Агроғылым қолдауға мұқтаж

0
213

Ғалымдарды ғылыми же­тіс­тіктерді ком­мер­ция­лан­­дыру мәселесі біраз­дан бері толғандырып келеді. Ғалым­дардың өнертабысы зертхана алаңдарында нәтижелі болғанымен, оны өндіріске енгізуде қи­ындық туындап жатады. Мұны реттеудің қан­­дай жолдары бар? Ты­­­ғырықтан қалай шы­ға­мыз? Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өт­кен жи­­­ында осы сұ­рақ­тарға жа­­уап ізделді.

Тұқым шаруашылығы титықтап тұр

Ұлттық ғылым академия­сының вице-президенті, Қа­­зақ ұлттық аграрлық зерттеу уни­вер­ситетінің бас­­қар­ма төр­ағасы-ректор Ақыл­­бек Күріш­баевтың пікі­рінше, аграрлық салада жетіс­тікпен қатар кем­шілік те аз емес.

– Қазіргі таңда ғалымдарды өнер­табыстарды өндіріске ен­гі­зу­дегі мәселелер тол­ған­ды­рады. Көп жағдайда отандық өнімдер зертхана сөрелерінде қалып қо­йып жатыр. Өнертабыс нә­ти­желерін өндіріске енгізуде қиындық көп.

Оның бір себебі ғалымдар өз әзір­лемелерінің коммерцияландыру жолын білмегендігімен байланысты болса, екінші жағы­нан оны іске асыруға мүм­кін­діктері жоқ. Ғылыми конкурс­тар­­дың мерзімі үш жылмен шек­телетіндіктен, ғалымдарға жобамен айналысу, өндіріс­ке енгізу тұрғысынан да салмақ түсіп отыр. Бұл жүйедегі басты кемшілік. Осы орайда «Ғы­лым қорының» басшылығы ғалымдардың пікірін қаперге алып, коммерцияландыру барысына қатысты талаптарды қайта қарастыруы керек. Ал өнертабысты өндіріске енгізіп, отандық брендке айналдырамыз десек, бизнесті қолдау орта­лықтары, бизнес-инкубаторлар, технопарктер құру маңызды жә­не ірі бизнес өкілдерімен бірлес­кен іс-қимылдар қажет, – деді Ақылбек Күрішбаев.

чсми

Әлемдік бәсекелестік жағ­дайында ғылымды экономикамен ұштастыру маңызды. «Ғылым қорының» басқарма төрағасы Әбділдә Шәменов бүгінде опера­торлықтан да кең ауқымды қыз­меттерді жүзеге асырып отырған қор кейстері біліктілікті арттыру, озық тәжірибені тарату, ғы­лы­ми кәсіпкерлік мәдениетті дамыта отырып, гранттық жобалар­ды қаржыландыруға бағыт­талғанын жеткізді. Аталған қор ғалым­дарға ғана емес, технологияларды ком­мер­­цияландыру мақсатында кәсіп­­орындарға да қолдау көрсе­тіп келеді. Яғни, ғылыми жеті­стік­терді өндіріске енгізумен қатар халықаралық нарықққа шығу­ды қарастырады. Осы орайда Ә.Шәменов қордың ғылым мен бизнесті интеграциялаудағы қызметіне тоқталып өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі іске асып, осы жылдың 6 маусымында өтетін «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» алаңындағы кездесулерде жалғасын табады.

Бүгінде импортқа тәуел­ді са­ланың бірі – тұқым шаруа­шы­лығы. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас­қар­ма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғы­лымдарының кандидаты Шол­пан Бас­таубаеваның пікі­рінше, еліміздегі тұқым шаруа­шылығының қазіргі жағ­дайы мәз емес. Институт алдыңғы қа­тар­лы се­лек­циялық орталық ретін­де 200-ден ас­там сорт пен будан шығарған. Оның ішінде күздік бидай мен трити­каленің – 31, көп жылдық жем-шөптің – 34 түрі, сондай-ақ жү­гері, дәнді бұршақ, сұлы, қант қызылшасы, күріш, майлы дақыл түрлері бар. Ш.Бастаубаеваның ай­туынша, институт тарапынан 2017-2021 жылдары «Ғылым қоры» негізінде жүзеге асқан жобалардың мақсаты отан­­дық гибрид сорттарды шығаруға бағытталған.

