Адал деп ішкен ас ажал құштырмасын

Ауру айтып келмейді. Адал деп ішіп отырған астың өзі дертті қылуы мүмкін.
0
176

Ұлт денсаулығын сақтау – қашанда әлеуметтік маңызы бар мәселе. Деннің саулығы ең алдымен дұрыс тамақтанудан басталатынын білсек те, күнделікті өмірде бұл мәселеге бей-жай қарайтынымыз анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптауынша, әлемдегі мерзімсіз өлім жағдайларының 80 проценті төрт негізгі қауіптен тұрады. Оның ішінде физикалық белсенділіктің төмендеуі мен дұрыс тамақтанбау көш басында тұр. Ғалам дабыл қағып отырған бұл проблемамен мейлінше күресе білеуіміз қажет.

Бабаларымыз «ауру астан» деп әлдеқашан айтып кеткен. Тамағын талғамай татпаған қазақ сары жайлауда сары қымызын сапырып, қатығы мен ірімшігін жасап, құрт қайнатып, май шайқап, өмірлік қуат көзін табиғаттың өзінен алды. Уақыт ағымына сай бұл дәстүр келмеске кетті демесек те, жұрттың бәрінде бірдей табиғи тамақтарды тұтыну саны сирек. Бүгінгі дамыған технологиялар заманында адамзаттың өмір сүру салты мүлде басқа арнаға бағыт алды. Әлемдік зерттеуге көз жүгертер болсақ, 65 жасқа дейін өлім құшқандардың 12 проценті қатаң диета, шамадан тыс тамақтану, зиянды тағамдарды жиі тұтынудан туындаған аурулардың салдарынан көз жұмғандар. Қимыл-қозғалыс күрт азайып, артық калория, ағзаға дұрыс сіңбеген тамақ семіздікке шалдыққандардың санын арттырған. Ғалымдар артық салмақтың 98 проценті тамақтан, тек 2 проценті ғана эндокринология мен жүйке жүйесіне байланысты екенін, адам бойындағы 4 келі артық салмақ өмір сүру мерзімін бір жылға қысқартатынын дәлелдеп отыр.

Ең өкініштісі, семіздікке ұшырағандардың басым бөлігі кәмелет жасына толмаған жеткіншектер. Ресми мәлімет бойынша, әлемде 170 миллион баланың салмағы 100 келіден артық. Мамандар бұл кесел адам ағзасына зиянды қаныққан май қышқылдарының, әртүрлі дәмдеуіштер мен трансмайлардың ошағы саналатын фастфуд өнімдерін, түрлі газды сусындарды шамадан тыс тұтынудың салдары екенін айтып отыр.

Жасыратыны жоқ, бүгінде атынан адам жаңылатын түрлі фастфудтар, шетелдің жылдам даярланатын тағамдары мен жартылай фабрикат өнімдер күнделікті тұтынатын тағамдардың бір бөлшегіне айналып үлгерді. Бір ғана дәлел, соңғы жылдары еліміздегі фастфуд тағамдарын сату көлемі 45 процентке, фастфуд мейрамханалары 47 процентке, ал онда жұмыс істейтіндердің саны 29 процентке өскен. Сенсеңіз, қазақстандықтар жылына тек фастфуд тағамдарына 260 миллион доллар қаражат жұмсайтын көрінеді. Фастфудтың атасы саналатын түрлі бургерлердің құрамындағы ароматизатор, бояғыштар, антиоксидант пен консерванттар, дәмдеуіштер бір дәмін татқан жанды бас тарта алмайтын жағдайға жеткізеді. Ағзаға аса қуат бермесе де бауыр мен жүрекке, қан тамырларына май болып жиналады. Тез тойдырады әрі жеп отырған адамның көңіл-күйін жақсартады. Дәрігерлер мен мамандар қанша жерден дабыл қақса да тіске жұмсақ болғанымен ажалға апаратын аурулардың апанына баланатын бұл тағамдардан тыйылатын түріміз жоқ. Мұндай өнімдерді үздіксіз тұтыну семіздік, атеросклероз, гипертония, гастрит, холесцистит, инфаркт сияқты аурулармен қатар, қатерлі ісіктерді де дамытатын күшке ие.

Ми қайнатар ыстықта шөлімізді басатын түрлі құтылардағы қызылды-жасылды сусындардың ағзаға тигізер алапат зиянын мың сан рет естісек те, оны ойлап бас қатыра бермейміз. «Кез келген газдалған сусынның құрамында көмірқышқыл газы кездеседі. Бұл сусынның ұзақ сақталуына ықпал етеді. Мұндай сусындар асқазан секрециясының қабынуына, ішек ауруларының өршуіне әкеледі. Қант немесе жеңіл сіңетін көмірсулар адам ағзасына түскеннен кейін тез ыдырап, артық салмақтың жиналуына, әрі қарай семіздікке және қандағы қант мөлшерінің көбеюіне байланысты қант диабетіне соқтыруы ғажап емес. Егер осы сусындардың құрамындағы газдарды есепке алатын болсақ, әсіресе буыны қатаймаған балалар арасында гастрит, холесцистит, панкреатит сияқты асқазан-ішек жолдарының ауруларын дамытады» дейді мамандар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