 мемлекеттік телеарнаның неге мемлекеттік тапсырыс конкурстарынан босатылғанын түсіндірді.

«Бүкіл кабельді операторларда көрсетілімі болуға міндетті телеарналардың саны қазір 17. Олардың қатары жыл сайын конкурстық процедуралар негізінде қалыптасады. Халықаралық тәжірибені ескеріп, біз құрылымды өзгерттік. Енді 17 арнаның ішіндегі 9 мемлекеттік арна конкурсқа қатыспайды. Сәйкесінше ешқандай құжат та тапсырмайды. Өйткені мемлекет бұл телеарналарды күтіп ұстауға ақша төлеп отырса, олардың мемлекет саясатын жүргізудегі қолжетімділігі 100 пайыз болуға тиіс. Олардың конкурсқа қатысуынан мән көріп отырған жоқпыз», – деді ол.

Вице-министр міндетті пакеттегі қалған 8 арна бұрынғыша конкурстар арқылы мемлекеттік ақпарат тапсырысын ала беретінін де атап өтті.

«Қалған 8 үміткер арна туралы айтсақ, міндетті пакетті қалыптастыру кезінде олардың контенті бірінші кезекте ескеріледі. Бұл мазмұны, мәдени, ағартушылық бөлігі деген сөз. Ондағы контенттің бәрі заңнама нормаларына, азаматтарымыздың дәстүр нормаларына сәйкес келуі керек», – деді Қанат Ысқақов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