– Жоба аясында отандық селекция негізінде қызылшаның жоғары сорт­ты технологиясы «Қамқорлық», «Жыл­бұ­лақ» ша­руашылықтарымен бірлесе жүзе­ге асқан болатын. Жоба құны 209 млн теңгені құрайды. Аталған жылдар­да елі­міздің ша­руашылықтары 900 млн тең­­­геге шетелдік тұқым сатып ал­ған. Ай­­мақтарда сапаға бақылаудың жоқ­ты­­ғынан шетелдік тұқым­дардың арам­шөп, аурулар тарау, зиянкестер қаупі жоғары болды. Сонымен қатар шетел­­дік гибридтер қысқа вегетациялық кезең­­ге өте төзімсіз. Сондықтан отандық тұ­қым шаруашылығын дамытпайынша, шаруашылықтар тарапынан шетелдік тұқымдарға тәуелділік арта беретіні сөзсіз. Оның салдары еліміздегі баға сая­сатына да ықпал ететіні белгілі, – дейді Ш.Бастаубаева.

Бүгінде институт мамандары сапасы жоғары 8 гибрид түрін әзірлеген. Елімізде 2027 жылға дейін қызылша өн­дірісін дамыту тұжырымдамасы әзір­­лен­генін әрі алдағы жылдары үш ірі зауыт салу көзделіп отырғанын ес­кер­сек, агросектордың қы­зыл­ша ша­руа­шылығын ұзақ мерзімді дамытуға мүм­кіндігі зор. Отандық жаңа гибрид­терді енгізуде қызылша егетін шаруа­шы­лықтарды халықаралық та­лап­тарды сақтай отырып, дамы­туға болады. Қа­зіргі кезде Ал­маты облысында 600-ден астам, Жамбыл облысында 260 ша­­руа­шылық бар. Олардың сапалы қы­зыл­ша сорттарына деген сұра­нысы жо­ға­ры. Институт бас­шы­сының айтуына қарағанда, Ресей, Беларусь, Қыр­ғыз­­­­с­тан, Өзбекстан, Тәжікстан тұқым ша­руа­шылығы нарығындағы ахуал Қа­­зақ­станға ұқсас. Осыған байланыс­ты ғалымдар алдында Еуразиялық қант гибридін жасау міндеті тұр. Осы орай­да ғалымдар 2030 жылға дейін ша­руа­шылықтарды 30 пайызға дейін отандық тұқыммен қам­тамасыз етіп, 20 млн тонна қант қызылшасы мен 7 млн тонна қантпен қамтуды жоспарлап отыр.

Еліміздегі тұқым шаруашы­лығы­ның кенжелеп қалу себеп­теріне тоқтал­ған Қазақ жеміс-көкөніс шаруашы­лы­ғы ғылыми зерттеу институтының басқар­ма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғы­лымдарының докторы Темір­жан Айтбаев «Көкөніс-бақша дақылдары бойынша 75 пайыз, ал кейбір түрлері бойынша 90 пайыз шетелге тәуелдіміз» дейді. Ғалымның айтуынша, бақша-дақыл тұқымдары жер­гілікті түрлерге қарағанда он есеге дейін қымбат келеді. Мыса­лы, бір гектарға егілетін пияз тұқымына 500-600 мың теңге кететін болса, жергілікті тұқымның баға­с­ы 50-60 теңгені құрайды. Тіп­тен, кейбір шетелдік тұқым түрлерінің тоннасына 4-5 млн теңгеге дейін қаржы жұмсауға тура келеді.

Бүгінде елімізде 27 дақыл түрі бо­йын­­ша 200-ден астам сорт бар болса, оның 150-ден астамы аудан­дас­ты­рыл­ған. Қазіргі кезде еліміздегі ша­руа­шылықтардың тұқымға сұранысы 800 тоннаны құрайды. Осы орайда субсидия мәселесін де жүйелеу қажеттігі­не тоқталған ғалым шетелдік тұқым баға­сының еліміздегі баға саясатына, эпидемиологиялық жағдайына да кері әсер етіп отырғанын жеткізді.

