Ахуалың қалай, автожол?
Ел аумағы ен жайылып жатқан соң жолдары да тым ұзақ. Нақты айтар болсақ, біздегі жалпы автожолдардың ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар. Ал қалғаны облыстар мен аудандарды, одан әрі ауылдарды жалғайды. Осынау ұзыннан-ұзақ созылып жатқан жолдардың жай-күйі еліміздің әр тұрғынын толғандыратыны рас. Ендеше автожолдардың қал-қадіріне зер салып көрейік.
Үлкен жолдардағы жұмыстар
Бұйыртса, биыл нормативтік жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 92 пайызға дейін артады. Сондай-ақ еліміздің 11 мың шақырымдай автожолына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Мұнымен қатар жыл соңына қарай жергілікті жерлердегі жолдардың да нормативтік жағдайдағы үлесі 87 пайызға дейін артатын көрінеді.
Негізінен үстіміздегі жылға арналған жоспар, сондай-ақ жолдардағы жұмыстардың сапасын бақылау және сапасын арттыру жөніндегі шаралар туралы жиі айтылады. Енді біртіндеп соны таратып көрелік. Десек те, осы орында бір ескеретін жағдай, әсіресе журналистердің құлағына алтын сырға. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің қарамағында тек республикалық маңызы бар жолдар ғана. Ал мемлекеттік тапсырма шеңберінде жолдарды дамыту және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды Ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы жүзеге асырады. Сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар мен көше-жол желісі жергілікті атқарушы органдардың қарауында. Осы үш мекемеге тиісті міндеттердің ара-жігін ажырата білген жөн. Сонда ғана айтылған сөздер өз иесін дұрыс табады. Әйтпесе автожолға қатысты болған шарада айтылған бір ойдың екі-үш рет қайыра соққаны құлағы түрік, көзі қарақты көп адамды әбден мезі етеді.
Сонымен, Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз конференциясында осынау жолдардың қазіргі жағдайы айтылып, биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың жоспары таныстырылды. Баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Әуезханұлы баяндама жасап, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейірхат Мейрамханұлы мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Замир Садықұлы тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
Енді өткен жылға көз салсақ, республикалық желі бойынша барлығы 11,6 мың шақырым болатын жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілген. Онда 4 мың шақырым жолға түрлі маңызды құрылыс және реконструкция жасалған. Соның 1,2 мың шақырымында негізгі жұмыстар толық аяқталыпты. Сондай-ақ күрделі және орташа жөндеумен 3 мың шақырым жол қамтылып, оның 679 шақырымы пайдалануға дайын болған. Ал жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрлері 4,6 мың шақырым жолға жасалып, мұның 3 мың шақырымы ел игілігіне берілген.
Биылғы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары еліміздегі 11 мың шақырымнан астам автожолда жүргізілетінін жоғарыда тілге тиек еттік. Атап айтқанда биыл республикалық желінің 7 мың шақырымын, ал жергілікті жолдардың 4 мың шақырымын жөндеу ісі көзделіп отыр екен.
– Республикалық желі бойынша 3,6 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жалғасын табады. Оның 856 шақырымын аяқтаймыз. Күрделі және орташа жөндеумен 3,4 мың шақырым жол қамтылады. Жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрлерімен 4 мың шақырым жол қолға алынып, соның 3 мың шақырымын толық аяқтаймыз деген жоспарымыз бар, – деді комитет төрағасының орынбасары.
«Реконструкциялау бойынша жұмыстар 17 жобада жүргізіліп жатыр. Солардың аясында алдағы жылға дейін іске асыру мерзімімен 3,6 мың шақырым жол қамтылатын болады. Бүгінгі күнде Орталық – Оңтүстік дәлізін дамыту шеңберінде Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Құрты – Қапшағай телімдерін реконструкциялау жалғасып жатыр. Бұл магистральдегі 946 шақырымының 543 шақырымы биыл пайдалануға беріледі. Осы кезде Қарағанды – Балқаш телімі бойынша 281 шақырым, ал Балқаш – Бурылбайтал – Құрты бөлігінде 262 шақырым жолда қозғалыс ашылған. Ағымдағы жылы 67 шақырымды құрайтын Құрты – Қапшағай учаскесінде жұмыстар жалғасуда», деген ол биылғы жылдың соңына дейін үлкен магистральдің жөндеу жұмыстарын біржола тиянақтап, алдағы 2024 жылы осы «Орталық –Оңтүстік» дәлізі бойынша қозғалысты ашуды жоспарлап отырғандарын айтты.
