Алматы әкімдігі крематорий салған мердігерді сотқа берді
Алматы қаласының әкімдігі әлі ашылмаған қалалық крематорийге инженерлік коммуникация жүргізуге тиіс мердігерді сотқа берді. Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасы хабарлады.
Ведомство мәліметінше, крематорий құрылысының бас жоспары екі тәуелсіз жобаға (ғимарат құрылысы және инженерлік желілердің құрылысы) бөлінген. Ал ғимараттағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылғы желтоқсанда аяқталды.
Крематорийдің толыққанды жұмыс істеуі үшін сыртқы желілер бойынша жоба түзетуге жіберілді. Түзету газ құбыры магистральдық желісінің тозуына байланысты жүргізілді. Сыртқы желілер бойынша жұмыстар аяқталу сатысында 95 пайыз орындалды. Шарттың қолданылу мерзімінің аяқталуына және шарттық міндеттемелердің тиісті түрде орындалмауына байланысты, 2023 жылғы 20 желтоқсанда Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС мердігерлік ұйымын (МАЭС) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және Алматының жергілікті бюджетінің кірісіне тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап арыз берілді, — деп мәлімдеді қала әкімдігі.
Қазір сот процесі жүріп жатыр. Оның нәтижелері қосымша хабарланады.
Айта кетсек, Қазақстандағы алғашқы крематорий Алматының Алатау ауданында орналасқан.