– Ғылыми зерттеу институтта­ры­ның материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Заманға сай ауыл шаруашылығы техникалары жоқтың қасы. Қазіргі кезде тұқымды отырғызу, іріктеу, дәрілеу жұмыстары қолмен жаса­лады. Ал жылдар бойы қор­да­ланып келген импортқа тәуел­ділікті азайту мақсатында жер­гілікті шаруашылықтарды дамыту қажет. Институт базасын­да респуб­ликалық тұқым шаруа­шылығы жүйе­сін құру өнімді бір орталықтан сұрып­тау, тазалау жұмыстарын жүзеге асы­ру­ға мүмкіндік береді. Десек те шаруа­шылықтардың ішін­де шетелдік сорттарды таңдай­тындары да бар. Оны өсі­ріп, көбей­туге де ғалымдардың әлеуе­ті же­теді. Ал бақша дақылдары­ның елу пайыз­дан астамын же­ке­меншік бау-бақша иелері өндіретіндіктен, олардың да қажет­тілігі ескерілуі керек. Яғни табиғи, химиялық қоспасыз арнайы пакеттердегі тұқымдарды нарыққа шығару, сонымен қатар бау-бақша дақылдарының табиғи дәмін, нәрін сақтай отырып, кептірілген жеміс-жидектер, джем, басқа да өнімдер өндіру тағам қауіпсіздігінің кепілі болмақ. Жергілікті өнімдердің сапасы да, өнімділігімен қатар бағасы да қолжетімді. Ол үшін қол жұмысын, өнімділікті арттыру үрдістерін технологиялармен алмастыру міндеті тұр, – дейді Теміржан Айтбаев.

 

Бәсекеге қабілетті өнім

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалым­дары гранттық жоба аясында ет және ет жарма консер­вілерін өнді­ру мақсатында түйе етін қай­та өңдеу технологияларын енгі­зіп, Алматыда түйенің бұқ­ты­­рыл­ған етінен консервілер шыға­ратын зауытты іске қосқан болатын. Жоба жетекшісі – био­логия ғылымдарының док­то­ры, профессор Әсия Серік­бае­ва. Инновациялық өнім қап­тама­сының тасымалға қолай­лылығы мен тағамның эколо­гиялық қауіп­сіздігімен ерек­шеленеді. Жо­ба жетекшілерінің бірі биология ғылым­дарының кандидаты Жұлдыз Сүлей­менованың айтуынша, 2016 жылы жү­зеге асқан өнертабыс «Ғылым қоры» арқылы қаржыландырылып, өн­дірістік мақсаттарға «Күн нұ­ры» мекемесіне 170 млн теңге көле­міндегі қаржы берілген.

– Компания өз тарапынан қо­сым­ша 12 млн теңге және өн­дірістік алаңын ұсынды. Қытай, Ресей, Еуропа, Мол­довадан құ­рылғылар сатып алынды. Кон­­сервілер нарыққа реторт пакеттер мен ламистерлік банкада инновациялық қап­тамада жөнелтіледі. Өндірістік қуат­ты­лығы жылына 600 мың дананы құрайды. Тасымалға ыңғайлы бол­ған­дықтан, қазіргі кезде Қытай компания­лары тара­пынан піскен күріш және түйе етін бір қаптамада жасау туралы ұсыныс түсіп отыр. Ал еліміздің Ақ­тау, Атырау өңірлерінен сұраныс тұрақ­ты. Бүгінде түйе етімен қатар арпа, қарақұмық, күріш қосылған ботқа, сиыр, күркетауық етінен жасалған және сүйектерден үй-жануарларға арналған өнімдерге жергілікті компаниялар тарапынан сұраныс жоғары. Алдағы уақытта ғалымдар жетістіктерін өндіріске енгізуде коммерцияландыру бағытындағы талаптарды жетілдіре түсу қажет, – дейді Ж.Сүлейменова.

Жақында Астанада өткен «Техно­логияларды коммерцияландыру реакторы» алаңында жеңімпаз деп таныл­ған тағы бір жобаны аграрлық университет ғалымдары іске асырған бола­тын. Техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Оспановтың же­текшілігімен жүзеге асқан табиғи макарон өнімдері өндірісі ұлт саулығының кепілі болатыны анық.

– Елімізде табиғи, қауіпсіз өнімдерді тұтынатын орта қа­лып­тасып келеді. Осыған орай өндіріс орындары да қа­уіп­сіз та­ғамға басымдық бере бас­тады. Астықты әрі индустриялы ел ретінде халық саулығын бірінші кезекке қоя отырып, зиянсыз тағам өндірісіне мән беруіміз қажет. Бидайдан алған өнім­дердің ағуыздары құнсыз болып келе­тінін ғалымдар соңғы он бес жыл кө­ле­мінде зерттеп келеді. Нарықтағы бірден-бір кемшілік дәстүрлі бидайдан жасалатын макарон өнімдері қамырының реалогиясын жақсар­ту үшін өндіруші­лер жасанды биологиялық белсенді заттар қосады. Ал оның адам ағзасына кері әсерін ешкім тексеріп жатпайды. Мысалы, 100 кило ұнға 10 грамм қоспа қосылатын болса, онда қандай қуат болуы мүмкін деген заңды сауал туындайды. Бұл өнімнің құрамында хи­миялық қоспалар мен гендік мо­дификацияланған өнім бар екенінің дәлелі. Осы орайда ком­позитті ұннан жасалған өнім­дерде ұнның басын біріктіру үшін табиғи бидай глютені қосы­лады. Өндірісте стандартты емес, адам ағзасына, ас тағам қорытуға пайдалы талшықтарға бай толық түрде ұнтақталған ұн пайдаланылады. Бүгінде таби­ғи өнім өндірісін дамытуға ықы­ласты, инвестиция салуға дайын компаниялардан сұраныс бар. Бірақ олардың көпшілігінің өндірістік базасы жеткіліксіз болып отыр. Отандық макарон өнімдері құнарлығымен ерек­шеленіп қана қоймай, еліміз ғана емес, шетел нарығында да зор сұранысқа ие болатыны сөзсіз, – дейді Әбдіманап Оспанов.

