Қайрат Сатыбалды екі айға қамауға алынды

0
358
Сатыбалдыға қатысты “Қазақтелеком” АҚ қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Тұңғыш президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына сілтеме жасап.
“2022 жылдың 15 наурызында Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты 2 айға қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасына санкция берді”, – делінген ресми хабарламада.
Сот мамандарының айтуынша, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуге қатысты мәліметтерді жариялауға болмайды.
Айта кетері, 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Ол “Қазақтелеком” АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Қайрат Сатыбалды Алматы облысының аумағында ұсталған. Ол Дубайға ұшып кетпек болды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