Еліміздің оңтүстік-шығыс өңірінде ұзындығы 768 шақырымды құрайтын Талдықорған – Өскемен автомобиль жолын реконструкциялау қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл желіні де пайдалануға беру келесі жылға жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ еліміздің батысында ұзақтығы 819 шақырым болатын Ақтөбе – Атырау – Астрахань дәлізін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұлармен бірге, осы жылы 440 шақырымдық Қандыағаш – Мақат – Атырау теліміндегі жөндеу жұмыстары аяқталатын көрінеді. Қазірдің өзінде онда қозғалысқа жол ашық екен. Ал Ақтөбе – Қандыағаш учаскелері бойынша қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Атырау – Астрахань (277 шақырым, 123 шақырым қозғалыс ашылды) телімі бойынша жыл соңына дейін 40 шақырым жолды жөндеп, бүкіл ұзындығы бойынша қозғалыс ашылып, келесі 2024 жылы пайдалануға беріледі.
Қызылорда – Жезқазған автожолын қайта жаңарту жобасы екі негізгі бөліктен тұрады. Ұзындығы 218 шақырым болатын Қызылорда облысының аумағымен өтетін телімде құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылы басталған еді. Аталған учаскелерде жол жұмыстарын мына мердігер ұйымдар жүргізеді: «Longjian Road and Bridge Co. Ltd, China Civil Engineering Construction Corporation», «Қыран» ЖШС, «Guizhou Highway Engineering Group Co», «Stecol Corporation». Бұл ретте Қызылорда қаласын аралау учаскесінде алдағы сәуір айында қайта конкурс жариялау жоспарлануда. Жалпы, бүгінде жер төсемін, жасанды құрылыстар мен негіз қабаттарын салу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұйыртса, бұл учаскелердегі жұмыстарды да аяқтау 2024 жылға жоспарланған. Сонымен қатар Ұлытау облысы бойынша жол учаскелерінде мердігерлік ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Әуезханұлы.
Ведомство өкілі қазіргі кезде үш бірдей әлеуетті жобалар қолға алынып отырғанын жеткізді. Біріншісі – 13 телімнен тұратын Атырау – Орал магистралі. Бұл жолдың ұзақтығы 521 шақырым. Екіншісі – «Жезқазған – Қарағанды» тасжолы. Бұл екі аралық 513 шақырымды құрап, 12 учаскеден тұрады екен. Үшіншісі – жеті телімге бөлінген 262 шақырымдық Ақтөбе – Ұлғайсын автожолы. Аталған ауқымды үшеудің де жобалау жұмыстары биыл мәреге жететін көрінеді.
«Ағымдағы жылы республикалық бюджет қаражатынан 30 млрд теңге бөлінді. Соның есебінен жыл соңына дейін автожолдың бүкіл ұзындығы бойынша толассыз қозғалысты қамтамасыз етуді жоспарлап қойдық. Қазіргі уақытта нысандарда ағымдағы құрылыс маусымына жол-құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді А.Беков.
Жол бойындағы қызмет көрсету нысандары
Қазіргі таңда республикалық магистральдер бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту жұмыстары да жоспарға сай жүргізіліп жатыр екен. Жалпы, үлкен жолдар бойында 1 634 нысан бар дейді. Соның 74 пайызы ұлттық стандарт талаптарына сай келеді. Енді осы жылы тағы 78 қызмет көрсету нысаны іске қосылады-мыс. Оның 53 объектісі жеке инвестицияларды тарту есебінен жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ тиісті жерлерге реконструкциялау мен жөндеу шеңберінде 25 санитарлық-гигиеналық торап қойылады. Бұл ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетін қызмет көрсету нысандарының үлесін 82 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту мақсатында былтыр жергілікті атқарушы органдардан 10 пайыз мөлшерінде субсидиялар қарастырылған болатын. Нәтижесінде санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға айына 83 мың теңге көлеміндегі шығындарды өтеу бойынша мемлекеттік қолдау тетігі іске қосылды. Сонымен қатар бүгінде жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу үшін жер беру рәсімін оңайлату мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
Жергілікті желі
Өңірлердің орталықпен ішкі көліктік байланысын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті автожолдар желісін дамыту істері де қалыпты жүргізіліп жатыр. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар, сондай-ақ қала ішіндегі көшелер желісін дамыту, жөндеу және күтіп ұстау жергілікті атқарушы органдардың құзырында екенін атап өткен жөн.