Бүгінде университет базасында жү­зеге асып жатқан екі ірі жоба табиғи әдіспен жеміс-жидек өнімдерін өндіруге бағытталып отыр. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Қазақстан-Ни­дер­ланд орталығының жетек­шісі, Же­­міс-көкөніс және өсімдік қорғау ка­фед­расының профессоры Гүлфарида Кәм­питова «Нидерландық технология­ларды пайдаланып, кәсіпкерлерге бақ­тар­ды егу мен күтуді үйре­те отырып, жеміс-жидек ша­руа­шы­лығын дамы­ту саласын­дағы инновацияларды өн­діріске белсенді енгізіп келеміз», дей­ді. Ал Қазақстан-Корея жылы­жайын­да бүлдірген органика­лық әдіспен өсіріледі. «Гидро­пониканың әртүрлі әдісі арқылы табиғи жағдайда өсірілген бүл­діргеннің хош иісі, дәмі сақта­лады. Жобаның тиімділігін басшылыққа ала отырып, үш жылдық жоба мерзімі бес жылға ұзартылып отыр. Мұнда әртүрлі сорттарды зерттеп, бейімдеу жұмыстары да іске асып жатыр. Отандық жаңа сорттар шығару және шетелден әкелінген жаңа сорттарды жергілікті климаттық жағдайға бейімдеуден өткізу жұмыстары жалғасын табуда. Сонымен бірге шетел­дік коллекциялар жасалып жатыр. Мы­салы, экономикалық тиімділігі жоға­ры көкжидек, ремонтантты таң­қурай, бүлдірген, спаржа сорттарын жер­сіндіріп, бейімдеу мүмкіндігі жоғары. Шетелдік инвестиция салынған бұл өндірістер келешекте ел нарығына қыз­мет етумен қатар табиғи өнім өндірісін дамытуға мүмкіндік береді, – дейді Гүл­фарида Кәмпитова.

Мұндай өндіріс алаңдарын агроуниверситеттер, орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары базасында дамыту еліміздің бау-бақ, жеміс-жидек нарығы әлеуетін арттырып, жаңа отандық сорттарды әзірлеуге ықпал етеді.

 

Топырақты тоздырмаудың жолы бар ма?

Президент тапсырмасына орай елімізде 2 млрд ағаш отыр­ғызу міндеті тұр. Осы орайда ғалымдар тарапынан ағаштарды отырғызу механизмдері зерттелу үстінде. Қазақ ұлттық аг­рар­­­лық зерттеу университеті Ор­ман ша­руа­шылығы және аңшы­лықтану ка­фед­расының меңге­рушісі, ауыл ша­руа­шылығы ғылымдарының докторы, профессор Бұлқайыр Мәмбетов елі­мізде питомниктерді отырғызу ісіне тоқталды. Профессордың айтуынша, 30 млн гектар аумақ­­ты алып жатқан орманды алқап­тардың жартысын сек­сеуілдер құрайды. Қазіргі кезде мамандар әрбір аймақтың ерекшелігіне қа­рай қай өңірде қандай ағаш түр­лері жылдам жерсінетіні туралы зерттеулермен айналысып жатыр.

