Қайғыны бөліссе – азаяды

0
378

Жойқын жер сілкінісі болған Газиантеп провинциясында қирап қалған көпқабатты тұрғын үй үйін­дісінің астынан қазақстандық құтқарушылар 3 адамды шығарып алды. Барлығы дін аман. Өкінішке қарай, Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар санын естудің өзі ауыр. Осы елдің президенті Режеп Тайип Ердоған: «Қазіргі уақытта қаза тапқандар саны – 14 014, жараланғандар саны 63 794-ке дейін жетті», деп хабарлады. Қазір Түркия билігінің алдында тұрған бас­ты міндет – қирандылар астында тірі қалған адамдарды құтқару. Осы мақсатпен мұнда әлем елдерінен құтқару топтары ағылып келіп жатыр.

Құтқарушылар қиындықты еңсеруде

ТЖМ хабарламасы бойынша қа­зақ­­стандық құтқарушылар Газиан­теп­те құлаған тоғыз қабатты үй қиран­ды­ла­рының астынан бір қарт адам мен екі жас жігітті шығарып алған. Қазір олар медицина қызметкерлерінің қара­уында. «Қажетті жұмыстар үзіліс­сіз екі тәулік бойы жүргізілді. Кон­с­трук­­циялардың құлау қаупі өте жоға­ры, құт­қарушыларымыз аса күрделі жағ­дай­лар­да жұмыс істеп жүр, шегін­ген жоқ. Үйінді астындағы адамдар­ды анықтау үшін кинологиялық топтар мен арнайы іздеу құралдары қол­да­ны­лды», делінген хабарламада.

Қазір Түркияда қызмет етіп жүрген Қазақстан азаматы, Халықаралық Тү­рк­­сой ұйымының өкілі Бақытжан Омаров қазіргі кезде құтқарушылармен бірге жүр. Оның айтуынша, құт­қа­­рылғандар – бір отбасының мүше­ле­рі. Әкесі және екі ұлы, ал анасы әзірге табылмай тұр. Жерлесіміз жалпы Газиантептегі жағдайды баяндап, жер сілкінісінен қатты зардап шеккен ай­мақ­тарға халықаралық көмек көр­се­ті­ліп жатқанын жеткізді.

– Біз Қазақстаннан келген құтқару­шы­ларға көмектесіп жатырмыз. Екі ортада тілмаш қызметін атқарып, сон­дай-ақ дәл қазір қажетті 350 шатыр құр­дық. Жер дүмпуі Газиантепте әлі де толықтай сейілген жоқ. Елден келген құтқарушылар тобы аянбай еңбек етіп жатыр. Түркия халқы болса қазақ халқына алғыстарын жаудырып, риза болып жатыр. Көмек барлық әлемнің әр түпкірінен ағылып келіп жатыр, – деді Бақытжан Омаров.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Мемлекет басшысына бер­ген есебінде «Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің қызметкерлері қиын жағ­дай­лар­ға қарамастан, жергілікті атқа­ру­шы органдармен тығыз байланыса отырып, жоғары кәсібилік танытып, өз міндеттерін нәтижелі атқарып жатыр. Әзірге аман қалған 4 адам құтқарылды. Құтқарушылар мен кинологтер тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін кеше таңертең Хатай қаласына келді», деді.

 

Қайырым жасаушылар қатары көбейді

Ел құтқарушылары күрделі нысандарда қызмет атқарып жатыр. Олар іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан жерге жақын маңда үрлемелі палатка орнатқан. Онда мамандар жер сілкінісі кезінде зардап шеккендердің туыстарын орналастырады, қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетеді. Еске салсақ, құтқарушылардың екінші тобы да Газиантеп қаласына аттанған еді. Кері рейспен 64 адам – 42 Қазақстан және 22 Қырғызстан азаматы Астанаға келді. Олар елге Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакыр, Шанлыурфа және Элязык провинцияларынан оралды. Осылайша ТЖМ-нің жеке құрамы Түркия елінде адамдарды құтқаруға күш салып жатса, Қазақстан азаматтары да көмек беруді жалғастырып жатыр.

Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи мәлімдегендей, «Жой­қын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Респуб­ли­касының азаматтарына қаражат жинауға арналған шотқа» Қазақстан азаматтарынан 90 мың доллар қаржы жиналған.

– Біз Қазақстан мемлекеттік би­лі­­гінің осындай қолдау көрсе­тіп, де­реу көмек көрсету шараларын қолға алғанына өте қуаныш­ты­мыз. Қа­­ра­пайым азаматтар да өз мүм­кін­дік­те­рі­не қарай үндеу қабылдап, Түр­кия­дағы елшілік пен бас консулдыққа гу­манитарлық көмекке заттарды әкеле бас­тады. Қазақстан халқы қаржылай көмек көрсетуге дайын. Олар зардап шеккендерге жіберу үшін қаражат жи­науға шот ашуға кірісті, – деді елші Түркияны қолдаған Қазақстан хал­қы­на алғысын білдіріп.

Бұған қоса Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің үйлестіруімен Ұлт­­­тық волонтерлер желісінің «Bir­ge­miz» волонтерлер фронт-офи­сі де есепшот ашып, қаржы жинап жатыр. Сонымен қатар олар гу­ма­ни­тар­лық кө­мек те жі­бер­мек.

– Біз елшілікпен байланысып, қажет­ті заттарды сұрап алдық. Қазір әр өңір­лердегі кеңселерімізде жамылғы көр­пе­лер, ұйықтауға арналған қаптар, термос, қол шамы, пауэрбанк, жеке гигиена құралдары, қысқы киім (ере­сек­тер мен балаларға, заттар жаңа болуы керек), пальто-курткалар, жаң­бырға арналған жамылғы, етік, жемп­ір, шалбар, қолғап, шарф, қал­пақ, шұлық секілді аса қажетті заттарды жинап жатырмыз. Қамқор адам­дардан жиналған алғашқы көмек қа­был­дау пункттеріне келіп жатыр. Қа­зір біз жиналған заттарды ұшақпен жет­кі­зу үшін келіссөз жүргізіп жатырмыз. Алғашқы легін Түркияға ертең жеткіземіз деп жос­­­парлап отырмыз, – деді республикалық «Birgemiz» во­лонтерлер фронт-офисінің жоба үй­лес­тірушісі Айбек Досымбетов.

Елдегі белсенділердің бірқатары Түркияға киіз үй жеткізу мәселесін айтып, халыққа үндеу жариялаған еді. Бұл бастаманы көпшілік қолдай қоймаған сыңайлы, себебі әлеуметтік желілерде қарсы пікірлер айтылып жатыр. Мәселен, әлеуметтік желі пайдаланушылардың бірі, журналист Еркеғали Бейсенов киіз үйдің баспана екенін ескертіп, оны төтенше жағдайлар кезінде пайдаланатын жиналмалы шатыр деңгейіне түсірмеу керектігін айтады. «Төтенше жағдайға баспана емес, көпкісілік палаткалар арналған. Екіншіден, 3 млн теңге тұратын бір киіз үйдің орны­на 600 мың теңгеге 20 адамдық бір палатка алған әлдеқайда тиімді. Тасы­мал­дау­ға да оңай. Сонда түрік ағайын­дарға апаратын уақытша па­наның саны жағынан да ұтар едік. Киіз үй сүйегінің ағашы, оларды жымдастыратын қайыс, сыртқы киізін басу, арқанын есу, осының бәрі – қолөнер өнімі. Оны жасау да оңай емес», дейді ол.

Ал Айбек Досымбетовтің айтуынша, Түркияның біздің елдегі елшілігі де киіз үйден гөрі палаткалар жеткізуді құп көріп отыр.

– Киіз үйлерді тасымалдау жағы қиындық туғызады. Барған күннің өзінде де оларды Түркия елінде қалай құрамыз, кім құрады деген мәселе бар. Біз палатка жинап, жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Десек те, «Түркияға 100 киіз үй» науқанын бастап берген бір топ белсенді азамат кеше жойқын жер сілкінісі болған жерге 100 емес, 120 киіз үй жөнелтілетінін хабарлады

 

Әлем елдері де көмек қолын созды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтүстігінде болған жер сілкінісі салдарынан қаза тапқан­дар саны 20 мыңнан асуы мүмкін деген болжам жасады. ДДСҰ баға­лауы бойынша, зардап шеккен аумақ­­тарда барлығы 23 миллионға жуық адам тұрады. Сирия демекші, кеше Мемлекет басшысы үкіметке Ислам ынты­мақтастық ұйымы арқы­лы Си­рияға гуманитарлық көмек жібе­руді тапсырды. Сондай-ақ Қытай үкі­­меті де зардап шеккен екі елге шұ­ғыл көмек көрсетіп, гумани­тар­лық көмек жібермек. Бұл тура­­лы Қытайдың Халықаралық даму және ынтымақтастық ұлттық агент­тігі ди­рек­торының орынбасары Дэн Боцин хабарлады. Ол ҚХР Түркияға 40 миллион юань (шамамен 5,89 миллион АҚШ доллары) көлемінде алғашқы жедел жәрдем партиясын жіберетінін хабарлады. Ал халықаралық даму және ынтымақтастық ұлттық агенттігі директоры орынбасарының айтуынша, Қытай Сирияға гуманитарлық көмек ретінде қазір азық-түлік жеткізуді қарастырып жатыр. Сондай-ақ РФ президенті Владимир Путин үкіметіне іздеу-құтқару жұмыстарымен айналысатын ресейлік топтардың санын көбейтуді тапсырды. Мәліметтерге сәйкес қазір Ресейден Түркияға жі­бе­рілген төтенше жағдайлар брига­да­сындағы мамандар саны 150-ден асқан.

Ал Грузия Түрік мемлекетіне 40 адамнан тұратын іздеу-құтқару тобын жіберді. Олар Адьяманда жұ­мыс істейтін 60 адамнан тұратын бірінші топпен бірге іздеу-құтқару жұ­мыс­тарына қатысады. Ирак үкіметі болса екі елге әуе жәрдем дәлізін құрып, жедел жәрдем жүктері тиелген алғашқы ұшағын жіберді. Мұндай көмек Түркия мен Сирияға күн сайын екі ұшақпен жіберілетінін айтады билік өкілдері. Германия апат болған барлық аймаққа шатырлар, ұйқы қаптары, көрпе, лагерь төсектері, жы­лыт­қыштар мен гене­раторлар салын­ған 80 тонна жүк жуық арада жет­кізі­ле­тінін мәлімдеді.

Сонымен қатар Сальвадор Түр­кияға 100-ден астам іздестіру-құт­­қару қызметкері мен құтқару ит­те­рін жіберсе, Солтүстік Кипр Түрік Рес­пуб­ликасынан іздеу-құтқару жұ­мыстарына пайдалану үшін 100 ауыр жүк көлігі жолға шыққан. Бұған қоса Грекия 5 ұшақпен гуманитарлық көмек жібермек. Жапония премьер-ми­нистрі Кисида Фумио болса Түр­кия­ға құтқару топтарын бірден жі­бер­генін мәлімдеді, ендігі жерде ха­лықтың қажеттіліктеріне қарай көмек беретінін жеткізді. Оңтүстік Аф­рика үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері мен еріктілері керек-жарақ құрал­дары­­­­­мен Кахраманмарашқа аттанды. Ливия үкіметі де гуманитарлық көмек көрсететінін хабарлады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