– Бүгінгі таңда 70 мың шақырым жергілікті желі жолдарының 85 пайызы нормативтік жағдайда. Бұл 59,5 мың шақырымды құрайды. Биыл жергілікті маңызы бар жолдардағы құрылыс, реконструкция және жөндеуге 353 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 154,5 млрд теңге, жалпы сипаттағы трансферттер – 147,6 млрд теңге. Ал жергілікті бюджеттен 51 млрд теңге қарастырылған. Бөлінген осы қаржылар есебінен 4 мың шақырымға жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Сөйтіп, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін республика бойынша орташа есеппен 87 пайызға дейін жеткізілетін болады, – деді комитет төрағасының орынбасары.
Жол сапасы да басты назарда
Әлемдегі озық мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене келіп, жол-жөндеу жұмыстарының сапасына және автожолдардың бүгінгі жай-күйін диагностикалауға баса ден қойылуда. Республикалық жолдар бойынша атқарылған жұмыстар мен материалдардың сапасына жасалған сараптама республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады және бүкіл желіні толықтай қамтиды. Бұдан бөлек бүгінде ЖАО-мен жергілікті маңызы бар жолдар, сондай-ақ елді мекен көшелерін сараптамамен қамту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында саланы реформалау жолымен жаңа тәсіл пысықталды.
Бүгінгі таңда заңнамада бірқатар түзетулер қабылданды. Мәселен, ұлттық сапа орталығына елді мекен көшелерін жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу өкілеттігі берілді. Өйткені халық шағымдарының басым бөлігі елді мекен көше жолдарының сапасына байланысты болады. Өкінішке орай, нормативтік жағдайдағы жолдардың көрсеткіші 3 өңірде орташадан төмен. Олар Батыс Қазақстан облысында – 46, Ақтөбе мен Атырау облыстарында – 72 пайыздан.
Баспасөз мәслихатында тағы бірқатар мәселелер пысықталғаны атап айтылды. Біріншісі – жобаларды іске асыру кезеңдерін оңтайландыруға мүмкіндік беретін ФИДИК қағидаттарын енгізу. Түсінікті болуы үшін айтарымыз, ФИДИК ережелеріне сәйкес үлгілік шарттар жасалады, мамандардың өзара іс-әрекеті жеңілдетіледі, әрбір қатысушының іс-әрекеті мен жауапкершілігі белгіленеді, жоба қымбаттаған жағдайда эскалация қолданылады. Екіншісі – EPCM келісімшарты қағидатына көшіру. Аталған қағидат бойынша бір орындаушы жобаның толық өмірлік циклін жүзеге асырады. Сондай-ақ жоба құны қымбаттаған жағдайда барлық тәуекелдер мен жауапкершілікті өз мойнына алады. Үшіншісі – Ұлттық сапа орталығымен жергілікті желі жолдарының сапасын сараптау жөніндегі бірыңғай шартты қабылдау, яғни жергілікті атқарушы органға қарамастан объектілерді пайдалануға қабылдау бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Бұл еліміздің барлық автожол жобаларында құрылыс технологиясын сақтай отырып, пайдаланылатын материалдардың сапасын және мердігерлік ұйымдардың тәртібін арттыруға мүмкіндік береді. Төртіншісі – саланың нормативтік-техникалық базасын жетілдіру, мұнда қолданыстағы 1200 стандарт 50 негізгі ГОСТ пен стандарттарға оңтайландырылып, жаңартылатын болады. Осылайша, жаңа дәлелденген және сыналған материалдар мен технологиялар тізілімі де жаңарады.