Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ГлавнаяНовостиЭкономика

Айдарбек Сапаров: Қазақстан Еуразияның негізгі азық-түлік орталығына айналуға дайын

gov.kz

Тәжікстанда «Жастар, ғылым, инновациялар және инвестициялар» халықаралық форумы аясында ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік конференциясының 35-сессиясы өтті.

Басты мақсат– аграрлық азық-түлік жүйелерін тұрақты дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша өңірлік диалогты нығайту.

Конференция жұмысына еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы Бас директоры Цюй Дунъюй, Тәжікстанның Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстанның, Түрікменстанның, Қырғызстанның және Әзербайжанның ауыл шаруашылығы министрлері қатысты.

Айдарбек Сапаров «Орталық Азия: өңірдің “астық қоймасы” ретіндегі әлеуетін ашу – инвестициялар мәселелері жөніндегі министрліктік диалог» сессиясында сөйлеген сөзінде қазіргі жаһандық сын-қатерлер аграрлық салада күш біріктіруді және тұрақты тәсілдерді енгізуді талап ететінін атап өтті.

«Қазақстан ФАО-мен көпжылдық әрі сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалайды. ФАО — Қазақстан серіктестік бағдарламасы аясында селекция және тұқым шаруашылығы, молекулалық технологияларды енгізу, дәлме-дәл егіншілік құралдарын пайдалану бағытындағы жобалар табысты жүзеге асырылуда. Бұл астық өндірісінің өнімділігін арттыруға және оны климаттық өзгерістерге бейімдеуге ықпал етеді», – деді министр.

Бүгінде Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі жүйесінде стратегиялық маңызды орынға ие және әлемдегі ірі астық өндіруші елдердің қатарына кіреді.

2025 жылы қатарынан екінші жыл 27 млн тонна астық, 5 млн тоннаға жуық майлы дақыл және 1 млн тоннаға жуық бұршақты дақыл жиналды. Өткен маусымның қорытындысы бойынша 15,3 млн тонна астық экспортталды.

Қазақстан астық экспорты бойынша әлемде 10-шы, ұн экспорты бойынша 2-ші, ал күнбағыс майын экспорттау бойынша 8-орында тұр. Жалпы алғанда, экспорт географиясы әлемнің 50-ге жуық елін қамтиды.

«Халық санының өсуі, климаттық өзгерістер және жаһандық нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттердің тұрақты дамуының негізгі факторларының біріне айналып отыр. Осындай жағдайда еліміз астық өнімдерін өндіру, сақтау, өңдеу және жеткізу бойынша өңірлік орталық ретінде стратегиялық орнын нығайта алады», – деп атап өтті министр.

Одан әрі Министр саланы цифрландыру мәселелеріне де ерекше тоқталды. Барлық элеваторлар бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктірілген, электрондық астық қолхаттары жүйесі жұмыс істейді, ал астық қозғалысы нақты уақыт режимінде бақыланады. Бұл тауар ағындарының ашықтығын қамтамасыз етіп, көлеңкелі айналымды азайтуға және өнім сапасын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Ол мал басын көбейтуге, саланың экспорттық әлеуетін арттыруға және ішкі нарық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сөз соңында Айдарбек Сапаров Қазақстанның Еуразиядағы негізгі азық-түлік орталықтарының бірі ретінде мәртебесін нығайтуға қажетті барлық ресурстарға ие екенін баса айтты. Сондай-ақ еліміз Орталық Азия, Таяу Шығыс, Еуропа және әлемнің басқа да өңірлеріне астық пен оны қайта өңдеу өнімдерін тұрақты, жедел әрі экономикалық тұрғыдан тиімді жеткізуге дайын екенін айтты.

Конференция аясында тақырыптық көрме ұйымдастырылып, онда Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы өзінің ақпараттық тақтасын орналастырды.

Сессия барысында қатысушылар аграрлық азық-түлік жүйелерін тұрақты дамытуға қатысты негізгі мәселелерді ортаға салып, конференцияның күн тәртібін бекітті, сондай-ақ сессия төрағасы мен сессияда баяндама жасаушыларды сайлады.

Сәйкес жаңалықтар

По маршруту недовольства

zamandas69@mail.ru

Свыше 4 тысяч общественных структур участвуют в укреплении межэтнических отношений

Олжас Бектенов провел совещание по вопросам совершенствования системы здравоохранения