– Ашық алаңдарда, өртке шал­дыққан аймақтарда, су­лы, құрғақ алқаптардың ерекше­лікте­рін негізге ала отырып, жаңа технологиялардың көмегімен жасыл-желекті көбейту ісіне мән беріліп отыр. Қазіргі кезде тұқымдарды қолмен жинау ісін техникалар алмастыру үстінде. Үш жылда көшет беретін ағаш түрлерін екі жылда-ақ өсіріп, баяу өсетін көшеттерді жылдам өсіру технологиялары қарастырылып жатыр. Құм және сортаң жерлер, жауын-шашынды, сондай-ақ құрғақ аймақтарға тән түрлері іріктелуде. Мысалы, Арал ұлта­нын­да ағаштардың жерсінуі баяу келетіндіктен, көктемде ауа райына қарай жерсінуі де қиынға соғады. Батыста емен жақсы өседі десек, табиғи алқаптар, су жағасында өсетін ағаштар, Сырдария бойындағы тоғайлы ормандар азаю қаупі басым. Су тапшылығынан көптеген жасыл-желекті алқаптар сиреп барады. Міне, осындай күрделі мәселелерді зерттеу орманшы ғалымдар алдында тұрған басты міндет. Ал оны жүйелі іске асыру үшін жаңа технологиялық мүмкіндіктер басшылыққа алы­нуға тиіс, – дейді Бұлқайыр Мәмбетов.

Кейінгі жылдарда ғалымдар топырақтың тозуына байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия институтының қызметкері Құралай Мұсаева ел өңірлеріндегі топырақтың сапасы ерекше назар аударуды қажет етеді деген пікірде. Қазіргі кезде институт мамандары Қызылорда, Шымкент, Астана, Алматы облысы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде Астана аумағында топырақ тұздана бастаған. Құнарлы топырақ 40 пайызын ғана құрайды. Оның басты себебін шаруашылықтар өнім алуға мән беріп, топы­рақ сапасын жақсартуға көңіл бөлмейтіндігімен байланыс­тырған Қ.Мұсаева минералды тыңайтқыштар­ды жөнсіз қолданудың да топыраққа зала­­лы бар екенін алға тартты. Қазіргі кезде институт мамандары ауыл шаруашылы­ғы алқаптарындағы топырақты қалпы­на келтіру мақсатындағы зерттеулерді іске асырып жатыр.

Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Тұрақты егін­шілік орталығының жетекшісі Майра Құсайынова шаруашылықтарды қолдау мақ­сатында егіншілік жағдайын, био­мас­сасын, топырақтың құна­рын анық­тау мақсатында сараптама жасалып, аймақтар арнайы дрондардың көмегімен зерттеліп отырғанын жеткізді. Гранттық жобалар нәтижесінде сатып алынған шағын камералы, инспектралды және зум дрондар арқылы аймақтардың кар­та­сын жасап, нәтижесін анықтауға бола­ды. Орталық мамандары сонымен қатар топырақ құрамына сараптама жасаумен айналысады. Қазіргі кезде Ақмола, Қызылорда, Алматы облыс­тары бойынша жобалар жү­зеге асқан. Маманның айтуын­ша, еліміздің солтүстік аймақтарындағы топырақ өте құнарлы. Ал оңтүстікке қа­рай құ­нарлығы төмендеп сұр, боз топыраққа айналады. Қа­зір­гі кезде ел өңірлерінің 70 пайы­­зы қуаңшылыққа шал­дық­қан. Оның 30 пайызын ғана ауыл­шаруа­шылығы мақсатында пайдалануға болады. Солтүстік өңірлер жауын-шашын суын, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс суға­ру әдісін пайдаланады. Би­дай солтүстік өңірлерде жақсы шығым берсе, бау-бақша өнім­дері оңтүстік өңірлерге тән әрі өнімділігі де жоғары. Міне, осындай табиғи ерекшеліктерді басшылыққа ала отырып, орта­лық мамандары топырақ құра­мын зерттеу, құнарлылығын арт­ты­ру мақсатындағы жобалар­ды іске асырып келеді. Десек те, Майра Құсайынованың айтуынша, қандай да бір себептерге қарамастан, топырақтың құнарлылығын қолдан жақсарту мүмкін емес. Осы орайда кәсіби мамандар даярлау мінде­ті тұр. Мамандандырылған топырақ­танушылар, агрономдардың көмегімен ғана дұрыс суғару әдістерін пайдалану арқылы топырақтың күтімін жақсартып, өнімділігін арттыруға болады. Алдағы уақытта кәсіби мамандар даярлау ісіне жете көңіл бөлінбесе, топырақтың тозғаны тозған, дейді мамандар.

Ғалымдар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жоғары техно­логия­лық өнімдерді ілгері­лету мен техноло­гияларды коммерцияландыру жоба­ла­­ры­ның нәтижелерін талқылап, өсім­дік, мал шаруашылығы, ветеринария, шикізатты қайта өңдеу, ауыл шаруашы­лығы өндірісін автоматтандыру, техноло­гияларды коммерцияландыру бойынша ұсыныстарды тиісті орындар назарына ұсынып, оның нәтижелі болатындығына үміт артып отыр.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